Азаттық радиосы

Covid екпелерінің балаларға сынағы қалай жүріп жатыр?

Руслан МЕДЕЛБЕК, Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

Мамыр 6, 2021

Канада Pfizer/BioNTech екпесін 12-15 жастағы балаларға салуға рұқсат етті. Ал Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын 12-15 жастағы балаларға салу я салмау жөнінде тексеру жұмыстарын бастады. Бұл вакцинаны АҚШ 17-18 жастағы балаларға салуға рұқсат берген. Қазақстандық QazCovid-in мен ресейлік "Спутник V" екпесі балаларға сынала ма?

ҚАНДАЙ ЕКПЕ БАЛАЛАРҒА СЫНАЛДЫ?

Pfizer мен BioNTech (АҚШ/Германия) компаниялары "наурызда жүргізілген клиникалық сынақ кезінде екпеміз 12-15 жастағы балаларға тиімді әрі қауіпсіз екені анықталды" деп мәлімдеді.

Кейін АҚШ Pfizer/ BioNTech екпесін 16-17 жастағы балаларға салуға рұқсат берді.

Қазір Pfizer және BioNTech компаниялары АҚШ-тың тамақ және дәрі-дәрмек әкімшілігінен (FDA) екпелерін 12-15 жастағы балаларға салуға рұқсат сұрады.

АҚШ-тың ауруларды алдын алу және бақылау орталығының директоры Рошель Валенски сәуірде "бұл екпе мамырдың ортасында 12 жастар асқан балаларға егуге рұқсат етіліп қалар" деді.

Қазір Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) Pfizer/BioNTech жіберген сынақ құжаттарын алып, екпені балаларға салу бойынша тексерісті бастады. Әдетте екпе жасаушылар сынақ қорытындысын әр елдің я одақтың тексеріс органдарына жібереді. Әр ел я одақ екпе сынағының қорытындысын саралап, екпені өз аумағында салуға рұқсат береді.

5 мамырда Канада Pfizer/BioNTech екпесін 12-15 жастағы балаларға салуға рұқсат беріп, осындай шешім қабылдаған алғашқы мемлекет болды.

Еуропада Pfizer, Moderna. Astra-Zeneca, Johnson & Johnson екпелерін 18 жастан асқандарға салуға мақұлданған.

Балалардың көбі Covid дертін жеңіл өткізеді, кейбірінде симптом болмауы да мүмкін. Бірақ балаларда симптом болмағанымен, олар вирусты ересектерге жұқтырады.

ҚАНДАЙ ЕКПЕЛЕР БАЛАЛАРҒА СЫНАЛЫП ЖАТЫР?

Қазір Moderna, Novavax және Johnson & Johnson компаниялары өздерінің коронавирусқа қарсы екпелерін 12-18 жастағы балаларға сынап жатыр. Moderna екпесінің сынақ қорытындысы жақын күндері жариялануы тиіс.

Novavax екпесі әлі әлемнің бірде-бір елінде ересектерге салуға да рұқсат алған жоқ. Компания алдағы айларда АҚШ пен Ұлыбританиядан бұл екпені халыққа егуге рұқсат сұрамақ.

Novavax қаңтардың соңында Ұлыбританияда жүргізілген клиникалық сынақтан соң екпесі 89,3 пайыз тиімділік көрсеткенін хабарлаған. Сынаққа 15 мың ересек адам қатысқан.

Moderna мен Pfizer компаниялары коронавирусқа қарсы екпені 2022 жылдың басында барлық балаларға салуға мүмкіндік болып қалар дейді.

QAZCOVID-IN БАЛАЛАРҒА СЫНАЛА МА?

Әзірге белгісіз.

Қазақстанның QazCovid-in екпесі қазір 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге салынбайды.

QazCovid-in екпесін жасаған ғалымдардың бірі, Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетов 18 жасқа толмаған балалар бұл вакцинаның сынағына қатыспағанын айтады.

Қазақстандық QazCovid-In екпесі

- Балаларға сынақ жасау күрделі. Кәмелет жасына толмағандықтан ата-аналарынан рұқсат алу керек. Сондықтан клиникалық сынаққа балаларды қатыстырған жоқпыз. Денсаулық сақтау министрлігі балаларға тексеру керек десе тексереміз. Денсаулық министрлігінен де рұқсат керек. Жалпы біздің екпені кез келген адамға сала беруге болады, себебі ол балаға да, кәріге де залалсыз дер едім. Бірақ арнайы сынақтан өткізбей балаларға сала алмаймыз. Вирус балалар арасында көп тарап жатса, денсаулық министрлігі сынақ өткізу тұжырымына келуі керек. Ал біз балаларға сынақ жүргізуге дайынбыз, - деді ол Азаттыққа.

"СПУТНИК V" ЕКПЕСІ ШЕ?

Ресей денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Алексей Кузнецов РИА-Новости агенттігіне бұл екпені балаларға сынау мәселесі қаралып жатқанын айтқан.

"Спутник V" екпесін 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөпірімдерге клникалық сынау мәселесі талқыланып жатыр. Бірақ балаларға сынау екпенің тіркеуден кейінгі тексерісінің қорытындысынан соң шешіледі. Екпені жасаушылар бұл тексерісті мамырдың соңында аяқтамақ" деді ол РИА-Новости агентігіне.

Ақпанда "Спутник V" екпесін жасаған Гамалаи атындағы орталықтың басшысы Александр Гинцбург "бұл вакцинаны балаларға сынауды маусымда бастармыз" деген.

Қазір бұл екпе де тек 18 жастан асқандарға салынады.

ЕКПЕЛЕРДІҢ ЕРЕСЕКТЕРГЕ СЫНАҒЫ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ КӨРСЕТІП ЕДІ?

Pfizer, Moderna ересектерге жүргізілген сынақ кезінде 90 пайыздан жоғары тиімділік көрсеткен. Lancet журналы жариялаған есепте "Спутник V" екпесінің тиімділігі 91 пайыз деп көрсетілген. Ал Astra-Zeneca екпесі сынақтан кейін 70-85 пайыз тиімді болған. Бұл төрт екпе адамда коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыру үшін екі дозадан салынуы тиіс

Johnson & Johnson екпесінің бір дозасы сынақтан соң 66 пайыз тиімділік көрсеткен.

Қазақстан үкіметі QazCovid-in екпесін сынақты толық аяқтамай халыққа сала бастаған. Сарапшылар сынағы аяқталмаған екпені жұртқа салмау керек деп алаңдаушылық білдірген еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды екпенің деректерімен бөлісуге шақырған.

Елдің денсаулық сақтау министрлігі сынақтың екінші кезеңінен кейін бұл екпенің 96 пайыз пайдалы әсері бар деп хабарлаған. QazCovid-in екпесі де екі дозадан салынады.