Қытайдың Шыңжаң аймағының Қызылсу қырғыз автономиялық округі тұрғыны Тұрдақұн Абылет өткен жылы Қырғызстан азаматтығын алған. Туыстарының айтуынша, оны Қытайда айыбы болмаса да тұтқынға алған, сондықтан олар Қырғызстан үкіметінен көмек сұраған.
Олардың айтуынша, «34 жастағы Тұрдақұн Абылет Қырғызстан азаматтығын алғаны үшін ұсталған, ал билік өз азаматын қорғауда әлсіздік танытып отыр».
Қырғызстан билігі бұл оқиғаны Тұрдақұн Абылеттің Қырғызстан азаматтығын алғанға дейін Қытай азаматтығынан шықпағанымен байланыстырады. Ал Қырғызстанға көшкен Қытайдың Шыңжаң аймағының қырғыздары туыстары мен таныстарына қысымның күшейгенін, оларды ұстап жатқанын айтады.
Бішкек тұрғыны Муслихидин Салимовтің айтуынша, «жақын досы, қытай қырғызы Тұрдақұн Абылет жоғалып кеткен, төрт ай бойы оның қайда екенін ешкім білмейді». Салимовтің сөзіне қарағанда, Тұрдақұн Абылет екі жыл бұрын Қызылсудан Қырғызстанға келіп, былтыр қазанның 25-і Қырғызстан азаматы төлқұжатын алады. Бұдан соң оның әкесі белгісіз себеппен қамауға алынғаны белгілі болды.
Қызылсу құқық қорғау органдары мен туыстары Абылетпен хабарласады, әкесін түрмеден шығарады. Бірақ сәуір айында Абылет Қытайға барады, оны шекараны өткен бетте ұстайды. Сапарға шығар алдында ол өзін қамауға ала қалған жағдайда керек болар деп туыстарының телефон нөмірін қалдырады.
Муслихидин Салимов туыстарына қоңырау шалады, бірақ қанағаттанарлық жауап алмайды.
- Оларда біздегідей сөз еркіндігі жоқ. Телефон арқылы «иә» немесе «жоқ» дегеннен басқа ештеме айта алмайды. Оның барған-бармағанын, қамалған-қамалмағанын біле алмадым. Ештеңе айтпайды. Ашық сөйлесе алмайды, жағдай солай. Қысым күшейген, тексеріс болып жатыр. Жағдайды түсінгендіктен, оларға зиян болмасын деп досым туралы ақпаратты көп сұрамаймын, - дейді ол.
Муслихидин Салимов досына көмектесу үшін Қырғызстанның сыртқы істер министрлігіне (СІМ), ішкі істер министрлігіне (ІІМ) мен СІМ консулдық қызмет департаментіне хабарласқан. Олар Тұрдақұн Абылеттің Қырғызстан азаматы төлқұжатын алардан бұрын Қытай азаматтығынан шықпағанын айтып, былай деді:
- Азаматтық алар алдында ол жақтағы есептен шықпағаны үшін ұстап алуы мүмкін дейді. Азаматтықты өзгертер алдында қырғыз тарапы Қытайға хат жіберген болар, ол жақтан азаматтық алуға болады деген хат келді ғой. Бұл әшейін сылтау. Оны ұстауға себептар жоқ. Тұрдақұнның шекарада ұсталғанын ғана білеміз. Өткен жылы әкесі азаматтық алып, қысым көрген. Оған дейін бәрі тыныш еді.
Салимов Қытайда діни экстремизм кесірінен қырғыз, ұйғыр және қазақтарға қысым күшейген дегенге сенеді. Тұрдақұн Абылеттің басындағы жағдайды білу үшін Азаттық тілшісі Қырғызстандағы Қытай елшілігімен хабарласпақ болды, бірақ одан нәтиже шықпады. Қырғызстан СІМ-і Абылеттің Қытайда қамауға алыну себебін анықтап жатқандарын айтты. СІМ ресми өкілі Айымхан Құлұкеева:
- Тұрдақұн Абылетұлы бұрын Қытай азаматы болды. Бірақ қырғыз төлқұжатын алғанға дейін Қытай азаматтығынан шықпады. Іс жүзінде ол Қытай азаматы болса, Қырғызстан ол мемлекеттің ішкі ісіне араласа алмайды, - деді.
Қырғызстан заңдары бойынша, этникалық қырғыздарға азаматтық алу кезінде артықшылықтар берілген. Олар өздері келген мемлекеттің азаматтығынан шықпаса да, өтініш беріп, қырғыз азаматы бола алады.
Шыңжаңда қысым күшейгенін Қытайдан Қырғызстанға көшкен басқа қырғыздар да айтып отыр. Бірақ олар қауіпсіздіктеріне алаңдап, аты-жөндерін жасырады. Сондай бір этникалық қырғыз былай дейді:
- Қытайда қырғыздар негізінен Қызылсу автономдық облысында тұрады. Қытайдың дамуына орай өмір сүру жағдайы да жақсарып келеді. Бірақ өткен жылдан бастап шектеулер пайда болды, ол әсіресе діни сенім мен еркіндікке қатысты. 2016 жылдың маусымынан бері ондаған жас қырғызды қамауға алды. Себебі түсініксіз, Қытайдың ешбір заңын бұзбаған. Құран кітабын тауып алды, сақалын өсірді, айт намазына барды, қажылық жасады және Қырғызстанға барды деп ұстаған. Мысалы, Сулайман Орозо есімді жігітті Қырғызстанға барғаны үшін бес жылға қамады. Әбутәліп сақалын өсіргені үшін 17 жылға сотталып кетті. Нұрмамбетті намазға барғаны үшін 13 жылға түрмеге отырғызды. Осындай негізсіз себеппен ондаған қырғыз азаматы түрмеде отыр. Арасында 60-70 жастағы адамдар бар. Олар Қытай заңына қарсы ештеңе істемеді. Одан бөлек, Қызылсуда тәрбиелеу жөніндегі орталық ашылды. Кейбір отбасы мүшелерін соған жіберді. Ешкім ештеңені анықтап, олардың айыбы не екенін айтпайды. Қырғызстанда Қызылсудың ондаған студенті білім алып жатыр. Биыл каникулда олардың бәрін елге қайтуға мәжбүрледі. Келгісі келмеген студенттердің ата-анасына қысым жасалып, оларды тұтқындауға дейін барған. Студенттер кетті. Шекарадан өткен соң оларды жинап, «тәрбиелеу орталығына» апарды деп естідік. Оларды еркіндік пен дін туралы ойдан арылмайынша, босатпайды. Қыркүйек келді, қайсысын босатады, кімдер қалады – ол жағы белгісіз. Оларға киім мен тамақ бергізбейді, туыстарымен кездестірмейді. Қысқасы, азаптау мен репрессия жалғасып жатыр.
Аты-жөнін жасырған қырғыз қысым күшейгендіктен, елде қалған ата-анасымен және туыстарымен араласудан қашатынын айтады:
- Мен де туыстарыммен араласпаймын. Қарым-қатынас үзілді. Оларға телефон және интернет арқылы хабарласу қиын. Үнемі аңдиды. Ауылда 10 үйге бір бақылаушы қойып қойған. Біз жиі звондаймыз. Соның өзінде бірдеңе айтуға қорқады, оларды тергеуге алады. Кейде телефон байланысы болмай қалады. Шетелге кеткендер, соның ішінде Қырғызстанға барғандарды қатты қысымға алады. Бәрі өткен жылдан басталды. 2016 жылы төлқұжаттың бәрін жинап алды. Қазір тек санаулы адамдарда, құқық қорғау мекемелеріне қатысы бар немесе оларға жұмыс істеуге дайын жандарда ғана төлқұжат бар. Қырғызстанға ешкім келе алмайды. Мүмкін ұйғырлар тәуелсіз ел болуды талап еткен шығар, өте тыныш өмір сүріп жатқан қырғыздар мен қазақтарды неліктен қысымға алғаны түсініксіз. Жалпы алғанда, Қытайдың орталығында еркіндік бар, ал Шығыс Түркістан нағыз түрмеге айналған. Барлық ресми істер тек қытай тілінде жүргізілсін деген қатаң талап бар. Балалар қытайша сөйлей бастады. Қазір қытайлар қырғыздардың жері мен жайылымын жеке меншікке ала бастады. Жер сілкінісіне төзімді үйде тұру керек деген желеумен қырғыздарды жайылымнан көшіріп, бір-бірінен аумайтын бетон үйлерге қоныстандырып жатыр. Қыс суық, үйлер жылымайды.
Биыл наурыздың 31-і күні Amnesty International Шыңжан-Ұйғыр автономдық округ билігі шектен тыс діндарлық, сақал өсіру, жабық киім кигендер туралы ақпаратқа 290 доллар сыйақы жариялағанын хабарлады. Қытайда біреуге шабуыл жасалса этинкалық ұйғырлар айыпты болып шығады. Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қытайды ұйғыр халқының басқаша ойлайтын өкілдеріне теріс қарайды деп сынайды.
Шыңжаң ұйғырлары құқықтары қорғалмайтынын айтып, Қытай басшылығы дискриминация жасайды деп шағымданады. ҚХР билігі Шыңжандағы репрессия туралы айыптауды жоққа шығарады. Қауіпсіздік мәселесі бойынша маман, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Артур Медетбеков ұйғырлардың тәуелсіздік алсақ деген ниеті басқа этникалық азшылыққа кесірін тигізді деп санайды. Этникалық ұйғыр жанкештінің Бішкектегі Қытай елшілігіне шабуылдауы да аңдуды күшейткен.
- Ұйғырлар мен Қытай билігі арасында қайшылық бар. Ұйғырлар болашақта тәуелсіз ел боламыз дейді. Әрине ондай сепаратистік пиғыл Қытай билігіне ұнамайды. Билік өз конституциясына сай қатаң күрес жүргізіп, репрессиялық шаралар қабылдап отыр. Одан соң кейбір ұйғыр жастары террористік, экстремистік идеямен уланған. Олар ислам діні атын жамылған «Ислам мемлекеті», «Жабхад ән-Нусра», «Түркістанның ислам қозғалысы», «Әл-Каида» сияқты топтарға мүше болды. Олар көбіне қытай елшілігі мен шетелдегі азаматтарды өлтіруге барады. Аймақта ұйғырлардан бөлек қырғыз, қазақ, түрікмен және өзбектер ислам дінін ұстанады. Шетелге шығып, радикалды ойларын жүзеге асыру үшін кейбір ұйғыр жастары қырғыз, қазақ және өзбек есімін иеленеді. Соның бәрі басқа этникалық азшылыққа кері әсер етеді, - дейді Медетбеков.
Бұған дейін Қазақстанға қоныс аударған қазақтар Қытайдағы туыстарының дін тұрғысынан қысымға алынғанын айтқан еді. Екі ай бұрын бұл мәселе Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында көтерілді. Ол құрылтайға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Астана бұл мәселемен айналысады деген ақпарат тарады.
«Қырғызстан этникалық қырғыздарды қорғау үшін не істейді?» деген сауалға СІМ-нің ресми өкілі Айымқан Құлұкеева былай жауап берді:
- Халықаралық-құқықтық нормалар бойынша этникалық қырғыздар өздері тұратын елдің азаматы саналады, сондықтан Қырғызстан Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайды. Министрлікке ешкім хабарласып, ислам діні талаптарын орындап, намаз оқығаны үшін қысым күшейді деп айтпады. Ондағы қырғыздар сол елдің азаматы болып саналатындықтан дипломаттардың мүмкіндігі шектеулі.
Қытайда дипломат болып істейтін Азат Еркебаев бұл мәселеде абай болу керек екенін айтады. Оның сөзінше, этникалық қырғыздар өздері тұратын елдің азаматтары болып отыр. Ол мәселені дипломатиялық жолмен шешуді ұсынады. Оның айтуынша, Қытай билігі басқа этникалық азшылықпен салыстырғанда қырғыздарға көп артықшылық берген.
- Мансап жолында өскен қырғыздар бар. 10-20 жыл бұрынғымен салыстырғанда ұлты қырғыз кадрлар көп, ол жақсы құбылыс. Шыңжанның мемлекеттік мекемелерінде қырғыздар саны көбейді. Қырғыздардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту әрекеті бар, - дейді ол.
Сөйтіп, Тұрдақұн Абылетті ұстауға қатысты ресми ақпарат әзірге жоқ.
Көптеген тарихшылар, этнографтар, лингвистер мен әдебиетшілер ұлттық-мәдени даму жағынан қырғыздардың Қытай билігінен жеткілікті көмек алып келе жатқанын айтады. Мысалы, олардың автономиялық аймағы бар, қырғыз манасшылары («Манас» жырын айтушылар – ред.) жалақы алады, қырғыз басылымдарына қаржы бөлінеді, ғылыми-мәдени мекемелер жақсы қаржыландырылады.
Қырғызстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынасы және Шанхай ұйымы аясында ынтымақтас болу да қырғыздарға оң қарауға ықпал етеді. Қытай мен Үрімжіде ұлты қырғыз ғалымдар көбейген. Шыңжаңның Қызылсу автономиялық округінде шамамен 160 мың қырғыз тұрады.
Іле-Қазақ автономиялық округінде 20-30 мың қырғыз тұрады, бұл аймаққа қарайтын Текесте қырғыз автономиялық ауылдары бар. Осындай ауылдар Шығыс Памир мен Хотан қалалық уезінде де бар. Тибетке барар жолдағы Шайылда ауылының базарында қырғыздар отырады.
Үрімжіде үш мыңға жуық қырғыз бар. Жалпы алғанда Шыңжан аймағында 202 мыңға жуық қырғыз тұрады. Одан бөлек қырғыздарды Солтүстік Қытай (Манчжурия) мен Хэйлунцзян уәлаятынан кездестіруге болады. Олар Кіші Азия арқылы Енисейден барған, тәңіршілдік пен шаманизмді ұстанады