Accessibility links

Қытайда халық санағының нәтижесі жария болды


Хэфэй қаласындағы перзентханада жатқан жаңа туған нәрестелер. Аньхой провинциясы, 21 сәуір 2011 жыл
Хэфэй қаласындағы перзентханада жатқан жаңа туған нәрестелер. Аньхой провинциясы, 21 сәуір 2011 жыл

Қытай халқының саны 1,37 миллиардқа жетті. Бұл туралы бейсенбі күні Бейжіңде Қытайдың ұлттық статистикалық бюросы хабарлады. Бала тууды шектеу саясатына қарамастан, елдің халқы қарқынды түрде көбейіп келе жатыр.


73,9 МИЛЛИОНҒА ӨСУ

«Синьхуа» агенттігінің жазуынша, бейсенбі күні жарияланған Қытайдағы алтыншы халық санағының ресми нәтижесінде 2000 жылдан бері халық саны 73,9 миллионға өскен. Бірақ Қытай ұлттық статистика бюросының директоры Ма Джиентанг халық санағындағы өсім өткен 1990 жыл мен 2000 жыл аралығындағы өсіммен салыстырғанда азырақ екенін айтып отыр. Оның айтуынша, 2000 жылғы көрсеткіш 1,07 пайыз өсімді құраған болса, 2010 жылы халық саны 0,57 пайызға ғана көтерілген.

Елдің отбасылық жоспарлау саясатының арқасында, демографиялық өсу бақылауға алынды деген Ма Джиентанг, бұл үрдіс Қытайдың әлеуметтік және қарқынды экономикалық дамуына жол ашты деп мәлімдеді:
«Егер біз соңғы онжылдықты оның алдындағы он жылмен салыстырсақ, Қытай тұрғындарының саны 5,6 миллионға азайып, таза кіріс өсті. Бұл Қытайдың негізгі ұлттық жоспарлау саясаты жақсы жүргізіліп жатқанын көрсетеді».
Егіздер фестиваліне қатысып тұрған қытай балалары. Бейжің, 6 қазан 2009 жыл

Қытай ұлттық статистика бюросының директорынан журналистер елдің отбасын жоспарлау саясаты туралы сұрағанда, ол Қытайда халықтың шамадан тыс өсімін бақылайтын отбасын жоспарлау саясаты зор жетістіктерге бастағанын айтты. Бірақ ол сонымен қатар халықтың өсімін тепе-теңдікте ұстау саясатын ақырындап дамытып отырғанда, отбасын жоспарлау саясатындағы халық құрылымына қатысты жаңа өзгерістерге қырағы түрде қарауымыз керек деп ескертті. Оның айтуынша, халық санағында жасы ұлғайғандар саны артып, жаңа туған сәбилер арасындағы ұл мен қыз балалар арасында соңғы онжылдықта алшақтық туған.

ҚЫТАЙДА ӘЙЕЛДЕРДЕН ЕРЛЕР САНЫ БАСЫМ

Соңғы халық санағына қарағанда, Қытай тұрғындарының 51,27 пайызын ер адамдар құрайды. Бұл есепте әйелдер саны 48,73 пайызға тең. Десе де жаңа туған сәбилер арасында қыз балалар саны 2000 жылмен салыстырғанда артқан.

Гендерлік көрсеткіш әлі де қалыпты нормадан алшақ тұрғандықтан, біз бұл проблемаға баса назар аударып, жыныстық теңдікті, жұмысқа алу, еңбекақы және басқа да мәселелерді ескеруіміз керек деді статистикалық бюроның жетекшісі.
Қалыңдықтар жарысына қатысушы жас қытай әйелдер. Шэньчжэнь, 6 наурыз 2010 жыл

Қытай тұрғындардың 49,58 пайызы қалалық жерде мекендесе, бұл 2000-шы жылмен салыстырғанда 13,46 пайызға артқан. Ал ауылдық жерлердегі халық саны 50,32 пайызды құрап отыр дейді қытайлық статистика мекемесі.
Елдегі ішкі көші-қон жағдайын бағаласақ, соңғы онжылдықта экономикалық жағдай халықтың ішкі миграциясына көбірек жол ашқан. Батыс аймақтардағы жұрт экономикасы күштірек дамыған шығыс жағалаудағы өңірлерге қоныстанған.

Сонымен бірге ең ірі этникалық топ хансулардың саны 2000 жылғы көрсеткіштен 0,08 пайызға кеміпті.

ҚЫТАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАРТАЙЫП БАРАДЫ

Қытайдың халық санағына қарағанда, бала туу көрсеткіші азайған елде 60 жастағылар қатары көбейген де, жас адамдардың саны кеміген. Қытай президенті Ху Цзиньтао бала туу көрсеткішінің азайғанын оң қабылдап, бала тууды шектейтін отбасын жоспарлау саясатын бұрынғыдан да дамыта түсу керек деді. Санақ көрсеткіші елдегі халықтың білім деңгейі өткен онжылдықпен салыстырғанда 2,64 процентке төмендегенін байқатты. Оның есесіне білім деңгейі колледжпен шектелгендер қатары екі есе артып отыр.
Бұған қоса Қытайдың халық ең тығыз орналасқан Гуандун, Шэньян, Хэнань, Сычуань және Цзянсу аймақтарындағы халық санының азайғаны да айтылып отыр.
Арба сүйреп бара жатқан қытайлық. Хэйлунцзян провинциясы, 13 сәуір 2007 жыл

Әлемдегі халқы ең көп Қытайда бір айға созылған алтыншы халық санағын жүргізуге алты миллионнан аса адам тартылған. Олар елдегі 400 миллион отбасын аралап, тұрғындардың есебін алған. Қытайдың Гонконг, Макао жарты аралы мен Тайвань елдеріндегі билік аймақтағы статистикалық мәліметтерін 2000 жылы өздері ұсынған екен.

Жақында халық санағының қорытындысын жариялаған Ресейде жергілікті халықтың (орыстардың) санынан гөрі этникалық азшылыққа жататын тұрғындар саны өскені айтылған. Ал Қытайда азшылық ұлттардың өсімі туралы әзірге ешқандай мәлімет берілмей отыр.
XS
SM
MD
LG