Accessibility links

Der Spiegel: Сирияда жиһадшылар шабуылға алты ай дайындалған


Сирия үкіметіне қарсы қарулы топ өкілдері. Алеппо, 29 қараша 2024 жыл.
Сирия үкіметіне қарсы қарулы топ өкілдері. Алеппо, 29 қараша 2024 жыл.

АҚШ пен өзге елдерде террористік ұйым танылған "Хайат Тахрир аш-Шам" жетекшілігіндегі қарулы топ Сирия президенті Башар Асадтың күштеріне қарсы әскери қимылға алты ай дайындалған. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Der Spiegel басылымы жазды.

Басылым дереккөзінің айтуынша, қазан айында олар Түркияға өз жоспарын таныстырған, алайда Анкара аймақтағы жағдайды ушықтырғысы келмей одан бас тартқан. Дереккөздің сөзінше, Башар Асадтың түрік жасағын Сирияның солтүстігінен шығару туралы талабынан кейін Түркия аталған қарулы топқа шабуылдауға рұқсат берген.

Сирияда жиһадшылар 27 қарашада Алеппо мен Идлиб провинцияларында шабуыл бастаған. 30 қараша кешке қарай қарулы топ Алеппоның басым бөлігі мен тұтас Идлиб провинциясын бақылауда ұстаған. Кей дереккөзге қарағанда, Сирия мен Ресей авиациясы "Хайат Тахрир аш-Шамның" штаб-пәтеріне әуеден соққы жасаған кезде топ жетекшісі Әбу Мұхаммад әл-Жолан қаза болуы мүмкін.

30 қарашада Сириядағы жағдайға алғаш рет президент Башар Асад түсініктеме берді. Оның сөзінше, үкімет әскері одақтастардың көмегімен мәселені шеше алады. Асад режимін Ресей, Иран, сонымен бірге ливандық шииттік "Хезболла" қолдайды. "Хезболланы" АҚШ террористік ұйым деп таныған. Еуроодақ аталған топтың әскери қанатын ғана террористік ұйымдар санатына жатқызған. Ливанда "Хезболла" саяси партиясы да бар.

Жиһадшылар шабуыл бастаған күні Башар Асадтың Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу үшін Мәскеуге барғаны хабарланды. Бірақ ақпарат ресми түрде айтылмады. Асад пен Путиннің келіссөзі жөнінде мәлімет түскен жоқ.

Ал Сирия үкіметінің жасағы жиһадшыларға тойтарыс беріп жатқанын, жуырда шабуылға көшетінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG