25 шілдеде Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау өтті. Билік бұл науқанды "саяси модернизацияның жаңа кезеңі" деп сипаттаса, сыншылар сайлауды "демократия декорациясы" деп бағалап, мәслихат ұсынысымен аудан әкімі ауыл басшысын кез келген уақытта жұмыстан босата алатынына назар аударды. Ауыл тұрғындары жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан мәселелер шаш етектен екенін айтады. Азаттық тілшісі Шығыс Қазақстан облысының ауылдарын аралап, сайлаудың қалай өтіп жатқанын, жергілікті халықтың сайланған әкімдерден не күтетінін біліп қайтты.
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласына жақын маңдағы әкім сайлауы өтіп жатқан ауылға бару үшін 40 минут жүру керек. Шаңы бұрқыраған жолмен Достық ауылдық округінің әкімшілік орталығы – Шақаман ауылына жеттік. 25 шілде күні мұндағы сайлау учаскесінде 822 адам Достық ауылдық округінің (оған Шақаман және Достық ауылдары қарайды) әкімін таңдауға қатысып, дауыс берді.
"БІЗГЕ КЕЛІП ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҮРГЕН ЖОҚ"
Достықта бірде-бір инфрақұрылым нысаны жоқ. Есесіне жақында ауылдағы көше атаулары өзгерген.
Шақаманда төрт бірдей инфрақұрылым нысаны: орта мектеп (сайлау учаскесі соның ішінде орналасқан), әкімдік ғимараты, оның алдындағы балаларға арналған ойын алаңы және ауылдың қақ ортасында мешіт бар. Ауылда мобильді байланыс нашар болғанына қарамастан, дүкенде (жалпы саны – екеу) банк аударымдары арқылы төлем жасауға болады. Ыңғайлы.
Жолаушының көзіне бірден әкімдік ғимаратының сыртындағы "ҚазССР" және мектеп қақпасының үстіндегі үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) жазылған "Қош келдіңіздер!" деген сөз түседі.
Таңғы 7-ге қарай мектеп алдында алты зейнеткер, екі әкімшілік қызметкері – барлығы сегіз адамнан тұратын шағын кезек түзілді. Олар сайлау учаскесі ашылмай тұрып, журналистермен еркін әңгімелесіп, Достық ауылдық округін 9 жылдан бері басқарып келе жатқан әкім Нұркен Жарлыкеновтен асқан басшы жоғын айтты. Әкімді мақтау әнұран қосылғанша жалғасты. Осыдан кейін №195 сайлау учаскесі ашылды.
Таңертең дауыс берушілер аса көп болған жоқ, екі сағат ішінде 822 адамның 83-і ғана дауыс берді.
Азаттық тілшілері ауылда жүргенде екі нәрсе белгілі болды: а) тұрғындардың көбі қазіргі әкімді қолдайды; б) олар басқа кандидаттар – Жиенәлі ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Берік Айтқожин мен Айнабұлақ ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Мираш Байханов туралы ештеңе білмейді.
Шақаман тұрғындары сайлау туралы сұрақтарға бірдей жауап береді:
– Басқа кандидаттарды танымаймын, тек қазіргі әкімді ғана білемін, соған дауыс беремін.
– Жаңа адамдардың түрін көрген жоқпыз. Аты-жөнін де қазір оқып тұрмын. Олар туралы ештеңе естімедім.
– Басқа кімге дауыс береміз? Тек біздің әкім ғана тұр. Басқа екеуі қаладан келген, оларды көрген жоқпыз.
– Ол 9 жылдан бері әкім болып отыр, жарық жүргіземіз деп уәде берді, жақсы әкім.
– Не істейміз? Басқа әкім келсе, не болады? Олардың қолында тұрған ештеңе жоқ қой. Әкімді жамандасақ, біреу бізге жақсысын әкеліп бере ме?
Тұрғындардың сөзінше, ешкім үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын таныстырмаған. Бұл көріністер кісіні әртүрлі ойға жетелейді.
Шақаман халқы ерекше. Олар әкімін мақтайды, бірақ ауылда әлі күнге су мен жарық жоғын айтып шағынады. Ауыл коммуникациясының бір кемшілігі: тұрғындар аноним түрде пікір білдіргісі келеді, өйткені бәрі бірін-бірі таниды, сондықтан ашық сынауды дұрыс көрмейді.
– Бізде мәселе көп, су тек даладағы құбырда ғана бар, үйде жоқ. Ал біздің жасымыз келді, су тасу қиын. Ауылдың басқа бөлігіндегі адамдар жарықсыз отыр. Бірақ мәселе шешіліп жатқанға ұқсайды. Қазір су жүргізіп жатқан сияқты, – дейді ауыл тұрғыны Әлия (аты өзгертілді).
Әлияның күйеуі вахтадағы жұмысынан жаңа келген. Ол әзірге кімге дауыс берерін білмейді, бірақ сайлаудың керек екенін жақсы түсінеді.
– Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Құдай қаласа, ауылды көтереміз. Сайлау қажет. Халық сайлауы керек. Халық деген – мемлекет қой. Бәрін халықтың пікірін ескеріп, жасау керек. Халықсыз мемлекет болмайды, – дейді Нұрғазы.
Ауыл тұрғындары көшеде жарық, балабақша мен жергілікті хор тобына дайындалатын орын жоқ деген мәселе көтерді.
Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген Шақаман тұрғыны “балаларды қайда жіберерін білмей отырғанын, ауылда балаларға арналған орындар жоғын" айтты.
"АУЫЛ ӘКІМІНІҢ ҚОЛЫНДА БИЛІК ЖОҚ"
Жиенәлі ауылдық округінің әкімшілік орталығы – Бөкенші ауылы Шақаманнан 12 километр жерде орналасқан. Бөкенші Шақаманнан үлкен болғанымен, айналада тірі жан көрінбейді. Тек жабылған ғимараттар, Жеңіс саябағындағы киіз үй мен бос футбол алаңы ғана тұр. Ауылда мүлгіген тыныштық орнаған.
Адам қарасы көрінбеген ауылда біраз жүріп, ақыры жергілікті дүкен иесін сөзге тарттық. Ол жергілікті клубқа жөн сілтеді, сайлау учаскесі сол жерде орналасқан екен.
Біз келгенде сайлау учаскесінде бес минуттық үзіліс басталды. Қорғаныш костюміндегі қызметкер ғимарат ішін "кварцпен тазалап шықты". Кейінірек комиссия төрағасы сайлау учаскесі ашылғалы 1 сағат 45 минут ішінде 400 дауыс берушінің 150-і дауыс беріп үлгергенін мәлімдеді. Кейінгі бір жарым сағатта (11.15-ке дейін) дауыс беруге небәрі 11 адам ғана келді.
Сайлауға түсіп жатқан кандидаттар тізімінде Жиенәлі ауылдық округінің қазіргі әкімі Гүлжан Сыздыханова, Семей қалалық әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Нұргүл Мүслимова және Достық ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Әлия Айтышева бар.
Түске қарай күн ысып, 38 градусқа жетті.
Жолда кездескен бірлі-екілі тұрғынның жүзінен сайлау өтіп жатқанына қуанғаны байқалмайды.
– Гүлжан жақсы (қазіргі әкім. – Ред.) адам, жарық, су құбыры, саябақ – бәрі бар. Сайлау керек емес. Не үшін? Оған қанша ақша кетеді?! Одан да Гүлжан әкім болып қала берсін, – деді өзін Мұрат Нұрсұлтан деп таныстырған ер адам. Бірақ ол лезде пікірін өзгертіп, сайлау бәрібір керек деген байламға келді.
Ауыл тұрғындарының бірі кандидаттардың ешқайсысына көңілі толмайтынын айтты.
– Ер адам керек, ер адам. Әйелдер жұмыс істей алмайды, – деді ол.
Одан кейін кездескен тағы бір тұрғын да сайлауға күмәнмен қарайтынын, бұған өз себептері барын білдірді.
– Сайлау туралы не ойлауға болады? Сайлау керек. Халық таңдауы керек. Бірақ бұдан өзгеріс бола ма? Ересек адамбыз, бәрін білеміз. Бұл жақта ауыл шаруашылығы мәселесі бар, [ауыл шаруашылығы туралы] заңды өзгерту керек. Бәрін толық өзгерту керек. Бірақ бұл әкімге емес, мемлекетке, жоғарыдан қандай жарлық болатынына байланысты. Өзіңіз білесіз, барлық жерде жемқорлық, – деді аты-жөнін айтқысы келмеген ауыл тұрғыны.
– Аулымыз жоғалып бара жатыр. Адамдар көшіп жатыр, алғашқы жиырма үй үш жылдан бері қаңырап бос тұр. Мектепте оқушы саны жүзге де жетпейді, 11-сыныпты үш-төрт түлек қана бітіріп шығады. Асырап алған төрт балам бар. "Көмір береді, ананы-мынаны береді дегенді жұрттан естиміз. Мен ештеңе сұрамаймын, маған ештеңе бермейді. Берсе, алғыс айтып, аламын, бермесе, мейлі деп, ештеңе сұрамаймын, – дейді ол.
Аты-жөнін көрсетуге батпаған 73 жастағы әжей үйіне су кіргізу үшін сиырын сатуға мәжбүр болғанын айтады.
Зейнеткердің сөзінше, сайлау учаскесі орналасқан клубты басқарып отырған жігіт жақында Курчатовқа көшкелі жатыр, өйткені ауылда жұмыс жоқ.
– Ал бізге футбол алаңын салып береміз дейді, оның қажеті қанша? Бір футбол алаңы бар ғой!
Бөкенші ауылында халық күткен өзгерістер жақын уақытта бола қоймайтын сияқты. Өйткені ауыл өңірлерді дамыту бағдарламасына кірмей қалған.
Сағат 22.00-де Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясында өткен брифингте 25 шілдеде сайлауға дауыс берушілердің 90,9 пайызы қатысты деген ақпарат айтылды. Комиссия мүшелері облыстағы жағдайды "тұрақты" деп бағалады.
ПІКІРЛЕР