Accessibility links

Қазақтың ат спорты мен медицинасы – Қытай мұралары тізімінде


Шыңжаң қазақтарының көші. 23 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Шыңжаң қазақтарының көші. 23 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Мамандар қазақтың ат спорты мен ұлттық медицинасының Қытайдағы материалдық емес мұралар тізіміне енуі ол мұралардың дамуына сеп боларын айтады.

Қытайдағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы Алтай аймағындағы қазақтардың ат спорты мен ұлттық медицинасы сол елдің бейматериалдық мұралары тізіміне енгенін Xinhua агенттігі қаңтардың 22-сі күні хабарлады. Өңірдегі қазақ азаматтары бұл тізімге енудің бірнеше себебі барын айтады. Алтай аймақтық үгіт-насихат бөлімінің қызметкері Ақай Азаттық тілшісіне​:

– Әркімге қолды болып кетіп жатқан қазақтың ұлттық мұраларын сақтап қалудың бірден-бір жолы осы болса керек, – дейді.

Оның пікірін қазақ ұлттық медицинасын Қытайдың бейматериалдық мұралары тізіміне қосуға ұсынған ұйымның – Алтай медицина мекемесінің өкілі Жанат та қостайды.

– Енді қазақтың ертеден келе жатқан тәуіптік медицинасын бүгінгі заманауи медицинамен ұштастырып, тек дәрі-дәрмек қана емес, әрқилы тәсілдерді қолдануға мүмкіндік болады, – дейді ол.

«МҰРАНЫ ҚОЛДАУҒА ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ»

Шыңжаңда тұратын этнограф-ғалым, Үрімжідегі материалдық емес мәдени мұраларды бағалайтын ғалымдар комитетінің мүшесі Жақып Мырзаханның айтуынша, Қытайдағы өзге ұлттар бейматериалдық мұраларын әуелі өлке деңгейіндегі автономиялық мұралар тізіміне кіргізеді.

Қазақтың дәстүрлі медицинасын оқытатын Шыңжаң медицина университеті. Үрімжі, 2013 жылдың ақпаны.
Қазақтың дәстүрлі медицинасын оқытатын Шыңжаң медицина университеті. Үрімжі, 2013 жылдың ақпаны.

​– Содан кейін оны мемлекеттік мұралар қатарына енгізуге жолдайды. Сол жолдау арқылы мемлекеттік мұралар қатарына енсе, бұл үлкен – жетістік, – дейді Жақып Мырзахан.

Оның айтуынша, қазақтың ат спорты мен ұлттық медицинасы Қытайдың бейматериалдық мұраларының қатарына «қазақ халқыныкі» деп тіркелген.

– Бұл – осы мұраларды болашақта өзгелердің иемденіп кетуіне жол берілмейді деген сөз. Оған қоса мемлекеттік тізімге ілінген мұраларды қолдауға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отырады, – дейді Жақып Мырзахан.

Жақып Мырзаханның сөзінше, ол қаржы мұраны жалғастырушы азаматтарға, мұраны тізімге ұсынған ұлт өкілдеріне, мұраға ие болып отырған ұйымдастырушыларға бөлінеді.

Қазақтың дәстүрлі медицинасы оқулығы. Үрімжі, Шыңжаң медицина университеті, 2013 жылдың ақпаны. (Көрнекі сурет)
Қазақтың дәстүрлі медицинасы оқулығы. Үрімжі, Шыңжаң медицина университеті, 2013 жылдың ақпаны. (Көрнекі сурет)

Үрімжідегі матариалдық емес мәдени мұраларды бағалайтын ғалымдар комитетінің мүшесі Жақып Мырзахан:

– Оларға «аталған бейматериалдық мұраның иегері» деген атақ беріледі. Яғни, өз ұлтының мәдени мұрасын қолдап дамытқаны үшін ол адамдарды жыл сайын марапаттап, шабыттандырып отырады, – дейді.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ МҰРАСЫ НАСИХАТЫ

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақ, қазір Алматы қаласында тұратын ақын Алмасбек Ахметбекұлы Шыңжаңдағы қандастарының қазақ халқы мұрасын насихаттау жөніндегі пікірлерін қолдайды.

Шыңжаңның Толы ауданында мыңдаған домбырашы бір сәтте «Кеңес» күйін орындады. Қытай, 30 мамыр 2010 жыл. Сурет www.chinanews.com сайтынан алынды.
Шыңжаңның Толы ауданында мыңдаған домбырашы бір сәтте «Кеңес» күйін орындады. Қытай, 30 мамыр 2010 жыл. Сурет www.chinanews.com сайтынан алынды.

– Шыңжаң университетінде қазақтың емдеу тәсілі туралы арнайы сабақ өтеді. Сол секілді 10 мың адамды бір демде жинап күй тартқызу немесе «Қара жорға» биін билетуі секілді әрекеттер – сол жақтағы қазақтардың ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы жанталасы, – дейді Алмасбек Ахметбекұлы.

«Қытай – өзінің тарихы мен ұлттық мұраларын дәлелдеп болған халық» деген ақын енді ол елдегі қазақ азаматтары да ұлттық мұраларын насихаттау мүмкіндіктерін пайдаланып жатқанын айтады.

Қытайда соңғы рет 2012 жылы жүргізілген халық санағы бойынша, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында 1 миллион 400 мыңнан астам қазақ тұрады. Ондағы қазақтар ұлттық мұраларын бұған дейін де бірнеше рет мемлекеттік және халықаралық деңгейде танытуға ұмтылған.

2008 жылы ол елдегі ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы 2008 жылы ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тонна қазы жасап, оны Гиннесс рекордтар кітабына енгізген. Болат Бейнелұлы ол рекордты «Қытай мемлекеті атынан тіркетуге қарсы болғанын, ақыры қазақ халқының мұрасы ретінде куәлік алғанын» айтқан.

Ал 2010 жылы Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындап, Гиннесстің рекордтар кітабына тіркелген.

Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра.
Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра.

​2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.

Қытай билігі онда тұратын өзге ұлттардың бейматериалдық мәдени мұраларын ЮНЕСКО деңгейінде тізімге енгізуге де құмар. Пекин 2008 жылы ұйғырдың мақамы мен моңғолдың ууртын дуу ән айту өнерін, 2009 жылы қырғыздың «Манас» эпосы мен моңғолдың көмеймен ән айту дәстүрін, 2010 жылы ұйғырдың машраб той дәстүрін ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне қостырған.

XS
SM
MD
LG