Accessibility links

"Ұстап әкетіп, қинап өлтірді". Туыстары жігіттің өліміне полицияны айыптады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде қаза болған Азамат Оразалының өліміне байланысты үш полицей қамауға алынып, "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Туыстары "мал ұрлығын мойындатпақ болған полиция жігітті қинап өлтірген" дейді.

ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕГІ ҚАЗА

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылдық округіне қарасты Қаратұма ауылының тұрғыны Азамат Оразалының полиция бөлімшесінде қазаға ұшырауы ауыл халқын дүр сілкіндірді. 33 жастағы тұрғынды сенбі, 17 қазан күні мал бағып жүрген жерінен полиция өкілдері "мал ұрлығына күдікті" ретінде ұстап, бөлімшеге алып кеткен. Сол күні кешке Оразалының полиция бөлімшесінде көз жұмғаны туралы суық хабар тараған. Куәгерлер сөзіне сүйенген туыстары Азаматты "полиция бөлімінде азаптап өлтірді" деп санайды.

20 қазанда Азаттық хабарласқан Мақаншы полиция бөлімінің қызметкері Әлібек Қасенов Азамат Оразалының өліміне байланысты үш адам қамалып, Қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабы бойынша іс қозғалғанын айтты.

– Кеше (19 қазан) алты адам жұмыстан шығарылды. Сол алтаудың үшеуі – бір жедел уәкіл мен екі учаскелік полиция инспекторы қамауға алынды. Қазір олар тергеу изоляторында, – деді Әлібек Қасенов.

Марқұмның туыстары полиция бөлімшесі қызметкерлері толығымен жұмыстан кетуі керек деп санайды.

Жұрт өзі барып, марқұмның сүйегін тауып алды.

– Дүйсенбіде халық жиналып, билікке "адам өліміне кінәлілерді ұстаңдар" деп кешкі сағат 9-ға дейін уақыт бергенбіз. Оларды жұмыстан шығарып жіберген, бірақ қамамаған. Бүгін таңертеңгі сағат 9-ға дейін қамаймыз деп жатқан. Біз полиция бөлімшесі қызметкерлерінің толығымен жұмыстан кетуін талап етіп отырмыз. [Сенбі күні] ашулы халық аудандық полиция бөліміне барған кезде мемлекеттік қызметкерлер жұмыс орнын тастап қашып кеткен. Жұрт өзі барып, марқұмның сүйегін тауып алды. Ақыры кетті ме, бәрі кетсін, – деді марқұмның туысы Дархан Оразалы сейсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, 20 қазанда халқы дүрліккен ауданға барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов марқұмның отбасына көңіл айтып, жұртты сабырға шақырған.

"АЗАПТАП ӨЛТІРДІ"

Марқұм Азамат Оразалыны туған-туысы мен ауылдастары 20 қазанда ақтық сапарға шығарып салды.

– Кәрі шешесі мен титтей қызы қалды. Әйелі екіқабат, желтоқсанда босанады. Қара шаңырақ қаңырап қалды. Енді екі әйел не істемек? Малға, үйге қалай ие болады? Үш ағайынды еді. Ағасы төрт жыл бұрын қаза тапқан. Енді міне Азаматтан айрылдық, – дейді марқұмның әпкесі Гүлзипа Бөлекбаева.

Азаматтың жан дауысы шыға айғайлағанын біраз адам естіпті.

Туыстары куәгерлердің сөзіне сүйеніп, полицияда Азаматты азаптап, қинаған деп санайды.

– Екінші қабаттағы бөлмеден бауырымның мүрдесін ауылдастар тапқан. Жігіттердің айтуынша, үстіне қол-аяғын матап тастайтын арнайы киім мен басына целлофан кигізген көрінеді. Тұншығып, қатты қиналған тәрізді... Азаматтың жан дауысы шыға айғайлағанын біраз адам естіпті. "Бұл кім?" деп сұрағанда, тергеліп жатқан адам ғой деп айтпаған, – дейді әпкесі Гүлзипа Бөлекбаева.

Ол полиция қызметкерлері Азаматқа "көрші ауылдың малын ұрлағанын мойындатпақ" болған дейді.

– Азамат турасын айтатын, бірбеткей жігіт еді. Алса, алғанын айтады. Алмаса "алмадым" дейді. Полиция бөлімшесіне Азаматпен бірге тағы екі жігітті апарған. Біреуінің әйелі еріп келіп, айғай-шу шығарған соң оларды қоя берген. "Азамат бізбен қайтпаушы ма еді?" деген кезде учаскелік полиция қызметкері "өзім алып барамын" деп оларды қайтарған. Бірақ ол кезде Азамат қайтыс болып кеткен, – дейді Гүлзипа Бөлекбаева.

Марқұмның әпкесі Салтанат Оразалы сенбі, 17 қазанда полиция бөлімшесінен Азаматтың мәйітін оны іздеп барған ауыл жігіттері тауып алғанын айтады.

– Екінші қабаттағы бір бөлмеге кірдім. Түпкі жақта бір есік бар екен. Бірақ мені онда жібермеді. Азаматтың денесін "сараптамаға алып кетті" деген. Ешқайда әкетпегенін, бауырымның мәйіті сол жерде жатқанын кейін естідім, – деді ол Азаттыққа.

"ӨЗ МАЛЫ ЕКЕНІ АНЫҚТАЛДЫ"

Азамат Оразалы мал өсірумен айналысқан. Ірі қара ұстаған. Туыстарының сөзінше, қазан айының басында әкесінің жылын өткізбек болып, бір жылқы сойған.

– Сойған жылқысын "көрші ауылдан ұрлағансың" деп жала жапқан. Бірақ кейін ол Азаматтың жылқысы екені анықталды. Сол сылтаумен тергеуге алып кеткен болып тұр ғой. Ақыры өлтіріп тынды. Үржарда сот-медициналық сараптама жасады. Бірақ анықтамаға "адам өлімінің себебі белгісіз" деп жазып берген, – дейді марқұмның әпкесі Салтанат Оразалы.

Туыстарының айтуынша, марқұмның денесінде "соққы ізіне ұқсас" дақтар болған.

Шығыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалығындағы жылқы. 9 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Шығыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалығындағы жылқы. 9 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Салтанат Оразалының айтуынша, 17 қазанда кешке Азаматтың өлімі туралы естіген халық көтеріліп, ауыл жігіттері полиция бөлімшесіне барған. "Кейінірек ауыл әкімі мен ақсақалдар қосылып, көтерілген жұртты әрең тоқтатты" дейді Салтанат.

Марқұмның анасы Гүлнәр Бөлекбаева Азаттыққа 19 қазан күні түстен кейін Мақаншы ауылы полиция бөліміне барып, арыз жазғанын хабарлады.

Бөлімшеге тірі кірген адамды бір сағаттың ішінде өлтірген. Баламның өлгені жайлы хабарламаған.

– Баламды ұрып-соғып, зорлық көрсетіп азаптаған полиция қызметкерлерінің үстінен арыз бердім. Бөлімшеге тірі кірген адамды бір сағаттың ішінде өлтірген. Баламның өлгені жайлы хабарламаған. Ұлымның өлі денесін артынан іздеп келген ауылдастары тауып алған, – дейді анасы.

Марқұмның артында бір жарым жасар қызы мен жүкті әйелі қалды. Жақындарының айтуынша, Азамат нағашы атасының қара шаңырағына ие болып отырған.

19 қазанда Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Мақаншы ауылының полиция бөлімшесінде "мал ұрлығына күдікті ретінде жеткізілген" 33 жастағы ер адамның қаза болғанын растады. Полиция департаменті бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

"Барлық жайт мұқият тексеріліп жатыр. Марқұмның жақын-туыстарымен бірге оқиға орны зерттелді. Қажетті сараптамалар, паталогоанатомиялық зерттеу де жүргізілді, оның нәтижесі әзірге дайын емес. Үржар ауданы әкімімен бірге қаза болған адамның отбасына бардық, туыстары мен жақындарының айтқанын тыңдадық, мәселе қаралып жатыр" деді облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйекте халыққа жолдауында азаптаумен күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру қажетін айтқан.

"Адам азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін бұл құжатты азаптау мен өзге де адамдыққа жатпайтын әрекеттермен күрес жөніндегі халықаралық конвенция шарттарымен сәйкестендіру керек" деді Тоқаев.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда полиция бөлімшесі мен қамау орындарында жиі қайталанатын азаптау қылмысының көбісі ашылмай қалатынын, оған кедергі көп екенін айтады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы былтырғы есебінде Қазақстанда қамауда отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау қалыпты жағдайға айналғанын" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG