Accessibility links

Украина Ресейдің ТМД төрағасы болуына қарсы шықты


Ресей президенті Владимир Путин ТМД саммиті кезінде. Бішкек, 16 қыркүйек 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин ТМД саммиті кезінде. Бішкек, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Бішкекте ТМД елдері басшыларының саммиті өтті. Украина елшісі Қырымды аннексиялаған Ресейдің 2017 жылы ТМД төрағалығын атқаруына қарсылық білдірді. Ресей президенті Владимир Путин «Ресей ештеңені аннексиялаған жоқ» деп жауап берді.

2017 жылғы қаңтардың 1-нен бастап ТМД төрағалығы Ресейге өтеді. Бұл туралы қыркүйектің 16-сы күні Бішкекте өткен ТМД елдері басшыларының отырысында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдеді. Украинаның Қырғызстандағы елшісі Николай Дорошенко Украинаның бір бөлігін аннексиялап, елдің шығысындағы қарулы жанжалға дем беріп отырғаны себепті Ресейдің ТМД-ға төрағалық етуін Киев қош көрмейді деп мәлімдеді.

Дорошенко 2020 жылы ТМД елдерінде халық санағын өткізуді Украинаның құптайтынын айтты. Бірақ, егер Ресей аннексиялап алған территорияда халық санағын жүргізіп, есепке алатын болса, Украина оның нәтижесін мойындамайды деп ескертті ол.

Бұған жауабында Ресей президенті Владимир Путин Ресей Украина жерін аннексиялаған жоқ деп мәлімдеді. «Қырым Ресейге түбек тұрғындарының ерік-жігері нәтижесінде қосылған» деді ол.

Сонымен бірге Путин Украина ТМД жарғысына қол қоймағаны және заң жүзінде бекітпегендіктен «[Украина] бұл құрылымның жұмысын ұйымдастыруға қатысты ұсыныс енгізе алады деуге келмес» деп мәлімдеді.

Ресейдің 2014 жылы көктемде Қырымды аннексиялап алуын халықаралық қауымдастық айыптаған. АҚШ пен Еуропа Одағының Ресейге қарсы енгізген бірқатар экономикалық санкциялары әлі күшінде.

Бішкекте өткен ТМД саммиті қорытындысы бойынша достастыққа мүше елдердің басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. ТМД атқару комитетінің басшысы Сергей Лебедевтің айтуынша, барлық мәселелер бойынша тараптар мәмілеге келгендіктен, талқылауға салмай-ақ құжаттарға қол қою ұйғарылған.

XS
SM
MD
LG