Азаттық радиосы

Коронавирустың Үндістан штамы жайлы не белгілі?

Мамыр 4, 2021

Үндістанда коронавирус өршіп, 13 күн бойы тәулігіне 300 мың адам Covid дертіне шалдығып, ауруханаларда орын мен оттегі жетпей жатыр. Бұл елде күніне үш мыңнан аса адам вирустан көз жұмып, крематорийлер лық толы.

Ғалымдар мұнда вирус жұқтырғандардың күрт өсуіне коронавирустың Үндістанда табылған жаңа штамы да себеп болуы мүмкін дейді. B.1.617 деп аталған мутация қазір әлемнің 17 елінен табылды.

Коронавирустың Үндістан штамы жайлы қазірге дейін бар ақпаратты ұсынамыз.

ҮНДІСТАН ШТАМЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Үндістанның бас вирусологы Шахид Джамиль "B.1.617 штамы екі мутацияға ұшыраған. Яғни, адамның жасушасына жабысатын вирустың тікен пішінді ақуызы өзгерген" дейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, B.1.617 штамы Үндістанда алғаш рет былтыр қазанда шыққан.

Үндістанда крематорийлер Covid індетінен көз жұмғандарды өртеп үлгермей жатыр. 26 сәуір 2021 жыл.

ДДСҰ Үндістан штамын "қызық мутация" деп сипаттап, "бұл штамм тез тарап, жұққан адамға ауыр тиюі мүмкін, екпені айналып өтуі де мүмкін" дейді. Ұйымның "мүмкін" деген сөзіне назар аудару керек.

Ғалымдар Үндістан штамының адамды ауыр дертке шалдықтыратынына және екпені "айналып өтетініне" дәлел жоқ деп отыр.

ЖАҢА ШТАММ ҮНДІСТАНДАҒЫ ВИРУСТЫҢ ӨРШУІНЕ СЕБЕП ПЕ?

Нақты айту қиын.

ДДСҰ бүл штамды тез арада зерттеу керек деп санайды. Бұған қоса, Ұлыбританияда табылған В.117 штамы да Үндістанның кейбір аймақтарындағы вирустың өршуіне себеп. Үндістандағы індеттерді бақылау ұлттық орталығының директоры Суджит Кумар Сингхтың сөзінше, Делиде наурыздың ортасынан бастап Британия штамын жұқтырғандар күрт өскен.

Үндістанда ресми дерек бойынша күніне үш мыңнан аса адам вирустан көз жұмып жатыр.

Сингх Үндістан штамы қазір пандемиядан қатты зардап шегіп жатқан Махараштра штатында көп табылғанын айтады. Вашингтон университетінің ауруларды зерттеу бойынша маманы Крис Мюррей қысқа уақытта Үндістанда вирустың өршуіне "жаңа штамм" себеп болуы мүмкін дейді. Бірақ америкалық ғалым Үндістанда Британия және Оңтүстік Африка штамы да қатты тарап жатқанын айтады.

Римдегі Бамбино Джезу ауруханасының микробиология және иммунология диагностикасы бөлімінің меңгерушісі Федерико Перно Үндістандағы вирус жұқтырғандардың өсуіне тек Үндістан штамы себеп дегенмен келіспейді. Ол Үндістанда жұрт көп жиналған шаралар жаппай ұйымдастырылғанына назар аударады.

Елде вирус күшейген тұста премьер-министр Нарендра Моди сынның астында қалды. Ел үкіметі сайлауалды науқандар мен діни фестивальдерге рұқсат берген еді. Бұл шараларға мыңдаған адам жиналған. Мәселен, сәуірдің ортасында елде Кумбха Мела фестиваліне миллиондаған адам қатысып, Ганг өзеніне суға түскен.

ЕКПЕЛЕР ҮНДІ ШТАМЫМЕН КҮРЕСЕ АЛА МА?

Қуаныштысы, екпелер Үндістан штамынан қорғай алуы мүмкін. АҚШ президентінің медицина бойынша кеңесшісі Энтони Фаучидің сөзінше, зертханалық алдын ала тексеру бойынша Үндістанда жасалған Covaxin екпесі бұл штамға қарсы тұра алатынын көрсеткен.

Оқи отырыңыз: Британия, Үндістан, ОА мутациясы жайлы не білеміз?

Англияның қоғамдық денсаулық сақтау қызметі халықаралық серіктестерімен бірге Үндістан штамын тексеріп жатқанын айтып, дәл қазір бұл штамның екпеден соң қалыптасқан иммунитетті "айналып өтетініне" нақты дәлел жоқ деді.

Reuters агенттігінің мақаласы негізінде жазылды