Азаттық радиосы

Зорлық құрсауын бұзғандар. Жаңа өмір бастаған әйелдердің хикаясы

Азаттық радиосы

Қар. 25, 2020

Алтынайды – 15 жыл, Әселді – 10 жыл, ал тепкіден құрсағындағы сәбиінен айрылған Әйгерімді тоғыз жыл бойы күйеуі ұрып-соққан. Индира жеті жылға жуық бірге тұрған серігінің әңгіртаяғынан көз ашпаған. 25 қараша әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою күні Азаттық оқырман назарына төрт әйелдің хикаясын ұсынады. Әрқайсысының тағдыры әрқилы төртеуінің де өзін жәбірлеген адамнан кетуге батылы жеткен.

«Зорлық құрсауынан босап шығуға әрқашан тырысу керек, себебі зорлық-зомбылыққа көніп өмір сүру мүмкін емес. Және ондайда өзіңді толымды адам сезіну де қиын. Зорлыққа куә болып өсіп келе жатқан балаларды ойлау керек. Заң мен құқықтық қорғау құралдары бар. Қиын екені рас, бірақ өзіңді құрметтемейтін, ар-ожданыңды таптап, ұрып-соғатын адаммен бірге тұруға болмайды» деп санайды Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова.

Байсақова тұрмыста әлімжеттік көрген жандарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап берді.


Отбасында зорлық-зомбылық көргендер жәбірлеушіден неге кетіп қалмайды?

Сарапшылардың пікірінше, тұрмыста зорлық-зомбылық көрген адамның өзін жәбірлеушіден кетпеуіне әсер ететін бірнеше негізгі фактор бар. Олардың қатарына мамандар жапа шегушінің ондай қадамның салдарынан, әсіресе жәбірлеушінің қудалауынан қорқуын жатқызады. Көбіне осындай жағдайға тап болған адам оны ұят санайды, немесе мойындағысы келмейді, оларды психологиялық жарақат пен өзіне деген сенімсіздік күйзелтеді. Осының бәрі жапа шегушінің өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен адаммен байланысын үзуіне кедергі келтіреді.

Зүлфия Байсақова қазақстандық әйелдердің экономикалық тәуелділігі мен мемлекет тарапынан тиісті көмектің болмауын да басты себеп ретінде ерекше атап көрсетеді.

«Әйелдердің өзіне зорлық көрсеткен серігінен немесе күйеуінен кете алмауына негізгі себеп – әрине, экономикалық тәуелділік. Олар мемлекеттік құрылымдардың әлгіндей серігінен кеткен әйелге көмектесетініне сенбейді.

Екінші себеп – әйелдерді зорлықтан қорғаудың қазіргі жүйесіне сенім мүлде аз. Әйелдердің көбі біздегі жазаның қылмысқа сай емесін жақсы біледі, сондықтан «күйеуімді жауапқа тартып, үйден кетіп, басыма бәле тілеп қайтем, өйткені ол ары қарай да қыр соңымнан қалмайды және бұдан кейінгі біреу де дәл осындай болып шығуы әбден мүмкін» деп ойлайды».

Отбасындағы әлімжеттіктің салдары қандай болады?

Зүлфия Байсақова: «Зорлық-зомбылық салдары аса қайғылы жайтқа әкеледі: әйел мүгедек болып қалуы мүмкін, ондай әйелдердің арасында инсультке шалдығатындар өте көп.

Зорлық-зомбылыққа куә болған балалар психосоматикалық ауруларға ұшырайды, өйткені жәбір көрген анасы немесе әпкесі сезінген үрей мен уайымды олар да басынан өткереді. Екіншіден, балада энурез (шыжың), кекештену және тағы басқадай қиындықтар пайда болады.

Өзін қор санап, өз-өзіне көңілі толмайды. Әйел жәбірлеушінің айтқанына көніп, айдағанына жүре бастайды. Бұл – өте қорқынышты. Күш көрсетіп, қол-аяғын сындыру да салдарсыз қалмайтыны сөзсіз. Ал экономикалық әлімжеттік кезінде жапа шегуші үнемі жалтақтап, өзінің бүкіл жүріс-тұрысын әрдайым бақылауда ұстайтын жәбірлеушінің алдында кез келген іс-әрекеті үшін есеп беруге тырысады. Тек осылай екенін түсінген кезде ғана әйел кетуге бел байлауы мүмкін».

Қалай және қайда кетуге болады?

Зүлфия Байсақова: «Көбінесе ер адам көңілдес тауып немесе өзге әйелді артық санағанда, немесе балаға қарсы күш қолданғаннан кейін әйелі одан кетуді ұйғарады. Әдетте олар дағдарыс орталықтарына көмек сұрап барады. Ондайда әйелдер өз құқығы үшін күресуді бастайды. Менің тәжірибемде күйеуінен кетпесе денсаулығына қауіпті екенін түсінгенге дейін сондай тірлікке мойынсұнып, тіпті 20 жыл бойы онымен бірге өмір сүрген әйелдер көп кездесті.

Жәбір көрсетушіден кеткісі келетін әйел ең әуелі кәсіби мамандарға жүгінуі керек. Бұрын өзі де ондайдан жапа шеккен, ешқандай білімі жоқ, бірақ көмек қолын созуға аса ықыласты адамдардан емес, ол жұмыстың қыр-сырын меңгерген білікті психологтар мен заңгерлерден кеңес алғаны дұрыс.

Кәсіби деңгейде көмек көрсетіп жүргеніне бірнеше жыл болған ұйымдар бар. Мемлекеттік құрылымдар бар, оларды отбасындағы зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге көмек көрсетіп, жұмыс істеуге мәжбүрлеу керек. Ең алдымен 150 нөміріне хабарласып, кеңес пен қажет ақпарат алған жөн. Сондай-ақ 8-708-10-608-10 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджеріне жазуға болады. Ол жерде сұраққа нақты жауап береді.

Әр өңірде дағдарыс орталығы бар. Егер жоқ болса, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор болуы тиіс. Бұл деректерді 150.kz сайтынан табасыз. Болмаса 150 нөміріне хабарласып, ондай деректерді алуға болады.


25 қараша – әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою күні. Төрт әйел – Алтынай, Әсел, Әйгерім мен Индира Азаттыққа көп жылға жалғасқан әлімжеттіктен қалай құтылып, жаңа өмірді қалай бастағанын айтып берді.

Мақала шаблонының авторы - Михаил Агеев.