Көбіміз үшін смартфон өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған. Смартфон арқылы жұртпен тілдесіп, жаңалық оқимыз, ойын ойнап, видео көреміз, оған сағаттап қадалып отырамыз.
Зерттеулерге сүйенсек, адам орташа есеппен смартфонына күніне 2 мың рет қол тизеді екен. Демек, бұл – телефон бактерияның, микроб пен вирустың нағыз ұясы деген сөз.
Ол микробтардың көбі зиянсыз болуы мүмкін, бірақ қазіргі пандемия кезінде коронавирустың қаупі ерекше.Тез жұққыштығы өз алдына, коронавирус бейімделгіш және төзімді келеді әрі ауа мен заттың бетінде ұзақ сақталады.
Қаншалық ұзақ сақталады? Мұның түрлі жорамалы бар. Наурыздың 17-сінде The New England Journal of Medicine журналында жарық көрген сараптамаға сенсек, коронавирус ауада – 3 сағат, мыс затта – 4 сағат, картон қағазда – 24 сағат, ал пластик пен шынының бетінде 72 сағат тұрады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирусты жұқтырмау үшін тек қолды жиі жуып қана қоймай, қол тиетін заттардың бәрін тазалап жүруге кеңес береді. Бұл қатарға смартфон да жатады.
Сонымен, бағасы қымбат технология жетістігіне зиян келтірместен қалай тазалауға болады?
Бірінші істеуге болмайтын нәрселерді айтайық.
Смартфонның экраны «олеофобты қабықпен» қапталған. Бұл жұқа қабат саусақ ізі мен ылғалдан қорғау үшін жасалған.
Дезинфекциялайтын сұйықтық пен майлықтың кейбір түрлері экранды бүлдіреді. Оларды қолданбаңыз.
Сонда нені қолдану керек? Apple жақында өнімдерін тазалауға қатысты нұсқаулығын өзгертіп, 70% изопропил спирті бар майлықпен сүртуге рұқсат берді. Спирт тез құрғайды және телефонның бетіндегі микробды жұлып алады.
Бұған қоса, телефонның бетін жұмсақ, түксіз матамен сүртуге де болады. Apple мен Samsung екеуі де осы әдісті ұсынады.
Қолыңызда майлық та, мата да болмаса не істеу керек?
Бағымызға қарай, мұның қарапайым да тиімді баламасы бар. Ол – сабынды су. Телефоныңыз ылғалға төзімді болса да, оны суға салмаңыз. Матаның не қағаз сүлгінің шетіне көбіктенетін сабынды жағыңыз. Онымен телефонды сүртіп, үстінен дымқыл матамен не қағаз сүлгімен қайта сүртіңіз. Сабыны кеткен соң телефонды құрғатыңыз. Болғаны – осы. Енді телефоныңыз микробтан таза десе болады.
Смартфонды қаншалық жиі тазалау керек? Бұл оны қаншалық жиі қолданатыңызға байланысты. Нью-Йорктегі Лангон медицина мектебінің микробиология және патология бойынша клиникалық профессоры Филип Тиерно өз телефонын күніне екі рет – таңертең және кешке тазалайды екен. Ал ДДСҰ коронавирустан қорғану үшін қолды да жиі әрі кем дегенде 20 секунд жууға кеңес береді.
ПІКІРЛЕР