Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың британиялық және оңтүстік африкалық штамы табылғанын хабарлады. Қазір әлемді SARS-Cov-2 вирусының қанша штамы тіркелді? Бұл штамдар қаншалықты қауіпті? Қытайда алғаш пайда болған вирустан қандай айырмашылығы бар? Бұл штамдармен вакциналар күресе ала ма? Осы сұрақтарға қысқаша жауап берейік.
Covid дертін туғызатын SARS-Cov-2 вирусы басқа вирустар сияқты уақыт өткен сайын өзгеріп, мутацияға ұшырап жатыр. Былтыр күзде бұл вирусқа қарсы алғашқы вакцина жасалғаны жайлы жағымды жаңалықпен қатар Ұлыбританияда жаңа штамм пайда болғаны туралы хабар тарай бастады. Кейін Оңтүстік Африка мен Бразилияда да жаңа мутация шыққаны белгілі болды.
КОРОНАВИРУСТЫҢ ҚАНДАЙ МУТАЦИЯЛАРЫ БЕЛГІЛІ?
Британия штамы. Бұл мутация 2020 жылы қыркүйекте Англияда пайда болды. BBC сайтының жазуынша, Ұлыбритания билігі бұл мутация Қытайда шыққан вирустан қарағанда 30-50 пайыз жылдам тарайды деп мәлімдеген. Британиялық ғалымдар штамм өлімге әкелу ықтималдығы 30 пайызға жоғары болуы мүмкін деген.
Бірақ сарапшылар Британ мутациясына қатысты дерек аз, сондықтан көп зерттеу қажет дейді. Бір анығы, Британия штамы Еуропа елдерінің біразында үшінші толқынға себеп болды. Кейбір елдер коронавирустан өлім-жітімнің көбеюін де осы мутациямен байланыстырады.
Оңтүстік Африка штамы. Былтыр қазанда осы елдің Шығыс Кейп провинциясында анықталған бұл штамм, ғалымдардың сөзінше, көп өзгеріске ұшыраған. Сондықтан бұл мутациядан кейбір екпелер толық қорғай алмайды. ОА штамы да жылдам тарайды. ДДСҰ дерегінше, бұл штамм жұққан соң ауыр дертке душар ететіні жайлы дәлел жоқ. Бірақ африкалық мутация егде тартқан және созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті.
Бразилия штамы. Биыл қаңтардың ортасында Жапонияға Бразилиядан ұшып келген жолаушыдан Бразилия штамы анықталған. Алдын ала дерек бойынша, бұл штамм желтоқсанда Бразилияның Манаус қаласында пайда болған.
Бразилия денсаулық жөніндегі ұлттық секретариаты 7-22 қаңтарда Манаус коронавирус жұқтырғандар 125 пайызға өскенін мәлімдеді. Қазір Бразилияны осы штамм әуреге салып жатыр. Елде вирус жұқтырғандар, өлім-жітім көбейді.
Бұл мутация жайлы көп жайт әлі белгісіз. Лондондағы Марии ханшайым университетінің аға оқытушысы және эпидемиологы Дипти Гурдасани Al-Jazeera сайтына берген сұхбатында бұл мутация да "жылдам тарауы мүмкін" деген қаупін білдірген.
Бразилия мутациясы жайлы көп жайт әлі анық емес. Ғалымдар бұл штамға қатысты әлі де зерттеу жүргізу керек деп санайды.
Жақында Үндістанда коронавирустың тағы бір мутациясы тіркелгені хабарланды. Қазір ғалымдар бұл штамды зерттеп жатыр. Вирусологтар алдағы уақытта SARS-Cov-2 вирусының жаңа штамдары пайда болуы мүмкін деп ескертеді.
ВАКЦИНАЛАР ЖАҢА ШТАМДАРДАН ҚОРҒАЙ АЛА МА?
Moderna екпесін шығарушылар қаңтарда жүргізген тексерістен соң бұл вакцина Британия және ОА мутациясынан қорғай алады деп мәлімдеді.
Екпені жасаған америкалық компания Moderna ОА штамына келгенде сәл әлсіз болуы мүмкін деді. Қазір ОА мутациясынан қорғау үшін Moderna екпесін үшінші рет егу мәселесі де қаралып жатыр.
АҚШ-тағы зерттеуден соң Pfizer/BioNTech екпесі де жаңа мутациялармен күресе алатыны хабарланды.
Novavax және Johnson & Johnson екпесі де британиялық штаммен күресте 86 пайыз тиімді екені анықталды. Екі екпе де ОА штамынан қорғайды, бірақ тиімділігі сәл төмендеу болуы ықтимал.
Ресейдің мемлекеттік "Вектор" вирусология және биотехнология ғылыми орталығы "Спутник V" екпесі де британиялық мутацияға қарсы жұмыс істей алатынын жариялады.
Бұл екпенің ОА және Бразилия мутациясымен қалай күресетіні жайлы ақпарат жарияланған жоқ. Бірақ ресейлік вирусологтар "Спутник V" ОА мутациясына келгенде әлсіз болуы мүмкін деп болжайды. Қазір Қазақстан халыққа осы екпені салып жатыр.
AstraZeneca екпесі британиялық мутациядан қорғай алғанымен, ОА штамына келгенде тиімділігі төмен екені анықталды. Осыдан соң Оңтүстік Африка республикасы бұл екпені егуді тоқтатқан.
Дәрігерлер мен вирусологтар қолды жиі жуу, арақашықтық сақтау, маска тағу вирустың жаңа штамдарынан қорғанудың негізгі амалдары деп санайды.