Си Цзиньпиннің қазанның 18-і күні Қытай коммунистік партиясының (ҚКП) 19-съезінің ашылу рәсімінде жасаған баяндамасы " Жаңа дәуірде орташа дәулетті қоғам орнату ісінде шешуші жеңіске қалай қол жеткізіп, қытайлық ерекшелігі бар социализмнің ұлы жеңісіне қалай жетуге болады" деп аталады. Келер ғасырдың орта шеніне қарай Қытайды құдіретті елге айналдыру жоспарының Си Цзиньпиннің сөзінде баяндалған принциптері мен олардың авторының есімі осылайша ҚКП-ның жаңартылған жарғысына енді.
ҚКП 19-съезінің 2336 делегатының соңғы сессиясында Қытай коммунистік партиясының орталық комитетінің 205 адамнан тұратын жаңа құрамы сайланды. Қазанның 25-і күні съезд қорытындысы бойынша жаңа орталық комитет (ОК) ел үшін ең маңызды шешім қабылдап, ҚКП орталық комитетінің саяси бюросының жаңа құрамы мен саяси бюроның жеті адамнан ғана тұратын тұрақты комитетін бекітуі тиіс. Енді Қытайдың, кейбір жағдайларда бүкіл әлемнің таяу жылдардағы өмірін бас хатшы Си Цзиньпин басқаратын дәл осы саяси бюроның тұрақты комитеті (СБТК) белгілейтін болады.
Саясаттанушы әрі қытайтанушы ғалым, Мәскеудегі жоғары экономикалық мектеп жанындағы шығыстану мектебінің жетекшісі Алексей Маслов «Си Цзиньпиннің оң қолы, ал талайлар үшін партиядағы ең қорқынышты адамға айналған Ван Цишань жолдастың орталық комитет пен саяси бюроның тұрақты комитетінің жаңа құрамына кірмей қалуы да съездің басты оқиғаларының біріне айналды. Ол осы кезге дейін ҚКП-ның коррупцияға қарсы бас органы – партияның тәртіп тексеретін орталық комиссиясын басқарған.
Кейінгі жылдары елдегі жоғары лауазымды жемқор шенеуніктерді ұстау мен олардың кейде өлім жазасы үкімімен аяқталған атышулы сот процестерін ұйымдастырумен дәл осы Ван Цишань айналысқан. Оны Батыстың ақпарат құралдары кейде "қытай Бериясы" деп атайды. Бірақ Алексей Масловтың айтуынша, «бұл Си Цзиньпинге еш бөгет болмайды және оның ғаламат жоспарларына ықпал етпейді».
– Си Цзиньпиннің есімі мен идеяларын ҚКП жарғысына енгізу қаншалықты маңызды оқиғаға айналды? Ал Қытай Халық Республикасы (ҚХР) төрағасының жеке өзі үшін мұның қандай мәні бар?
– Әңгіме шынымен ғаламат идеологиялық өзгерістер және идеялар нақты тұлғамен байланыстырылатын аса маңызды ахуал орныққаны жайлы болып отыр. Мұндай жағдай Мао Цзедунның көзі тірісінде, ал Дэн Сяопин қайтыс болғаннан кейін ғана болған еді. Ал мына жағдайда Си Цзиньпин өзін Мао Цзедунға ұқсатып отыр. Бұл оның өзін коммунистік ойдың, марксистік теорияның ірі теоретигі санайтынын әрі ол үшінші, тіпті төртінші мерзімге сайлауға түсуі әбден мүмкін екенін білдіреді. Яғни ол съездің ашылуында сөйлеген сөзінде жариялаған жоспарларын өзі іске асыратын харизматикалық басшыға айналды.
– Ал сонда ҚКП-ның жаңартылған жарғысына енгендіктен, жұрттың бәрі айтып жүрген Си Цзиньпиннің әлгі идеялары, оның партия мен елді дамыту доктринасы нені білдіреді? Оларды тармақтап талдауға бола ма?
Көптеген қытайлықтар саясат либералданады, идеологиялық қысым босаңсиды деп үміттенген болатын, енді әлгі үміттер күйреді деп санауға болады.
– Әлбетте, болады. Ол басты идеясын қалай тұжырымдағанын қараңызшы - «Жаңа дәуірде қытайлық ерекшелігі бар социализм құруды жалғастыру» дейді. Бұл жерде әлгі атаудың құрамдас екі бөліктен тұратыны маңызды. Біріншіден, қытайлық ерекшелігі бар социализм орнату – кейінгі 30 жыл бойы өзгермей келе жатқан ескі тұжырым. Бұл Қытай өз идеологиясынан айнымайды деген сөз. Көптеген қытайлықтар саясат либералданады, идеологиялық қысым босаңсиды деп үміттенген болатын, енді әлгі үміттер күйреді деп санауға болады. Қытай қытайлық ерекшелігі бар социализмді бұрынғы идеология негізінде орнатуды жалғастыра береді.
Ал "жаңа дәуірде" немесе нақтырақ аударсақ "жаңа эрада" деген екінші бөлігі Пекин өз позициясын бәрібір икемді түрде өзгертіп отыратын болады деген сөз. Қазір әлем өзгерді, сондықтан Қытайдың да әлемге қоятын жаңа талаптары пайда болды. Қазір Қытай мүлде басқа халықаралық күн тәртібін талап етеді, яғни сауда нарықтарының, экономикалық ресурстардың Қытай үшін барынша ашық болуын сұрап отыр. Пекин өз айналасында ол айтқандай, «достас елдер коалициясын» қалыптастырып жатыр. Яғни Қытайдың жаңа дәуірі дегеніміз, шын мәнінде ҚХР-дың сыртқы әлемдегі белсенділігін күшейту дегенді білдіреді. Қысқаша түйіндегенде, бұл Қытай қарқынын өз ішінде де, сыртта да күшейтеді, бірақ ескі идеологиялық модельдер негізінде күшейтеді деген сөз.
Бұған қоса, съезде жай ұран емес, Си Цзиньпиннің аты-жөні де бекітілгенін ескерсек, енді ондаған жылдар бойы дәл соның идеялары жетекші болып қалады. Мысалы, ертеректе Қытай компартиясының әр басшысы партия жарғысына өзінің тармағын енгізетін, бірақ алдыңғы екі басшы - Цзян Цзэминь мен Ху Цзиньтао тұсында жарғыда олардың есімдері көрсетілмеген. Олар өздеріне берілген екі мерзімді, яғни әрқайсысы қызметін 10 жылдан атқарып, саяси сахнадан кетті. Ал Си Цзиньпин болса, жарғыға есімін енгізіп, тарихтағы орнын белгілеп жатыр!
Қытайдың әскери саладағы әлеуетін барынша күшейту - оның тұжырымдамасының тағы бір маңызды бөлігі. Си Цзиньпин сөзінде 2035 жылға қарай Қытай армиясы әлемдік деңгейдегі армияға айналуы тиіс деген тұжырымға соншама көп уақыт бөлгені тегін емес. Әлгі тұжырымдама "Батыс демократиясына" қарсы тұратын "социалистик демократияны" жетілдіру мен күшейтуді көздейді. ҚХР-да социалистік демократия БАҚ-қа, оның ішінде электрондық ақпарат құралдарына бақылауды күшейтумен ерекшеленеді. Сидің "төменгі жақта партиялық пікірталас болуы мүмкін, бірақ бұл қоғамдағы жаппай пікірталастарға ұласпауы тиіс" дегені сондықтан.
Тағы бір идея - "орташа дәулетті қоғам", яғни "Сяокан" қоғамын құруды аяқтау идеясы. Бұл да жаңа ұран емес, оны Дэн Сяопин ұсынып кеткен. Бірақ енді оны жүзеге асырудың нақты мерзімі 2035 жыл деп белгіленді. Бұл жерде Си Цзиньпин ҚХР-да халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) Еуропа елдеріндегі халықтың жан басына шаққандағы орташа ЖІӨ-сіне сәйкес болу үшін Қытайда орта тапты қалыптастыру туралы айтып тұр. Яғни енді Қытай әлдебір тұрмыстық проблемаларды ғана шешіп қоймай, Еуропамен жарысып, өз қоғамын орташа еуропалық деңгейге жеткізуге ұмтылады.
– Си Цзиньпин өзіне дейінгі бүкіл басшылардан озып, мұндай жеңіске қалай жетті? Бұл жалаң идеялар мен ұрандардың ғана емес, қолданған тәсілдері мен айналасындағы адамдардың да арқасы ғой?
Алғашқы бес жылдығында Си Цзиньпин ең әуелі коррупциямен күреске айрықша мән берді.
– Оның алдындағы екі басшы – Ху Цзиньтао мен Цзян Цзэминьнің тәсілдерінен Си Цзиньпиннің тәсілдері көп ерекшеленеді. Ол ұсынып жатқан ұрандар тың ұрандар емес, оларды құр өзге түске бояп қойған. Ал әдістерінің сипаты мүлде өзгеше, жаңа. Алғашқы бес жылдығында Си Цзиньпин ең әуелі коррупциямен күреске айрықша мән берді. Бұл көбінесе өзгеше ойлайтындармен күрес деп бағаланады, бірақ меніңше, бұл Қытайды жегідей жеген жергілікті тәуелсіз элиталардың коррупциясымен шынымен күрес дер едім. «Чунцин элитасы» да, «Шанхай элитасы» да белгілі бір дәрежеде орталық комитетке деген адалдығын жоғалтты. Олардың әйелдері шетелде тұрады, балалары шетел университеттерінде оқиды, ал Қытайдың жаңа стратегиясы үшін бұл жеткіліксіз әрі мүмкін емес.
Ең жақын серігі, ғұмыр бойы Си Цзиньпинмен бірге жұмыс істеген ҚКП орталық комитеті жанындағы әлгі атышулы тәртіп комиссиясын басқарған Ван Цишань жүргізген коррупциямен күрес дәл сондықтан Си Цзиньпиннің негізгі науқанына айналды. Партиядағы, турасын айтқанда, тазарту шаралары, мұны басқалай айтуға болмайды, дәл осы Ван Цишаньның басқаруымен жүргізілді. Түрлі деңгейдегі коррупционерлердің үстінен 1 миллион 300 мыңнан аса қылмыстық іс қозғалып, әскери элитаның 70-тен аса өкілі, ондаған министр жауапқа тартылды, Чунцин сияқты көптеген кландар толық талқандалды. Менің есебімше, қазір Си Цзиньпин айналасын толық тазартып болып, белгілі бір дәрежеде жаңа элита қалыптастырып алды.
Мысалы, Қытайды дамытудың өзгеше тұжырымдамасы болуы тиіс деп санайтын функционерлердің ұзақ уақыт тірегі болған аса ірі Чунцин қаласында кейінгі жылдары жергілікті партия ұйымының екі басшысы ауысты. Ал бір кездері Си Цзиньпиннің мұрагері деп жорамалданған қазіргі үшінші басшы Чень Миньэрдің есімі ҚКП орталық комитетінің тұрақты комитетінің болашақ мүшелері қатарында тіпті аталған да жоқ.
... ол халыққа реформалардың да, саясаттың да, халықаралық күн тәртібінің де бұрынғысынша ҚКП-ның уысында екенін көрсетті.
Осылайша Си Цзиньпин партияны басқарудың жаңа органдарын қалыптастырды әрі партия комитеттерінің жұмысын барынша қүшейтіп, бұрынғыдан да бағынышты етіп қайта ұйымдастырды. Ал ең бастысы, ол халыққа реформалардың да, саясаттың да, халықаралық күн тәртібінің де бұрынғысынша ҚКП-ның уысында екенін көрсетті. Екінші мерзімге кірісер алдында жаңа ұрандар ұсынғаны сондықтан.
– Егер Си Цзиньпиннің өз тұлғасы ғана емес, оның коррупциямен күресі мен айналасына да көз жүгіртсек, мына съездің қорытындылары жемқорлықпен басты күрескер, жұрт сырттай «партияның барлау қызметі» деп атайтын Қытайдың негізгі «арнайы қызметі» - ҚКП-ның орталық тәртіп комиссиясы басшысы Ван Цишаньның тағдыры қилы ойлар мен болжамдарға жетелемей ме?
– Ван Цишань, әрине елдің болашақ басшылығы құрамына кірген жоқ, өйткені жасы келіп қалды, қазір ол 69-да. ҚКП орталық комитетінің саяси бюросының 67 жастан асқан мүшелері отставкаға кетуі тиіс деген жазылмаған қағида дәл осы съезде бұзылатын шығар деп болжанған, бірақ олай болмады - Ван Цишань көлеңкеге ығысты. Бірақ оның орнына кім келгенін білесіз бе? ҚКП-ның ұйымдастыру бөлімінің қазіргі бастығы, енді партияның орталық тәртіп комиссиясының басшысы болатын Чжао Личжи келді. Ол Си Цзиньпин кланының жақтасы, ықпалы өте күшті адам, сондықтан ең бастысы, енді бұрынғы тазарту шаралары жалғасады. Бұл - билікке ешқандай концепцияны өзгертпейтін, есесіне коррупциямен күреске жаңа энергиямен кірісетін жаңа күш қосылды дегенді білдіретін айқын емеурін. Сондықтан, осы жағынан алғанда, Ван Цишаньның орны ойсырап қалмайды, Си Цзиньпин оның орнына жаңа күш жұмылдырып жатыр.
– Негізі, Қытай коммунистерінің көпшілігі үшін ҚКП-ның орталық тәртіп комиссиясы шынымен де қорқынышты орган ғой. Батыс баспасөзі Ван Цишаньды "Қытайдық Ежовы немесе Бериясы" деп атаған. Шынымен солай ма?
– Бұл Қытайдың саяси сахнасындағы ең қатал әрі қаһарлы органдардың бірі екені сөзсіз. Оны әсіресе сотқа дейінгі тексеру жүргізетін орган деп айыптайды. Кейінгі жылдары үстерінен тіпті қылмыстық іс әлі қозғалмаған коммунистердің өздері бірнеше күнге жоғалып кетіп, кейін ол жақтан мүлде сағы сынып оралған. Бұл қауесет шығар десек те, әлгі комиссия ешкімге аяусыздық танытқан жоқ, бұл анық. Ван Цишаньды шынымен "Қытайдың Ежовы немесе Бериясы" деп атаған. Ол басқарған комиссия жұмысының нәтижесінде ҚКП орталық комитетінің 35 мүшесі жауапқа тартылды. Салыстыру үшін айтайық, 1949-2012 жылдары, яғни жаппай қуғын-сүргін, "мәдени революция" , "үлкен секіріс" сияқты солақай саясат жылдарында ҚКП орталық комитетінің дәл осынша мүшесі ғана зардап шеккен.
Молшылықтан тасынған адамдар Си Цзиньпин үшін армия бола алмайды.
Бір қарағанда, мұндай қаталдықтың қажеті қанша деп ойлайсың. Бірақ орталық комитет мұны мәжбүрлі шара, өйткені Қытайдың қарқынын қайта жаңғыртып, коррупцияның жолын кесудің бұдан өзге амалы жоқ деп түсіндіреді. Коррупция деп бұл жерде жай пара алуды да, Қытай компартиясының ықпалды мүшелерінің экономикадағы элиталармен жымдасып кетуін де айтып отырғанымен, коррупцияны негізінен Қытайдың өсімін арттыру мақсатынан мүлде айырылып қалу қаупі ретінде түсіндіреді. Си Цзиньпин дәл осыдан қорқады, өйткені оған Қытайдың жаңа арман-мұраттары үшін шынымен күресуге әзір адамдар, коммунистер армиясы керек. Молшылықтан тасынған адамдар Си Цзиньпин үшін армия бола алмайды. Қытай басшысы кейінгі екі жыл бойы өзінің осы армиясының жауынгерлік әзірлігін күшейтіп жатыр, - деп жорамалдайды Алексей Маслов.
Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Александр Гостевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.