"Арқадағ" ("Жарылқаушы") деген атағы бар Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов елмен араласқанды онша ұнатпайтын тәрізді. Бәлкім, оны "Гарасөймез" ("Жалғыз") деп атаған дұрыс шығар? 2017 жылғы мамыр айынан бері бірқатар ірі халықаралық шараларға қатысатын мүмкіндігі болғанына қарамастан, Бердімұхамедов олардың ешбіріне барған емес. Ол соңғы кездері елден ұзап шықпауды ұйғарғанға ұқсайды.
Маусымның 14-інде Бердімұхамедов Мәскеудегі әлемдік футбол чемпионатының ашылу салтанатына да қатыспады (бәлкім оған шақырылмады). Шараға Орталық Азияның Түркіменстаннан басқа төрт елінің президенттері түгел қатысты.
Бердімұхамедов Түркімен билігі таратқан видео және фотоматериалдарда спортқа жаны құмар басшы бейнесінде көрінеді. Оларға қарағанда, Арқадағ командалық спорт түрлерінен гөрі велосипед тебу, кір көтеру, велосипедте кетіп бара жатып кәрзеңкеге допты дәлдеп тастау тәрізді саяқ ойнайтын спорт түрлеріне жақын тәрізді, бәлкім, сондықтан ол футболды ұнатпайтын шығар.
Өзі әнші, өзі атбегі, өзі атлет:
Маусымның 12-сінде Түркияның Ескішехир қаласында өткен Транс-Анатолия табиғи газ құбырын (TANAP) іске қосу салтанатында Түркіменстан президентінің болмауы оғаштау жағдай боп көрінді. Түркіменстан – газ экспорттаушы немесе сондағы болуға талпынып жүрген ел. Қазір бұл ел тек Қытайға ғана газ сатып отыр. Ұзақ жылдардан бері Ашғабат қойнауындағы мол газды Еуропаға сатуға күш салып келген. TANAP сынды тасымалдаушы құбырдың жоқтығы Түркіменстанға қолбайлау болған еді.
Бастапқы кезеңде TANAP арқылы жылына 16 миллиард текшеметр газ тасымалдау жоспарланған, ал 2026 жылға қарай оның қуаты 31 миллиард текшеметрге дейін артып, кейін тіпті 60 миллиард текшеметрге дейін жетпек. Әзербайжанның газ өндірісі де ұлғайып келеді, әйткенмен бұл ел ішкі тұтынуды да еселеп отыр. Әзербайжан жалғыз өзі бұл құбырды толтыра алмасы анық, сондықтан осы құбырмен түркімен газы да тасымалданады деген сөз жиі айтылады.
Алайда, түркімен газын Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға жеткізу үшін бәрібір Транс-Каспий құбырын (TCP) салу керек болады, бұған дейін Бердімұхамедов осындай жобаны жүзеге асыру туралы сеніммен айтып келген.
Маусымның 2-і күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркіменстандық әріптесіне телефон шалып, оны TANAP-ты іске қосу салтанатына қатысуға шақырған. Бірақ маусымның 12-і күні Бердімұхамедов ол жиынға бармады. Егер шараға қатысқанда, ең болмағанда Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен сөйлесіп қайтар еді.
Ресей Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы көптен күткен келісімге жағалаудағы бес ел (Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан, Қазақстан және Иран) биыл күзде құжатқа қол қоюға жақын қалғанын айтып отыр. TANAP жобасының ашылуы – Бердімұхамедовке Әлиевпен кездесіп, болашақтың жайын талқылауға үлкен мүмкіндік болған еді. Бәлкім, Бердімұхамедовтің Түркиядағы шараға қатыспауы оның TCP жобасының болашағына алаңдайтынын білдіретін болар?
АРҚАДАҒТЫҢ АЛЫС-ЖАҚЫНМЕН ҚАТЫНАСЫ
Президент Бердімұхаммедов наурыздың 15-інде Астанада өткен Орталық Азия елдерінің саммитіне де қатысқан жоқ. Мұның орнына ол Түркіменстанның газ экспорттау жобаларына инвестиция іздеп Кувейт пен Біріккен Араб әмірліктеріне аттанды. 2016 жылғы желтоқсанда күтпеген жерден Түркіменстанның бизнес делегациясын Германияға бастап баруды ұйғарған кезден бері бұл Бердімұхамедовтің елден ең алысқа ұзап шыққан сапары болды.
Ол 2017 жылғы мамырда Сауд Арабиясында АҚШ президенті Дональд Трамп қатысқан мұсылман елдерінің саммитіне де барған жоқ. Есесіне, ол саммитке Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің президенттері қатысты. Сол тәрізді, Түркіменстан президенті мамырдың 5-і күні Пекинде өткен "Бір белдеу, бір жол" (OBOR) форумына да бармады. Қытайдың бұл аса ірі сауда және транспорт жүйесіне Түркіменстан да кіреді, осы жоба аясында мұнда теміржол мен порт салынған. Пекиндегі форумға Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары қатысты.
Әйткенмен Бердімұхамедовті мүлде үйден шықпайды деп айтуға келмейді. Маусымның соңында ол су ресурстары бойынша халықаралық форумға қатысу үшін Душанбеге баруды жоспарлап отыр. Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарынан бөлек ол сәуірдің 23-24 күндері Өзбекстанға барды, ал ақпанның 23-інде Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбырының ашылу рәсіміне қатысу үшін бірнеше сағатқа Ауғанстанның Герат қаласына табан тіреді. 2017 жылғы қазанда Сочи қаласына барып, ТМД басшыларының саммитіне қатысқан. Бұған қоса ол 2017 жылғы маусымда Астанаға барып, EXPO-2017 көрмесінің ашылуын тамашалады. Бірақ ол – ішкі есеппен жасалған сапарға ұқсайды, себебі сол жолғы сапарында ол Қазақстан президенті мен Орталық Азияның басқа да басшыларын 2017 жылы қыркүйекте Түркіменстанда жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының ашылу салтанатына шақырып қайтқан.
Түркіменстан ұзақ уақыттан бері томаға-тұйық жатқан оқшау ел болып саналады, мемлекет басшысының өзі сондай саясат ұстанып отыр. Ал елдегі экономикалық дағдарыс барған сайын тереңдей түскендіктен әрі Ауғанстанмен шекарасындағы жағдай әлі айқын емес болып тұрғандықтан, бұл елге қазір сырттың көмегі қажет-ақ.
ТҮСІНІКСІЗ СЕБЕПТЕР
Ішкі мәселелерді, әсіресе елдегі экономикалық дағдарыстың шешімін таба алмаған Бердімұхамедов Түркіменстанның газ экспорттаушы және транспорт хабы ретіндегі болашағын айқындауда міндетті түрде маңызды рөл атқаратыны күмән туғызбайтын елдердің басшыларымен араласудан өзін аулақ ұстап келеді. Арқадағтың мұндай саяқ жүруінің себебі де белгісіз.
Қазір Түркіменстан тап болған экономикалық дағдарыстың себебі – шетелдіктердің келуіне көп кедергі бар елде ақ мәрмәрдан төрт жұлдызды қонақүйлер мен жағажайда демалыс орындарын салуға, былтыр қыркүйекте өткен спорт ойындарына арнап ірі спорт кешендерін тұрғызуға, гольфты қалай ойнауды білетін адам табылмайтын елде гольф алаңдарын ашу тәрізді үлкен жобаларға миллиардтаған доллар жұмсаған президенттің шешімдеріне де байланысты болса керек. Бұл еш пайдасы болмай қалған жобалардың бірнешеуі ғана.
Бұрындары Түркіменстанды "саяқ патшалық" деп атайтын. Бірақ ел-жұртқа қиын-қыстау заман туғанда басшының саяқ өмір кешуі жақсылықтың нышаны болмаса керек.
(Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.)
ПІКІРЛЕР