COVID-19 дертінің симптомдары қандай?
COVID-19 вирусының анықталған жиі кездесетін клиникалық белгілері: дене қызуының көтерілуі (88%), құрғақ жөтел (68%), шаршау (38%), қақырықтың бөлінуі (33%), тыныс алудың қиындауы (19%), тамақтың құрғауы (14%), бас ауруы (14%) және бұлшық еттің ауыруы (15%). Аз сирек кездесетін белгілерге іш өту (4%) мен құсу (5%) жатады.
Қазіргі зерттеу бойынша, вирустың орташа инкубациялық кезеңі 5-6 күнді құрайды, ал жалпы 14 күнге дейін созылады. Зерттеулерге сәйкес, инкубациялық мерзім 14 күннен кем болмауы керек.
Вирус кімдерге қауіпті?
Негізінен, денсаулығы нашар 60 жастан асқан қарт адамдарда (мәселен, қан қысымы жоғары, қант диабеті, жүрек-қан тамыр, қатерлі ісік аурулары бар кісілер) ауру асқынып, өлімге әкелуі мүмкін. Ата-әжелеріңіз денсаулығына өте абай болғаны жөн.
Балалар вирус жұқтыруы мүмкін бе?
Балаларға бұл вирус сирек жұғады және олар ауруды жеңіл өткереді. Қытайда жүргізілген зерттеу қорытындысына сәйкес, коронавирус жұқтырған науқастардың 2% ғана 18 жасқа толмаған азаматтар болған. Олардың үш пайызында ауру асқынып, науқастың жағдайы қиындаған.
Коронавирус жұқтырған адамның жанында болсам не істеу керек?
Жергілікті денсаулық сақтау органдарына хабар беріңіз, олар ары қарай қалай әрекет ету керегін түсіндіреді. Ауру белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге хабарласып, COVID-19 вирусын жұқтырған адамның жанында болғаныңызды айтып, кеңесіңіз.
Вирусқа қарсы екпе бар ма? Екпе дайындауға қанша уақыт кетеді?
Қазіргі уақытта адамдарда кездесетін коронавирустарға (оның ішінде COVID-19 вирусы да бар ) қарсы екпе жоқ. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алып, оның таралуын тоқтату өте маңызды.
Екпе дайындауға біраз уақыт керек. Қазір бірнеше фармацевтикалық компания екпе дайындаумен айналысып жатыр. Бірақ вакцина баршаға қолжетімді болуы үшін бірнеше, тіпті жыл қажет болуы мүмкін. Өйткені екпелердің қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау үшін әуелі оларды мұқият тексеруден өткізу керек.
Тұмауға қарсы салдырған екпе COVID-19 вирусынан қорғай ма?
Тұмау мен COVID-19 – екі түрлі вирус. Тұмауға қарсы екпе сізді COVID-19 вирусынан қорғай алмайды.
COVID-19 вирусы үйдегі және түздегі жануарлардан жұға ма?
Жануарлардан басқа жануарларға және адамдарға коронавирустың бірнеше түрі жұғады. Адамның жанында жүретін жануарлар (мәселен, иттер мен мысықтар) адамдарға вирус жұқтыруы мүмкін деген дерек расталмаған. Қауіпсіздік мақсатында жануарларды ұстаған соң қолыңызды мұқият жуып, гигиена ережелерін сақтаңыз.
COVID-19 вирусының таралуы қашан тоқтайды?
Өкінішке қарай, вирустың таралуы қашанға дейін созылып, эпидемияның ары қарай қалай жалғасатынын белгісіз. Бұл – жаңа вирус, сондықтан әлі анық емес тұстары көп. Мәселен, күн ысығанда белсенділігі төмендейтін маусымдық тұмау сияқты бұл вирустың да солтүстік жартышардағы жаз кезінде табиғи жолмен таралу деңгейі төмендей ме, әлде қазіргі қалпында қала ма, ол жағы белгісіз.
Вирус жұқтырудан қалай сақтануға болады?
Вирус адам ағзасына көз, мұрын мен ауыз арқылы түседі. Сондықтан жуылмаған қолмен бетті ұстауға болмайды. Қолды кемі 20 секунд сабындап жуған дұрыс немесе құрамында спирті бар сұйықтық, гель және салфеткалармен тазалаған жөн. Неге? Қолды сабындап жуу немесе антисептикалық сұйықтық пайдалану вирустарды өлтіреді.
Түшкіріп, жөтеліп жүрген адамдардан кемі 1 метр қашық жүру керек. Себебі түшкірген не жөтелген адамнан тарайтын сұйық тамшылардың құрамында вирус болады. Ал жақын тұрған адам тыныс алған кезде осы тамшыны жұтып, COVID-19 вирусын жұқтыруы мүмкін.
Өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйде қалыңыз, ауруханаға я дәріханаға асықпаңыз. Дене қызуыңыз көтеріліп, жөтеліп, тыныс алу қиындаса, дәрігерге қоңырау шалыңыз. Дәрігеріңіз бір қоңыраудың көмегімен сізге не істеу керегін айтады. Аурухана не дәріханаға барсаңыз вирус таратуыңыз мүмкін.
ПІКІРЛЕР