Азаттық радиосы

«Бұл сенің ғана емес, баланың да өмірін құртады». Индира

Хадиша АҚАЕВА

Қар. 25, 2020

– Не айтатыны бар, әдеттегідей ұрып-соғатын, – деп бастады әңгімесін Индира. – Тұрмыстағы түрлі мәселеге, ақшаға бола ұрсысатынбыз. Ондайда күйеуім жұдырығын ала жүгіретін. Арасында кідіріс жасап алып, бірнеше сағат бойы сабаған кезі де болды. Қылқындырып, үйге қамап кететін. Бірде басымды жарып қойды.

Сабырлы, мінезі ұяң, жасы 30-ға таяған Индира (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) басына әңгіртаяқ ойнатып әдеттенген күйеуінен жеті жыл бойы кете алмаған.

Анасы Индираны бала кезінде тастап кеткен. Қыз бесінші сыныпта оқып жүргенде әкесі қайтыс болған. Ол Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында тұратын, өзі «әбики» деп атайтын әжесінің тәрбиесінде өскен. Индира орта мектепті бітірген соң, ақша болмай оқуын жалғастыра алмаған.

– Күйеуіме дейін теміржолшы болып істейтін жігітпен кездесіп жүрдім. Жақсы отбасынан шыққан еді. Бірақ ол маған үйленейік деп ұсыныс жасаған кезде бас тарттым. Жас кезімде «әке-шешем де, жасауым да жоқ, ертең барған жерімде осыны бетіме басады» деп төменшектейтінмін. Ақымақтық қой. Ал кейін күйеуімді кездестіргенде, «қандай жақсы, ересек адам, жұмыс істейді, ешкімнің қолына қарап отырған жоқ» деп ойладым, – дейді Индира.

Тұңғышына аяғы ауырлағаннан кейін Индира әлгі адаммен бірге тұра бастаған. Оның есірткіге тәуелді екенін сол кезде бір-ақ білген. Кейінірек күйеуінің 20 жылдан бері есірткіге үйір жан екені белгілі болған.

– Бір жылда үш-төрт айға есірткіні тастап, өте жақсы адамға айналып шыға келетін. Қалған кезде ұрып-соғатын, – дейді Индира.

Үй-күйсіз, мүлде ештеңесіз баламен далада қаламын деген қорқыныш болды. Оны кешіріп, полицияға берген бүкіл арызымды қайтарып алдым.

Күйеуі есірткіге салынған кездері айлап үйге келмейтін болған соң Индира өз алдына өмір сүруге тырысып, небір ауыр жұмыс та істеген. Даяшы да, бір күнде жарты қаланы шарлап тауар сататын сауда агенті де болып еңбек еткен. Тәулігіне 18 сағат жұмыста жүретін кондуктор болып та көрген. Бірақ анда-санда алатын тұрақсыз табысы баласын қарайтын күтушінің ақысына ғана зорға жеткенін айтады.

Индира бірнеше рет бөлек тұруға да тырысып көрген. Сондай бір оқиға Индираның ғана емес, жеті жасар ұлының да есінде қалыпты. Баспана іздеген жас ана дағдарыс орталығынан жәрдем сұрамақшы болғанымен, Семей қаласынан ондай мекемені таба алмаған. Сөйтіп тауы шағылып, барар жер таба алмай сенделген келіншек әр жолы өзіне түзелгенін айтып, жалынып, кешірім сұрап келген күйеуіне қайтып баруға мәжбүр болған.

– Үй-күйсіз, мүлде ештеңесіз баламен далада қаламын деген қорқыныш болды. Ол ара-тұра жұмыс істеп тұратын, кейде жақсы табыс табатын. Оны кешіріп, полицияға берген бүкіл арызымды қайтарып алдым. Жалғыз қалудан қорқып, үміт артып, сендім.

Иллюстрация авторы - Жанара Қаңтарбай

Индира жарты жыл бұрын жұмыс тауып, күйеуінен біржола кеткен. Алғашқыда пәтер жалдап тұрған, ал осындан бір ай бұрын тіпті жеке баспана сатып алған.

– Шағын орынды жалға алып, көкөніс пен жеміс-жидек сатамын. Кәсібімді ары қарай дамытсам деген үмітім бар. Әрине, карантин саудаға әсер етті, бірақ бір амалын табармыз деп ойлаймын.

Индира «Неге төздім?», «Неліктен кетіп қалмадым?» деген сұрақты өзіне өзі сан рет қойғанымен, толымды жауап бере алмайды. Әзірге бір нәрсені айқын түсінгенін айтады. «Қанша жерден қиын болса да, бірден кетіп, жаңа өмір бастау керек екен. Қорқынышқа қарамай, онымен күресіп, кетіп қалған дұрыс. Тығырықтан шығар кез келген жолды іздеу керек, өйткені бұл сенің ғана емес, баланың да өмірін құртады» дейді ол.

Оқи отырыңыз

«Күлуді енді ғана үйрендім». Алтынай

– Сол күн жадымда мәңгі жатталып қалды. Дастархан басында ас ішіп отырғанбыз, сөзден сөз шығып, ол бетімнен жұдырықпен салып қалды. Үнім шықпай, ішімнен тындым, бірақ көз жасымды тоқтата алмадым. Жылағанымды көріп, шашымнан ұстап қонақ бөлмеге сүйреп апарды, – дейді Алтынай 15 жыл отасқан күйеуінен қалай кеткенін еске алып.

«Қыздарым өскен соң өз хикаямды міндетті түрде айтып беремін». Әйгерім

Әйгерім Мекішева түсік тастап, әзер аман қалғаннан кейін күйеуінен кетуге бел буған. Аяғы ауыр келіншектің құрсағындағы баладан айрылуына күйеуінің ұрып-соғуы себеп болған. Үш баласы бар 32 жастағы келіншек осы оқиғаға дейін тоғыз жылға жуық күйеуінің әңгіртаяғына шыдап келген.

«Көмек сұрасаң қол ұшын беретін жандар әрқашан табылады». Әсел

Әсел Машеваны бұрынғы күйеуі жиі қылқындыратын. Әлімжеттіктен Әселдің жүрегі лобып, көңілі құлазитын.

Зорлық құрсауын бұзғандар

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова тұрмыста әлімжеттік көрген жандарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап берді.