Accessibility links

Өзбекстандағы өзгерістер "жылымықты" білдіре ме?


Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовтің Ташкенттегі ескерткіші.
Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовтің Ташкенттегі ескерткіші.

Өзбекстанда саяси көзқарасы үшін түрмеге қамалған оннан астам адам бостандыққа шығып, отбасына оралды. Тағы да мыңдаған адам қауіпсіздікке жауапты мекеменің қара тізімінен сызылды. Бірақ, құқық қорғаушылар мен бақылаушылар "ірі көлемде реформа басталды деп айтуға әлі ерте" дейді.

Осы аптада Өзбекстан билігі танымал құқық қорғаушы Ғанихон Маматхоновты түрмеден босатты. "Алаяқтық" және "пара алу" айыптары бойынша сегіз жылға қамалған құқық қорғаушыға шығарылған сот үкімінің саяси астары бар деп санайтындар да болды.

Ғанихон Маматхонов тәрізді қамауда отырған бірқатар белсенділер мен оппозициялық қайраткерлер, журналистерді Өзбекстанда билікке Шавкат Мирзияев келгеннен бері түрмеден шығара бастады.

Сегіз жыл түрмеде отырып шыққан өзбек құқық қорғаушысы Ғанихон Маматхонов. 16 қазан 2017 жыл.
Сегіз жыл түрмеде отырып шыққан өзбек құқық қорғаушысы Ғанихон Маматхонов. 16 қазан 2017 жыл.

Президент әкімшілігі діни экстремист болуы мүмкін деген күдікке іліккендер енгізілген "қара тізімнен" 16 мыңға жуық адамды сызып, олардың әлеуметтік тұрғыда оңалуына жәрдемдесуге уәде берді.

МИРЗИЯЕВТІҢ ЖАҢА ШЕШІМДЕРІ

Тікелей эфирде ток-шоу өткізу, шетелге шығу визасынан бас тарту туралы уәдені қоссақ мұның бәрі марқұм Ислам Каримов сияқты емес, қазіргі президент либералды саясат ұстануға бейіл басшыдай әсер қалдырады. Құқық қорғаушы топтар мен сарапшылар биліктің бұл әрекеттерін мақұл көреді, бірақ әлі де ауқымды, негізді реформалар жүргізу керектігін ескертеді.

"Бұның бәрі үміт тудырады", - дейді Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Стив Свердлоу. HRW 10 елеулі тұлғаның бостандыққа шыққанын айтады.

Бұрынғы заңгер Самандар Куканов 23 жыл, тәуелсіз журналист және оппозиция жетекшісінің бауыры Мухаммад Бекжан 18 жыл түрмеде отырған соң еркіндік алды. Жақында тәуелсіз журналист Солиджон Абдурахмонов пен құқық қорғаушы Ағзам Фармонов та ақталып шықты.

Өзбекстандық құқық қорғаушы Ағзам Тургуновтың түрмеден босаған сәті. 7 қазан 2017 жыл.
Өзбекстандық құқық қорғаушы Ағзам Тургуновтың түрмеден босаған сәті. 7 қазан 2017 жыл.

"Бостандыққа шыққандар саны Каримов тұсындағымен салыстырғанда әлдеқайда көп, ол кезде жылына орта есеппен бір-екі саяси тұтқын ғана шығатын", - дейді Свердлоу. Алайда, сарапшының айтуынша, мыңдаған адамның саяси себеппен түрмеде жатқанын есепке алсақ, бұл көңіл көншітер сан емес. Свердлоудың ойынша, алдағы уақытта әлі де біраз адам еркіндікке шығуы әбден мүмкін, себебі, желтоқсанның 8-і күні Өзбекстан конституциясының 25 жылдығын атап өтеді.

Бостандыққа шыққандар саны Каримов тұсындағымен салыстырғанда әлдеқайда көп, бұрын жылына бір-екі саяси тұтқын ғана шығатын.

Өзбек билігінің халықпен санасуға ұмтылуының бір көрінісі – мемлекет қатаң бақылайтын телеарналардан тікелей эфирде ток-шоу өткізу қолға алынды, ол жерде үкіметтік шенеуніктер журналистермен пікірсайысқа түседі.

Сәуір айында Мирзияев көпшіліктің алдында мемлекеттік телеарналардың лауазымды тұлғаларды мадақтағанды доғарып, қарапайым халықтың мәселесіне көңіл аударуын талап еткен еді. Алайда, тамыз айында билік ток-шоуды тікелей эфирде көрсетуге кенеттен тыйым салды.

Өзбекстан билігі 2019 жылдың қаңтарынан бастап шетелге шығу визасынан бас тартамыз деп те мәлімдеді. Шетелге шығу визасын билік үкіметті сынайтын адамдарды шетелге жібермеу үшін қолданады. Бір жағынан, жемқор шенеуніктер осыны пайдаланып, пара алады.

Каримовтен тағы бір айырмасы – Мирзияев көршілерімен тату болуға тырысып жатыр: шекараны ашып, көлік қатынастарын қалпына келтірді, визалық рәсімдерді де жеңілдетті.

"ЖЫЛЫМЫҚ ДЕУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ"

Мирзияев Түркіменстан, Қазақстан мен Қырғызстанда бірнеше рет сапармен болды, сауда және инвестициялық келісімдерге қол қойып, шекаралық дауларды шешті. Өзбек билігін бақылаушылар бұны "жылымық" деп атайды.

"Бұл әрекетіне қарап Өзбекстанда демократия мен адам құқығында жетістіктер болып жатыр деуге келмес, дегенмен мемлекеттің тым кенжелеп қалғанын ескерсек, осының өзі айтарлықтай маңызға ие", - дейді Вашингтондағы халықаралық республикалық институты директорының Еуразия бойынша орынбасары Бахтиор Нишанов.

Саяси тұтқындардың көбі түрмедегі мерзімін толықтай отырды, бірақ Нишановтың айтуынша, Каримов кезінде олардың уақытын тағы созатын. Өзбекстан мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын әлі де қатаң бақылайды, тәуелсіз БАҚ пен саяси тұрғыда басқаша ойлайтындардан толықтай құтылды. Мирзияевке қоғам алдында сын айтып, оның саясатын сынауға екінің бірінің жүрегі дауаламайды.

Бұхара қаласы маңындағы Отбозор түрмесі.
Бұхара қаласы маңындағы Отбозор түрмесі.

Жақында бостандық алғандар мен олардың отбасының пікірлеріне сүйене отырып, Свердлоу Өзбекстанда тұтқындарды ұрып-соғу, дөрекі қарым-қатынас жасаудың әлі де көп екенін айтады.

Мысалы, бұрынғы тұтқындардың бірі Свердлоуға сәуір айында Бекобод түрмесінде абақты қызметкерінің тұтқындарды "аяусыз ұрғанын" айтқан, сірә, адам құқығы жөніндегі омбудсмен келгенде шағымданбасын десе керек.

Свердлоу тамыз айында Өзбекстанға барғанда биліктің бұрын-соңды болмаған кеңшілік танытуының арқасында HRW өкілдері жоғары лауазымды үкіметтік шенеуніктерге, азаматтық белсенділер мен қазіргі саяси тұтқындардың отбасы мүшелеріне жолыққанын айтады.

"Тұтқындарға қатігездікпен қарағаны үшін, белсенділерді заңсыз тұтқындап, адамдарды қара тізімге алғаны үшін жауапқа тартылған шенеунік бар ма?" деген сауалға жауап табылмады.

Мирзияев соңғы жиырма жыл бойы Каримовтың үзеңгілес серігі болды, 2003 жылдан бастап премьер-министр қызметін атқарды. Осы жылдарда оның демократиялық реформаларды қолдайтыны еш байқалған емес.

Сарапшылар "Мирзияев шетел алдында Өзбекстанның имиджін көтеруге тырысады" дегенге бірауыздан келіседі, қалай болғанда да ол ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тартуға күш салып жатыр.

IHS Country Risk Analysis and Forecasting ұйымының аға сарапшысы Алекс Меликишвилидің пікірінше, түрмеден босату мен "қара тізімнен" шығару – жеңіл-желпі шара, әйткенмен, Ташкенттің әлеуметтік бақылауды азайтуға бел буғаны байқалады.

Өзбекстандық тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев.
Өзбекстандық тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев.

Бірақ, қыркүйек айында биліктің тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаевты қамауға алғаны тәрізді бірқатар шаралары "жылымық туралы айтуға әлі ерте екенін көрсетті" дейді Меликишвили.

Меликишвили мен Нишановтың айтуынша, Мирзияев билікті Каримов тұсында құрылған қауіпсіздік қызметі мен саясат және бизнеске ықпал ететін адамдар бақылайтынын мойындайды. Меликишвили Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҰҚҚ) жетекшісі Рустам Иноятовты реформаны "тежеуші күшке" балайды.

"Мирзияевтің Иноятовты әлсіретуге тырысып, ішкі әскерді ҰҚҚ қарамағынан алып, ішкі істер министрлігіне бергеніне қарамастан, қауіпсіздік қызметі мен құқық органдарында оның реформасына қарсылар көп", - дейді Меликишвили.

Өзбекстандағы аталған өзгерістер саяси тұтқындарды босату мен сөз еркіндігіне сәл рұқсат берумен шектеле ме, жоқ па – ол жағын Мирзияевтің өзі ғана біледі. Егер бәрі сонымен бітсе, "Шавкат Мирзияев Өзбекстанға оң өзгеріс әкелді" дейтіндер аз болмақ.

XS
SM
MD
LG