Accessibility links

Денсаумин: Сәуір мен мамырда коронавирустың "жанама әсерінен" 343 адам қайтыс болды


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.

Биыл сәуір және мамырда коронавирустың "жанама әсерінен" 343 адам көз жұмды. Бұл туралы Азаттық сауалына жауап берген Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Қазақстанда мұндай диагнозбен қайтыс болғандар коронавирус жұқтырып көз жұмғандардың статистикасына қосылмайды.

Министрліктің дерегінше, коронавирус жұқтырса да, індеттің ресми өлім-жітім статистикасына сәуірде – 154, мамырда 189 адам енбеген. Ведомство бұл марқұмдардың өліміне Covid емес, басқа дерт себеп деп тапқан.

Екі айдың дерегін қоса алғанда Сovid ауруы "ілеспе диагноз" болған өлім саны жөнінен бірінші орында Алматы қаласы тұр. Мұнда 89 адамның өлімі осы санатқа жатқызылған. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (53), Павлодар (52), Ақтөбе (35), Қостанай (29) және Солтүстік Қазақстан (29) облыстары тұр.

Министрліктің мәліметінше, Шымкент қаласында, Түркістан және Қызылорда облыстарында мұндай өлім тіркелмеген.

  • Алматы қаласы - 89
  • Алматы облысы - 53
  • Павлодар облысы - 52
  • Ақтөбе облысы - 35
  • Қостанай облысы - 29
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 29
  • Ақмола облысы - 20
  • Қарағанды облысы - 11
  • Жамбыл облысы - 10
  • Шығыс Қазақстан облысы - 10
  • Батыс Қазақстан облысы - 2
  • Атырау облысы - 1
  • Маңғыстау облысы - 1
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 1
  • Қызылорда облысы - 0
  • Түркістан облысы - 0
  • Шымкент қаласы - 0

Ресми дерек бойынша, індет басталғалы коронавирустың "жанама әсерінен" қайтыс болғандар саны 1962-ге жетіп отыр.

Былтыр жазда пандемия өршіген тұста "31 арна" мен Азаттық зерттеуі Covid инфекциясына қайтыс болғандарға арналған зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкерелеген. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі оронавирус жұқтырған кейбір марқұмдарды "басқа дерттен қайтыс болды" деп ресми статистикаға қоспай отырғанын мойындаған.

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктемесінде коронавирус жұққаны расталса, оқыс жағдайдан (травма) өзгесінің бәрі Covid өліміне жатқызылуы тиіс делінген. ДДСҰ нұсқаулығында Covid жұқтырып қайтыс болғандар үшін коронавирустың әсерін созылмалы аурулардан бөлек қарастыруға болмайды деп жазылған.

Денсаулық сақтау министрлігі осыған дейінгі жауабында коронавирус "ілеспе диагноз" болды деген өлімдердің көбі қанайналым жүйесінің аурулары мен тыныс алу аурулары екенін хабарлаған. Мамандар коронавирустың ең әуелі осы қанайналым жүйесі мен тыныс алу жолдарына әсер ететінін айтады.

Медицина мамандары мен әлеуматтанушылар мұны коронавирус салдарын жұмсартып көрсету әрекеті деп бағалайды.

Коронавирус індеті басталғалы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің статистика жүргізуі көптеген дауға қалды.

Былтыр маусымның басында министрлік коронавирус жұқтырғандарды симптомды және симптомсыз деп екі бөлек санай бастады. Бірақ коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға тек симптомдылары ғана кірді. Денсауминнің санақты бұлай жүргізуінен негіз таппағандар қатары көбейген соң, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы сынға алып, шілде айында денсаулық министрлігі статистиканы қайта қосуға мәжбүр болды. Осы тұста Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып, оның себебін түсінбеген халықаралық институттар Қазақстан вирус үлкен қарқынмен тарап жатқан елдер қатарына қосты.

Бұдан бөлек, жаз айларында пневмония ауру өршіп кетті. 2020 жылғы 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында елде барлығы 256 541 адам (35 мыңы маусымда, 152 мыңдайы шілдеде) өкпе аурына шалдықты. Бұл алдыңғы жылдыкінен 3,3 есе көп көрсеткіш еді. Билік пневмонияға шалдыққандардың бұл дерегін ПТР тестімен расталмады деп коронавирус статистикасына қоспады. Мамандар ПТР тесті теріс шыққанымен, бұлардың бәрін коронавирус ауруы деп санау қажетін айтты. Ал ДДСҰ аурулар жіктемесінде, ПТР тесті теріс шығып, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға арнайы код белгіленді. Анализбен расталғаны U07.1 деп аталса, ауру белгілері бойынша анықталғаны U07.2 болды.

Жергілікті денсаулық мамандары мен халықаралық ұйымдардың үндеуінен кейін денсаумин 1 тамыздан бастап пневмония дерегін коронавирус статистикасына қосатынын айтты. Бірақ уақыты келгенде пневмония дерегі бөлек жарияланып, негізгі статистикаға қосылмады. Сыншылар мұны да статистикалық манипуляция деп атады. Санаулы апталардан соң Денсаулық сақтау министрлігі де, коронавирустың әлем бойынша тарауын бақылап отырған америкалық Джонс Хопкинс университеті де Қазақстанның екі дерегін қосып көрсете бастады.

Былтыр жазда "Сандж" зерттеу орталығы әлеуметтік сауалнама жүргізіп, 1 қыркүйекке дейін коронавирусты 3,8 миллион адам жұқтырған деді. Бұл сол кездегі ресми статистикадан 37 есе көп көрсеткіш еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, індет басталғалы 401 272 мың адамның анализінен Covid инфекциясы анықталған, оның 4160-і тікелей осы аурудың салдарынан қайтыс болған. Ал есебі 1 тамыздан бастап жүргізіле бастаған коронавирус пневмониясына 56 202 адам шалдыққан. Оның 3407-сі көз жұмған.

ПТР тестімен расталған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған және "ілеспе диагноз" өлімдерінің дерегін қосқанда барлығы 9529 адам көз жұмған болып шығады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр алдыңғы жылға қарағанда 29 мың адамға көп қайтыс болған. 2019 жылы 133 489 адам көз жұмса, 2020 жылы 162 613 адам өмірден озған. Бірақ бұл әлгі 29 мың өлімнің бәрі коронавирус жұқтырудан болды дегенді білдірмеуі мүмкін. Оның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне түскен салмақтың әсерінен жай уақытта оңай емделетін аурудан қайтыс болғандар да бар. Дегенмен мұның бәрі індеттің жалпы салдарына жатады.

  • Қазақстан вакциналау науқанын 1 ақпанда бастады. Әуелі ресейлік "Спутник V" екпесін еге бастады, кейін осы екпенің Қарағандыда өндірілген түрін қолданды. Одан кейін қолданысқа қазақстандық QazVac екпесі, Қытайдың Sinopharm және Sinovac компанияларының екпелері түсті. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2 миллион 490 мың адам коронавирус екпесінің кемі бір дозасын алған. Екі дозаны алғандар саны – 1 миллион 371 мың.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG