ҚЫРҒЫЗСТАН
Қырғызстанда қыста энергетика проблемасы болатыны көктем-жаз айларында байқалды.
Қырғызстан электр энергиясының көп бөлігін су электр станциясынан (СЭС) алады. Сарапшылар биылғы қуаңшылық кейінгі жылдардағы ең ірі энергетикалық дағдарысқа әкеледі деп болжайды.
Ұлттық энергия холдингінің басшысы Талайбек Бағзиев ел бойынша ірілі-ұсақты қалаларда "қосалқы көшелерді, жарнама мен дүкендердің алдын, кафе және адам тұрмайтын басқа де жерлерді" жарықтандыру шектелетінін мәлімдеді.
Бірақ бұл алдағы бірнеше ай бойы тұрғын үйлер мен бизнесті жарықпен және жылумен толық қамтуға жетпейді.
Тоқтоғұл су электр станциясы резервуарында қазір 12,5 миллиард текшеметр су бар. Бұл СЭС Қырғызстандағы электр энергиясының 40 пайызын өндіреді.
Бір жыл бұрын қоймада 15,2 миллиард текшеметр су болған. Ал қыстан қиындықсыз шығу үшін СЭС-те 16-17 миллиард текшеметр су болуы қажет.
Қырғызстанның вице-премьері Әзиз Аалиев әдетте күз-қыс айларында электр энергиясын жеткілікті көлемде өндіруге 6-7 миллиард текшеметр су кететінін мәлімдеді.
Оның сөзінше, қазір резервуарда 12,5 миллиард текшеметр су барын ескергенде, сәуірде су турбина деңгейіне жетіп, СЭС жұмысына қауіп төнеді.
СЭС қалыпты жұмыс істеуі үшін кемінде 5,5 млрд текшеметр су керек.
Қырғызстан билігінің алдында екі жол бар. Бірі – биыл қыста пайдаланатын су көлемін азайтып, көктем-жазда қажет болатын су көлемін сақтап қалу. Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы жеріне қажет суды осы резервуардан алады. Екінші жол – алдағы жылы су көлемінің азайып, Тоқтоғұл СЭС жұмысы тоқтап қалатынын түсіне тұра, осы күз-қыста суды әдеттегі көлемде тұтыну.
Екінші жол Өзбекстан мен Қазақстанды қуанта қоймасы анық. Бұл елдер Тоқтоғұл су қоймасына су толтыруға мүмкіндік беру үшін Қырғызстанға электр энергиясын экспорттап отыруға келіскен.
Қырғызстан билігі алдағы жылдан бастап электр энергиясын қымбаттатуды жоспарлап отыр. Бұл маңызды шешім болғанымен, оны халық қолдай қоймайды.
Президент Садыр Жапаров Facebook’те Өзбекстан мен Қазақстан Тоқтоғұл суын жер суаруға, ал "Қырғызстан тек электр энергиясын өндіруге пайдаланатынын", Қырғызстан халқы [тұтынатын электр энергиясы] арзан болғандықтан, [оның көлеміне] алаңдамайтынын" жазды.
Жапаровтың сөзінше, импорттан келетін электр энергиясының бағасы халықтың үкіметке төлеп отырғанынан қымбат. Ал бұл мемлекет қазынасына қиындық туғызады. Жапаров "Құдай қаласа, 2024-2025 жылдарға қарай энергия жетіспеушілігін еңсеріп, экспортқа шыға бастаймыз" деп жазды.
Қырғызстанда мұнай немесе табиғи газға көп сұраныс болмағандықтан, халық үйді жылытып, электр энергиясын алу үшін дәстүрлі және арзан энергия көзіне, яғни, көмірге келуі керек.
Көмір бағасы бүкіл әлемде, оның ішінде Орталық Азияда да қымбаттап жатыр.
Бішкек жылу электр станциясы (ЖЭС) жақында жөнделіп, жаңартылды. 2017 жылдың аяғында станциядағы жөндеу аяқталған соң бір ай өтпей ақау шығып, ЖЭС істемей қалған. Мұның себебі жемқорлыққа барып тіреледі. Шенеуніктер Қытайдың Бішкек ЖЭС-ін жөндеуге бөлген 384 миллион долларының 100 миллионын жымқырған.
Қырғызстан астанасы осы ЖЭС-ке тәуелді. Билік қазірдің өзінде қыста станция жұмысына қажет болатын көмірді Бішкекке жеткізіп жатыр.
Елде көмір тасымалына қатысты алаңдаушылықтың артқаны сонша, жергілікті Қырғызкөмір компаниясы Нарын облысындағы Қара-Кеше шахтасына бейнебақылау орнатқан. Бұл – Қырғызстандағы ең ірі шахталардың бірі. Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті оны күзетуге "Альфа" арнайы жасағын жіберген.
Қырғызстанда көмір қымбаттап жатыр. Бұған наразы халық жауапты адамдарды айыптап отыр.
2020-2021 жылғы қыста Бішкекте көмірдің тоннасы 3600-3800 сом (42-45 доллар) болған. Бірақ биыл баға 5000 (60 доллар) сомға жеткен. Ал қаладағы орташа жалақы – 220 доллар шамасында.
Парламент депутаты Тазабек Икрамов солтүстік-шығыстағы Қаракөл қаласында көмірдің бір тоннасы 6 мың сомға, ал оңтүстіктегі Баткен облысында 7,5 мың сомға жеткенін айтады.
ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан әзірге энергия тапшылығы туралы айтып жатқан жоқ. Бірақ баспасөз құралдары Нұр-Сұлтан қаласына көмір жеткізіліп жатқанын хабарлады.
Мемлекеттік Қазақпарат агенттігі 8 қазанда айдың алғашқы аптасында Нұр-Сұлтанға 171 вагон көмір жеткенін хабарлаған.
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде оныншы орында тұр. Сондықтан мұндағы проблема көмір жеткізуде емес, сол көмірге тәуелді болуында. Елде өндірілетін энергияның жартысынан астамы осы көмірден келеді.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба 2023 жылға қарай аяқталуы керек.
Нұр-Сұлтан "Болашақ энергиясы" тақырыбына арнап ЭКСПО-2017 көрмесін өткізіп, жаңғырмалы энергия көздерін қолдануға шақырды. Содан бері төрт жыл өтті. Сөйткен Нұр-Сұлтан алдағы қыста халықты жарық пен жылумен қамту үшін көмір пайдаланбақ.
Биыл қыста қалалар мен ауылдарда көмір жағу Орталық Азияның шығысындағы ауаның ластану проблемасын ушықтыра түседі.
Бішкек – әлемдегі ең ластанған қалалардың бірі. Қазақстандағы Алматы қаласы да ауасы ластанған қала ретінде танылған.
Желді жазық далада орналасқанына қарамастан, кейінгі жылдары Нұр-Сұлтанның аспаны да ЖЭС-тен шыққан түтіннен көз ашпай қалды.
ӨЗБЕКСТАН
Өзбекстанда 1 триллион текшеметр табиғи газ қоры бар. Бір қарағанда, бұл елде азаматтарға газ беруде проблема болмауы керек сияқты.
Бірақ 2020-2021 жылдары қыста көп ауыл, әсіресе Ташкент көшелері уақытша газсыз қалды.
Бірнеше қала тұрғындары газдың тоқтағанына қарсы шығып, наразылық өткізді. Желтоқсанның ортасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жылына 2 миллиард доллар табыс әкеліп отырған газ экспортын тоқтатуды бұйырды.
2018 жылы қаңтарда Мирзияев газ алу көлемін жылына 57 миллион текшеметрден 67 миллион текшеметрге жеткізуді тапсырды. Бірақ 2020 жылы газ алу көлемі 18,2 пайызға азайып, 47,1 млрд текше метр болды деп жазады ВР әлем энергетикасының 2021 жылғы статистикалық шолуында.
Өзбекстан билігі биыл газ проблемасының алдын алу үшін импортталатын газ тарифын төмендетті және Түркіменстаннан көп көлемде газ сатып алуға келісті.
Былтыр қыста электр жарығы мен газ өшіп қалғанда, шенеуніктердің қолынан тек газ канистрлерін, ағаш пен көмірді қолжетімді ету ғана келді.
Көмір өндірісі Орталық Азияның Түркіменстаннан басқа елдерінде көп жыл бойы артып келеді.
Биыл Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алғанына 30 жыл болады. Осы аралықта олар электр энергиясы өндірісінің қуатын жақсартуға және жаңғыртуға өз қаржысын жұмсады. Осы мақсатта көп қарыз бен гранттар да алды.
2021 жылдың қысы жақындап қалды. Ал аймақта жылу мен жарық көзі әлі де көмір болып отыр. Тіпті, көмір пайдаланған күннің өзінде Орталық Азия халқының бәрін жылумен және энергиямен қамту мүмкін болмайды.
ПІКІРЛЕР