Accessibility links

Өзбекстандық белсендіге тағы да қысым жасалды


Өзбекстандық адам құқықтарын қорғаушы Елена Урлаева.
Өзбекстандық адам құқықтарын қорғаушы Елена Урлаева.

Өзбекстан билігі адам құқығы бұзылғаны туралы деректер жинаған құқық қорғаушы Елена Урлаеваны жазалаған соң, халықаралық ұйымдар белсендінің жағдайына тағы назар аударды.

Азаттық радиосы да, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар да оның мақта теруге жегілген адамдар туралы ақпарат жинап жүрген кезінде қамауға алынып, азапталғанын жазды.

Бұл жолы үкіметтің халықты мақта теру жұмыстарына күштеп жұмсайтыны туралы айғақ жинап жүрген белсендіні Чиназ қаласында ұстаған жергілікті милиция қызметкерлері мамырдың 31-і күні оны милиция бөлімшесіне апарып, қорлап, күш көрсеткен туралы Елена Урлаеваның өзі электрондық хатында баяндаған.

Өзбекстандық белсенді ұзақ жылдардан бері «экстремистік діни топтардың құрамына кірді» деген жалған айып тағылғандарды, 2005 жылғы мамырдағы Әндіжан оқиғасының құрбандарын, тұтқындалған не қуғынға ұшыраған оппозициялық саясаткерлерді және олардың туған-туыстарын, адам құқықтарын қорғаушыларды қорғаумен айналысып келеді. Ол тіпті Түркіменстанда 2007 жылы өткен президент сайлауына наразылық білдіріп, Ташкенттегі түркімен елшілігінің алдында наразылық шарасын да өткізген.

Бұл белсенділігі үшін ол көп рет азап көрген.

ҮЙІН ӨРТЕП, «ЖЫНДЫХАНАҒА» ТОҒЫТУ

Елена Урлаеваның ауыр күндері 2001 жылдың ақпан айынан басталды. Өзбекстанның Адам құқықтары қауымдастығын басқаратын ол 19 ақпанда Ташкенттегі ЕҚЫҰ кеңсесіне бара жатқан жерінен тұтқындалған. Билік органдары оған «антиконституциялық материалды сақтады» деген айып таққан. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы бұл іс туралы мынадай тұжырым жасаған:

Құқық қорғаушы Елена Урлаева мектеп оқушыларымен бірге мақта алқабында тұр. 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Урлаева мектеп оқушыларымен бірге мақта алқабында тұр. 2011 жыл.

«Полицейлер одан антиконституциялық материалды алып бара жатқанын мойындаған хатқа қол қойғызбақ болған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны жеті сағат бойы қамауда ұстап, оған су да, жүрек дертін басатын дәрі де бермеген. Оған «түрмеде отырғанда дәрі ішуге үлгересің» деген. Қамауда болған кезінде оған тапанша, резеңке шоқпар, белдік көрсетіп қорқытқан».

Көп ұзамай жағдай тіпті ушыға түсті. БҰҰ-ның аталған есебінде бұл туралы былай делінеді: «2001 жылғы 15 наурыздағы бірлескен мәлімдемесінде Соттан тыс, әкімшілік және басқа да істер жөніндегі Арнайы өкіл мен Арнайы есеп беруші Өзбекстан үкіметін 2001 жылғы 8 наурызда түн ішінде Елена Урлаева мен оның отбасы мүшелері ұйқыда жатқан кезде оның үйіне жанармай шашылып, өрт қойылды деген ақпараттарға шұғыл түрде назар аударуды сұрады».

БҰҰ өкілдерінің өтінішіне құлақ асқан ешкім болмады. 2001 жылғы 6 сәуірде адам құқықтарына байланысты жиынға бара жатқан жерінен Елена Урлаева тағы да қамауға алынды. Бұл жолы оны психиатриялық емханаға апарып, дәрігерлер оған «шизофрения» деген диагноз қойған.

10 сәуірде Мирабад ауданаралық соты «Елена Урлаева мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдауы тиіс» деген шешім шығарған. Сот отырысының болатыны туралы оған алдын ала хабар берілмеген.

Оны сол жылғы маусым айына дейін қамауда ұстап, одан соң сырттан кісі кіргізбейтін жабық психиатриялық ауруханаға жөнелткен. Сол жерде оған тыныштандырғыш дәрілер берген, бұл «емдеу шарасы» оның денсаулығына кері әсерін тигізген делінеді.

Елена Урлаева сол жылы қарашада бостандыққа шыққан. Бірақ, арада жарты жыл өткенде, 2002 жылғы маусымның 5-і күні дәл сол Мирабад соты оны қайтадан психиатриялық аурухаға жатқызу керек деген ұйғарым жасаған. Оның қарсы шағымы кері қайтарылып, Елена Урлаева 2003 жылдың қаңтарына дейін тағы да қамауда отырып шыққан.

ӘНДІЖАН ҚҰРБАНДАРЫ МЕН «ЭКСТРЕМИСТЕРДІ» ҚОРҒАУ

Босап шыққан соң белсенді әрекеттерін қайта жалғастырған Елена Урлаева 2005 жылы мамыр айында Әндіжанда бейбіт халыққа қарсы қару қолданған Өзбекстан өкіметінің әрекеттеріне наразылық білдірген. Сол жылдың тамыз айында милиция қызметкерлері оны саяси памфлет таратып жүргені үшін тағы да тұтқындаған. Арада бірнеше ай өткенде, қазанның 18-інде сот оны тағы да мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдауға жіберген. Сол жолғы сот процесіне Елена Урлаеваның өзі де, оның өкілі де қатыстырылмаған.

Құқық қорғаушы Елена Урлаева Өзбекстан президентінің резиденциясы алдында пикетте тұр. 21 ақпан 2015 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Урлаева Өзбекстан президентінің резиденциясы алдында пикетте тұр. 21 ақпан 2015 жыл.

Бұл жолы оны екі аптаға жетпей жылдам босатқан. Дегенмен, өз айтуынша, милицияда қамауда болған кезінде оны ұрып-соғып, азаптаған.

Елена Урлаева күресін сонда да тоқтатпады. Ол 2007 жылғы наурызда БҰҰ-ның Азаптау жөніндегі комитетіне түрмелер мен уақытша қамау изоляторларында жатқандарды үнемі ұрып-соғатынын дәлелдеп, хат жазды. Бұған қоса ол «экстремизммен айналысты» деген желеумен тұтқындалғандардың құқықтарын ашық түрде қорғап, оларға заңсыз айып тағылғанына ашық наразылық білдірген. Сол жылдары Өзбекстанда осындай айып тағылған мыңдаған адам түрмеге жабылған. Халықаралық және жергілікті адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар мұндай істердің көбінде айғақтардың жеткіліксіз болғаны, әрі милиция күдіктілерді азаптау арқылы «өз кінәларын мойындауға» мәжбүрлегені, айыпкерлер қамауда отырғанда, оларға сот процестері кезінде тиісті заңдылықтар сақталмағаны туралы мәлімдемелер жасаған.

2008 жылы желтоқсанда Ташкенттегі үкімет ғимаратының алдында пикет ұйымдастырғаны үшін Елена Урлаева мен оның қасындағы жақтастарына айыппұл салынған.

БЕС ЖАСАР БАЛАНЫҢ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛУЫ

2009 жылғы сәуірдің 5-ікүні бес жасар баласымен ғимараттан шығып келе жатқан Елена Урлаеваны әлдекімдер соққыға жығып кеткен. Human Rights Watch (HRW) ол оқиғаны былай суреттейді: «Қара киім және қара көзілдірік киген екі жас жігіт оны басынан ұрып, кеудесінен тепкен. Боқтық сөздер айтып жекіген олар «бұл елден баяғыдан кетіп қалуың керек еді, неге кетпей жүрсің?» деп айқайлаған. Шабуылдаушылардың бірі пышағын шығарып, Урлаеваның үстіндегі былғары костюмді бірнеше жерден кесіп тастаған. Урлаеваны кішкене баласының көз алдында ұрып-соққаны тіпті ақылға сыймайды».

Құқық қорғаушы Елена Урлаева «Әндіжанды ұмытпаймыз» деген жазу ұстап тұр.
Құқық қорғаушы Елена Урлаева «Әндіжанды ұмытпаймыз» деген жазу ұстап тұр.

22 сәуірде әлдекімдер Урлаеваның ұлын басынан бірнеше рет таяқпен ұрып кеткен. Соның кесірінен балаға «миы шайқалған» деген диагноз қойылып, ауруханаға жатқызылған.

Бірақ бұл шабуылдар да Елена Урлаеваны райынан қайтара алмады. Осы оқиғадан кейін де оны талай рет тұтқынға алып, айыптар тақты, қудалауға салды.

Енді, міне, белсенді әйел тағы да азапқа ұшырап отыр.

Егер Елена Урлаеваның өзі өтініш айтса, оған саяси баспана беретін елдер табылары сөзсіз. Өзбекстан үкіметі де оның елден кетіп қалуына бар жағдайды жасаған болар еді.

Бірақ ол Отанынан кетуге үзілді-кесілді қарсы. Ол Өзбекстандағы адам құқықтарын қорғау әрекеттерін әрі қарай жалғастыра беретін болса, тағы да тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталатынын біле тұра елінен кеткісі жоқ.

XS
SM
MD
LG