Азаттық радиосы

«Қыздарым өскен соң өз хикаямды міндетті түрде айтып беремін». Әйгерім

Елена ВЕБЕР

Қар. 25, 2020

Әйгерім Мекішева түсік тастап, әзер аман қалғаннан кейін күйеуінен кетуге бел буған. Аяғы ауыр келіншектің құрсағындағы баладан айрылуына күйеуінің ұрып-соғуы себеп болған. Үш баласы бар 32 жастағы келіншек осы оқиғаға дейін тоғыз жылға жуық күйеуінің әңгіртаяғына шыдап келген.

Қазір Әйгерім – Теміртаудағы дағдарыс орталығына алғаш келген кездегідей жасқаншақ, ашушаң, көз жасы құрғамайтын әлжуаз әйел емес. Ол болашаққа жоспар құрып, сүйікті адамымен бірге бала тәрбиелеп, бір кезде өзіне жәрдем берген ұйымда ерікті болып жұмыс істеп жүр. Әйгерім мұнда зорлық көріп, панасыз қалған әйелдерге қолдау көрсетумен айналысады.

– Бастысы – дер кезінде көмек қолын созу керегін түсіндім. Мұны өз басымнан өткердім, – дейді ол.

Жастайынан жетім қалған Әйгерімнің балалық шағы еміс-еміс қана есінде. Жеті жасында анасы қайтыс болған, ал әкесі мүлде есінде жоқ. Әуелде балалар үйіне тапсырылған Әйгерімді бірнеше жылдан кейін туысы қолына алған. Бірінші рет тұрмысқа шыққанға дейін сол үйде тұрған.

19 жасында Қарағандыдағы колледжде оқып жүрген Әйгерімді мүлде танымайтын жігіт алып қашқан. Ол өзіне ұнаған қызды ауылдағы ата-анасының үйіне апарған. Әйгерім оған тұрмысқа шығуға келісіп, сол үйде қалған.

– Оны жақсы көріп қалдым, сенім арттым – дейді ол.

Көп ұзамай Әйгерім ұлды болған. Күйеуі көрінген адамнан қызғана берген соң оқуын аяқтамай тастап кеткен. Уақыт өте келе күйеуі спирттік ішімдікке әуес болып, мас кезінде әйелін қорлап, ұрып-соғатынды шығарған. Әйгерім бұл қорлыққа үш жыл төзгеннен кейін қолындағы баласымен туысының үйіне кетіп қалған.

Кейінірек Әйгерім тағы бір ер адаммен танысқан. Ол қамқор, сабырлы болып көрінген осы адамға тұрмысқа шықсам, бәрі басқаша болады деп ойлағанын айтады. Бірақ екеуі бірге тұра бастағаннан кейін ол да мінез танытқан, әсіресе, ішімдікке сылқия тойып алған кездері Әйгерімді таяқтың астына алуды әдетке айналдырған.

– Ол достары мен туыстарының көзінше ұрып-соғатын. Таяқ жеген күйімде көшеге тастап кететін. Бірнеше рет көшедегі жұрт маған жедел жәрдем шақырды. Оны не достары, не анасы тоқтата алмайтын, – дейді Әйгерім.

Ол достары мен туыстарының көзінше ұрып-соғатын. Таяқ жеген күйімде көшеге тастап кететін.

Ол күйеуі ұрып-соғып, құрсағындағы шаранадан айрылған күн өміріндегі ең ауыр сәт болғанын айтады.

– Үлкен ұлым сол күнді әлі ұмытқан жоқ. Мені ауруханаға апаратын көлікті әзер таптық. Дәрігерлер құрсағымдағы шарананы алып, жатырды тазалады. Осыдан кейін ештеңеге зауқым болмады. Бірақ балаларым үйде қалған соң, солар үшін қайтып баруыма тура келді. Тіпті отадан кейін ауруханада жатудан да бас тарттым. Өйткені күйеуіме де, оның жақындарына да сенбей, балаларымды жалғыз қалдыруға қорықтым. Бір айдай қызуым көтеріліп, қозғалуға шамам келмей төсек тартып жаттым. Тұла бойым ауыратын. Ол келіп, кешірім сұрады. Бірақ оны көргім келмеді, көңілім суып кетті. Осыдан кейін кетіп қалдым. Ол да тоқтатуға тырыспады, ештеңе өнбейтінін өзі де түсінсе керек, – дейді Әйгерім.

Ол күйеуінен кету өте ауыр тигенін, көңілі құлазып, өмірден түңіле жаздағанын да жасырмайды.

Иллюстрация авторы - Жанара Қаңтарбай

– Төзімім таусылған сәтте өзіме қол жұмсаймын деп ойладым. Бірақ балаларымның далада қалмайтынына, киімі бүтін, қарны тоқ болатынына көз жеткізгім келді. Әлеуметтік желіден қарағандылық белсенді Әлия Садырбаева туралы біліп, соған хабарластым. Балаларымды асырауға жағдайым жоғын, оларды балалар үйіне тапсырғым келетінін айттым. Ол Теміртаудағы «Мой дом» дағдарыс орталығынан жәрдем сұрады. Ол жерде бізге ұзақ уақыт тегін тұруға мүмкіндік беріп, қажет заттармен қамтамасыз етті, жәрдемақы мен алимент алуға құжат рәсімдеуге көмектесті. Маған бұл жерде материалдық, моральдық тұрғыда көп көмек көрсетті. Бұрын-соңды ешкімнен мұндай жанашырлық көрмегем, – дейді Әйгерім.

Әйгерім балаларымен бірге орталықта бір жылдай тұрған. Ұзақ уақыт онымен психолог жұмыс істеген. Әйгерім енді өзін ешкімнің қорлауына жол бермейтінін айтады.

– Өзім мен балаларым үшін өмір сүру керегін түсіндім. Қорлық пен таяққа үнсіз төзіп жүрген әйел көп екенін білемін. Оларға «өзіңді ешкімге басындырма» дегім келеді.

Қазір Әйгерім орталықтан пана тапқан өзге әйелдерге көмектесіп жүр. Оларға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, қазақ және орыс тілдерінде аударма жасап, жаңа туған сәбилерге қарайды. Ол осында жаңадан отбасын құрған.

– Орталықта жүріп бір ер адаммен таныстым, тіл табысып кеттік. Ол маған үнемі көмектесіп, қолдау көрсетті, кейін бізді орталықтан алып кетті. Бірге тұрып жатқанымызға үш жыл болды. Перзент сүйдік. Енді бәрі жақсы болатын шығар деген үмітпен осындай қадамға бардым, – дейді Әйгерім.

Өзім мен балаларым үшін өмір сүру керегін түсіндім.

Біреуден ілгері, біреуден кейін қарапайым тірлік кешіп жатқан отбасы барға қанағат етеді. Күйеуі кәсіпорында жұмысшы болып істейді. Әйгерім «Мой дом» орталығында ерікті болып қызмет атқарады, балаларына қарайды. Қазір бір кезде тастап кеткен оқуын аяқтап, жұмысқа тұруды ойлап жүр.

Әйгерім балаларының білім алуына баса мән беретінін айтады. Әсіресе екі қызын көзінің қарашығындай сақтауға тырысады.

– Қыздарым үшін қатты алаңдаймын. Есейген соң оларға міндетті түрде өз хикаямды айтып беремін. Алла қыздарымды әлгіндей адамдардан сақтасын. Оларды қолымнан келгенше қорғайтын боламын, – дейді Әйгерім.

Оқи отырыңыз

«Күлуді енді ғана үйрендім». Алтынай

– Сол күн жадымда мәңгі жатталып қалды. Дастархан басында ас ішіп отырғанбыз, сөзден сөз шығып, ол бетімнен жұдырықпен салып қалды. Үнім шықпай, ішімнен тындым, бірақ көз жасымды тоқтата алмадым. Жылағанымды көріп, шашымнан ұстап қонақ бөлмеге сүйреп апарды, – дейді Алтынай 15 жыл отасқан күйеуінен қалай кеткенін еске алып.

«Бұл сенің ғана емес, баланың да өмірін құртады». Индира

– Не айтатыны бар, әдеттегідей ұрып-соғатын, – деп бастады әңгімесін Индира. – Тұрмыстағы түрлі мәселеге, ақшаға бола ұрсысатынбыз. Ондайда күйеуім жұдырығын ала жүгіретін. Арасында кідіріс жасап алып, бірнеше сағат бойы сабаған кезі де болды. Қылқындырып, үйге қамап кететін. Бірде басымды жарып қойды.

«Көмек сұрасаң қол ұшын беретін жандар әрқашан табылады». Әсел

Әсел Машеваны бұрынғы күйеуі жиі қылқындыратын. Әлімжеттіктен Әселдің жүрегі лобып, көңілі құлазитын.

Зорлық құрсауын бұзғандар

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова тұрмыста әлімжеттік көрген жандарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап берді.