Accessibility links

Қырым татарларының «чебурек-қарсылығы»


Қырым татарларының "чебурек-қарсылығы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Қырым татарларының "чебурек-қарсылығы"

Қырым татарлары жергілікті сайлауға бойкот жариялап, қарсылық шарасы ретінде ет қосылған шелпек пісірді. Ресей күшпен қосып алған түбекті олар «өздерінікі» санайды.

Қыркүйектің 14-і күні Қырымда жергілікті және аймақ депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау күні қуырылған еттің исі Бақшасарай көшелерін алып кетті. Түбектің ежелгі тұрғындары - Қырым татарлары. Олардың көбі Ресей Украинадан наурыз айында бөліп алған Қырымдағы алғашқы сайлауға бойкот жариялады.

Ежелде Қырым хандығының астанасы болған Бақшасарайда кейбір татарлар сайлау күні үйде отырып, «чебурек» деп аталатын дәстүрлі шелпектерін пісірді.

«Сайлау дейсіз бе?» деп кекетеді Бақшасарайда тұратын Гүлзара чебурегін пісіріп тұрып. «Бәрін біздің сыртымыздан алдын ала шешіп қойған» дейді ол.

«Сайлау орнына - чебурек» акциясы Қырымдағы сайлауға көптеген татарлардың қарсы екенін аңғартады. Гүлзара «Наразылық шарасы жақсы өтті. Үйіме көп қонақтар келді, олар да сайлауға қатысқан жоқ» дейді.

Қара теңіз түбегінің тұрғындары Қырым парламенті мен Севастополь және басқа да қалалық кеңестерге депутаттар сайлады. Енді бұл депутаттар Қырым мен Севастополь губернаторларын сайлайтын болады.

Алдын ала жүргізілген санақ бойынша, «Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясы 70 пайыздан астам дауыс алған, Ресей либерал-демократиялық партиясы (ЛДПР) сегіз пайыздан астам дауыс жинаған. Бөлек сайлау өткен Севастопольде сайлаушылардың 59 пайызы дауыстарын «Біртұтас Ресей» партиясына берген.

Бірақ сыншылар сайлауды «заңсыз» деп есептейді. Ресейдегі сайлауды бақылайтын «Голос» ұйымы Қырымдағы бірнеше сайлау бөлімшелеріне кіре алмағанын айтты.

Сайлау Қырым татарларына қысым күшейіп жатқан кезде өтті. Олардың үйлерін тінту, діни орындары мен кәсіпкерлерін, мектептерін тексеру жиіледі.

Еуропа кеңесінің адам құқығы бойынша комиссары Нильс Муйжниекс «Мұндай шаралар адамдарды қорқытады» дейді. Ол Қырымға барып келген соң, қыркүйектің 12-сі күні «Қырым татарлары ғана емес, соңғы саяси оқиғаларға наразы болып отырған түбектегі этникалық украиндардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды» деп мәлімдеді.

(Мұстафа Уауштың мақаласын ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды)

XS
SM
MD
LG