Қырымдықтардың біразы аймақтың Ресейге қосылғанына әлі де қуанып жүр, бірақ туризм қызметкерлері бұл санатқа қосылмайды. Украина бұрын елге келген туристердің үштен екісін Қырымға аттандыратын, енді оларды басқа аймақтарға жіберіп жатыр.
Ресей аннексия жасаған даулы аймаққа еуропалықтар да жолайтын емес, оған Шығыс Украинадағы үкімет пен сепаратистер қақтығысының аяқталмағаны да себеп.
ТУРИСТІК АГЕНТТІКТЕР ШЫҒЫНЫ
Мәскеу ресейліктер жазғы демалысында Қырымға бару үшін бар амалын салып-ақ жатыр. Бірақ түбекке ағылып жатқан турист көрінбейді. Бұдан қыдырған жұртқа қызмет етіп күн көретін қырымдықтар зардап шегіп отыр.
«Ресейге қосылғаннан өз басым үлкен шығын шегіп отырмын. Осы маусымда еңбегім ақталмады» дейді теңіз жағасындағы Евпатория қаласында шағын туристік агенттік басқаратын Людмила Зайцева.
Зайцеваның кәсібі тоқырауға ұшырағаны соншалық, үш қызметкерін жұмыстан шығарған. «Мен әлі кеңсеме барып жүрмін, бірақ онда істейтін жұмыс жоқ. Бұрын жаз кезінде жағажайға баратын уақыттың өзін таппайтын едім» деді ол Азаттыққа.
Зайцева биыл теңіз іздеп келетін туристерді таппай қалды. Жылда жағалауда жұрт толып жүретін. Евпатория қазір қаңырап бос тұр. Зайцева «Бұрынғыдай ел жоқ. Мұндай жағдай 1970 жылы, тырысқақ індеті шыққан кезде болған еді» деп ренжиді.
Бұрынғыдай ел жоқ. Мұндай жағдай 1970 жылы, тырысқақ індеті шыққан кезде болған еді.
Қырымның курорт және туризм министрлігі деректеріне қарағанда, осы жылдың бірінші жартысында демалушылар саны 35 пайызға азайған. Өткен айда түбек биылғы миллионыншы туристі қабылдағанын атап өтті. Ресейлік әйелді министрлік марапаттап, оның қонақүйде тегін демалуына жағдай жасады. Былтыр осы уақытта Қырымға 1 миллион 700 мың турист келгенін ескерсек, демалушылар қарасы күрт азайғаны байқалады.
Экономикасының тірегі туризм болып отырған Қырым үшін бұл - алаңдауға тұрарлық мәселе.
РЕСЕЙ ЗИЯНЫ ҺӘМ ЖАРНАМАСЫ
Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуден түбекке барып қайтатын ұшақ билетін 385 доллардан 214 долларға дейін төмендетті. Ресей билігі Қырымға баратын пойыз билетін де арзандатты. Туристерге тәулік бойы қызмет көрсететін байланыс орталықтары құрылды.
Мемлекеттік арналар түбекті туристік айлақ ретінде үздіксіз жарнамалап
жатыр. Бірнеше мемлекеттік корпорациялар үкімет үндеуін қолдап, қызметкерлеріне Қырымға жолдама ұсынды.
Бірақ осы шараның бәрі украиналық туристердің орнын толтыра алатын емес. Мәселені қиындатып отырған - Қырымды жарнамалап жатқан Ресейдегі мемлекеттік телеарналардың өзі. Олар украиналықтарды «орыстарды жек көретін скинхедтер» деп сипаттайды. Ал Қырымға құрлық арқылы жету үшін ресейліктердің көбі Украина аумағынан өтуі тиіс.
«Қырым – жағажайлар төресі» деген түсінікке кесірін тигізіп тұрған тағы бір мәселе – Ресейге қосылған аймақтың валютасын рубльге айырбастауы. Мұның әсерінен жергілікті тауарлар 30 пайызға қымбаттап кетті. Соңғы айларда Қырымда банктер азайып кетті. Есеп-шоттағы ақшаны алудың өзі қиын мәселеге айналды.
Ресей федералдық туризм агенттігі Қырымға барғанда «кредиттік картаны қолдануға қатысты қиындықтар туындауы мүмкін екенін» ескертті. Олардың айтуынша, Visa және Mastercard карталарын бүкіл түбекте 56 банкомат қана қабылдайды.
Қырымда ішкі Ресейге қарағанда азық-түлік айтарлықтай арзан. Ресейліктер арзан тауарға ұмтылып, аймақта қазір тауардың өзі азайып кеткен. Қырым билігі ұн, сүт, жұмыртқа және басқа да негізгі өнімдерді түбектен сыртқа тасуға шектеу қойып отыр.
Мұнда қазір ең басты кедергі - көлік. Халықаралық рейстер тоқтаған, Батыстан түбекке келетін кемелер де көрінбей кетті. Ал ресейлік туристерді тасымалдайтын паромдарда орын жоқ, жолаушы толып алған.
Евпаториядағы мейрамхана мен қонақүй қожайыны Диляра Якубова «Әуе
компаниялары бізге келетін туристердің барлығын жеткізе алмайды, олардың мүмкіндігі шектеулі. Паромдардың да шамасы жетпейді. Паромға отырған адам 14-15 сағат жүреді. Жол азабы туристің көңіл-күйін бұзады. Демалуға шыққан адамға ол жаман әсер етеді» дейді.
Якубованың фирмасы Қырым татарларының этнографиясы мен мәдениетіне қызығатын ауқатты туристерге қызмет етеді. Ол туристер үшін қызмет құнын барынша төмендетіп отыр, соның өзінде 24 бөлмесі бар қонақүйдің жартысынан көбі бос тұр.
Ол осының кесірінен бұрынғы пайдасының ширегін ғана көріп отыр. «Биыл туристер өте аз» дейді ол.
Қырымға жаңадан келген туристер жағажайға жеткеніне мәз. Ал бұрыннан демалып жүрген кәнігі туристер бос мейрамханалар мен дүкендерге, көңілсіз жұртқа қарап құлазиды. Судакта демалып жатқан жас жігіт: «Былтыр бұл жер құлпырып тұр еді, жақсы демалып, рақаттанып қайтқанбыз. Биыл бұнда бәрі қымбат әрі қызықсыз» дейді.
(Стас Юрченко, Усейн Джаббаров пен Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).