Accessibility links

Өзбекстанды блогерлерді босатуға шақырды


Ұсталған өзбек блогерлері.
Ұсталған өзбек блогерлері.

Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) Өзбекстанды әлеуметтік және діни тақырыптарды қозғайтын жазбалары үшін блогерлерді қудалауды тоқтатуға шақырды. Құқық қорғау ұйымы дін тақырыбын қозғағана бола тұтқындалған деп хабарланған кемінде төрт блогерді босатуды талап еткен.

CPJ қыркүйектің 6-сы күні жариялаған мәлімдемесінде Өзбекстанның бірнеше қаласында тамыздың 28-і мен қыркүйектің 2-і аралығында Атхам Олимов, Зиёдулла Кабиров, Отабек Усманов пен Хуршидбек Мухаммадрозиковтың ұсталғаны туралы айтылған.

"Өзбекстандағы блогерлерге қатысты шолу елде баспасөз бостандығына қолайлы жағдай туғызуға ықылас танытпай отырғанын көрсетеді", - деп мәлімдеген Нью-Йоркте орналасқан баспасөз құқығын қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша қызметкері Гульноза Саид.

"Билік ұсталған блогерлерді босатып, өзбек қоғамы үшін маңызды мәселелерді журналистердің еркін қозғауын қамтамасыз етуі керек", - дейді ол.

CPJ Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің тұсында ислам [діні] мен діндарларды қатаң бақылауда ұстағанын, билік бақылауынан тыс мешіттерге барғаны үшін мұсылмандарды жиі қудалағанын айтқан. 2016 жылы Каримовтен кейін билік басына келген Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы халқы ең тығыз орналасқан елді бұрынғыдан ашық елге айналдыруға және Каримовтің кезіндегі қудалау саясатынан бас тартуға бейіл екенін білдірген. Мирзияевтің бұл ниетін құптаған құқық қорғау топтары Өзбекстандағы сөз бостандығы мен цензураға және журналистерді қудалау оқиғаларына қатысты алаңдаушылық білдіруді жалғастырып келеді.

CPJ мәлімдемесінде жақында ұсталған блогерлердің әлеуметтік және діни тақырыптарды қозғап, исламның қоғамдағы ролін кеңейту туралы ұсыныс білдіргені айтылған. Олар "Өзбекстанда тәуелсіз баспасөз шектелетінін ескеріп", өз ой-пікірімен негізінен Facebook әлеуметтік желісінде бөліскен.

Баспасөз құқығын қорғау ұйымы Өзбекстан Бас прокуратурасының блогерлердің тұтқындалғаны туралы сауалдарға телефон арқылы жауап беруден бас тартқанын атап жазған. CPJ БАҚ-қа сілтеме жасап, Атхам Олимов (қолданушылар арасында Мусанниф Адхам есімімен белгілі), блогер әрі дінтанушы Зиёдулла Кабировқа (қолданушылар арасында Зиёвуддин Рахим есімімен танымал), сонымен бірге жергілікті сайтқа мақала жазатын Отабек Усманов ұсталып, билік оларды 15 тәулікке қамаған және айыппұл салған деп хабарлайды. Ұсталғандардың жақында әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларының көпшілігі ислам мәселелерін қозғаған, соның ішінде бірге блогерлер елде хиджаб сатуға тыйым салумен келіспейтіндерін білдірген.

Бұған қоса CPJ Өзбекстанның шығысындағы Қоқан қаласында Хуршидбек Мухаммадрозиковтың ұсталғаны туралы жазған. CPJ блогерлердің жақтастарына сілтеме жасап, үкіметтің өзбек тілін латын әліпбиіне көшіруіне және білім саласындағы реформаларына сын айтқан оның нақты қай жерде қамауда отырғаны белгісіз екенін айтады.

Журналистерді қорғау комитеті бұған дейін ұсталып, кейін босатылған немесе әлі күнге дейін әкімшілік қамауда отырған басқа да өзбек блогерлеріне қатысты оқиғаларды зерттеп жатқандары туралы мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG