2017-2018 жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде лагерьде болдық деген үш ер адам қамаудан шыққаннан кейін бала сүйе алмай жүргенін айтады. Олар денсаулықтағы бұл кінәратты лагерьмен байланыстырады.
Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылында тұратын 32 жастағы Ерғали Ермек пен әйелі бірнеше жылдан бері бала сүйе алмай жүр.
Алматыдағы дәрігерлердің медициналық анықтамасында Ерғали Ермектің қуықасты безінің дифузиялық өзгеріске ұшырағаны жазылған. Бұл өзгеріс ер адамның репродуктивті функциясына кері әсер етеді. Ерғалидің өзі денсаулығындағы бұл кінәратты лагерь мен түрмедегі қысымнан көреді. Ол 2017 жылы қарашада Қазақстаннан Қытайға барғанда ұсталып, лагерьге қамалғанын, онда бір жыл бір ай отырып шыққанын айтады.
- 2012 жылы Қазақстанға келіп, ықтиярхат алдым. Кейін Қазақстан мен Қытай арасында сауда жасап жүрдім. 2017 жылы Қытайда ұстап, намаз оқитынымды, Қазақстанға кеткенімді сылтау етіп бір аптадай түрмеге қамап, кейін лагерьге жауып тастады. Лагерьден шыққан соң тағы үйқамақта болдым. 2019 жылдың басында Қазақстанға келген соң бірінші әйеліммен арамыз суып, ажырасып кеттік. Арамызда ұлымыз бар. Екінші әйеліммен отасқаныма бір жылдан асты, ортамызда бала жоқ, бала сүйе алмай жүрміз, - дейді ол.
Ерғали Шыңжаңда лагерьде отырған кезде екі мәрте "жұқпалы ауруларға қарсы" деп екпе салғанын, бірнеше рет дәрі бергенін, содан кейін денесі бөртіп кеткенін айтады.
- Қытайда түрмеде бір апта жатқан кезде кінәлардыңды мойында деп ұрып-соқты. Ешқандай кінәмыз болмаса нені мойындаймыз. Алматыға келе салып дәрігерге қаралдым. Дәрігерлер "еркектік ұрық өліп қалған, ешқандай мүмкінді жоқ" деп отыр, - дейді қазір мал шаруашылығымен айналысып жүрген Ерғали.
"БАР АРМАНЫМ – БАЛА СҮЮ"
2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың сәуіріне дейін Шыңжаңдағы лагерьде қамауда болдым деген Орынбек Көксебек те бір жылдан бері бала сүйе алмай, қазір өзі тұратын Алматы қаласында уролог дәрігерге қаралып жүр. Былтыр шаңырақ көтерген 40 жастағы Орынбек денсаулығының нашарлауын "лагерьдегі қинаудан, ішкізген дәріден" деп біледі.
Лагерьде өзіне физикалық және психологиялық қысым көрсеткенін, соның салдарынан ашуланшақ, ұмытшақ болып қалғанын айтқан ол "жан жарамды кім емдейді?" дейді. Оның "жан жарам" деп отырғаны – сәби сүю арманы. Жаңадан шаңырақ көтерген Орынбекке дәрігерлер "елу пайыз мүмкіндігің бар" деген.
- Лагерьден шығып, Қазақстанға келген соң шаңырақ көтердім. Міне, 40 жасқа келдім. Бар арманым – бала сүю. Қытайдан келгелі емделіп жүрмін. Әйелімді де тексерттім. Дәрігерлер әйелімнің денсаулығында кінәрат жоғын айтады. Әлі емделіп жүрмін. Дәрігер "50 пайыз мүмкіндігің бар" деген. Дәрігердің берген дәрісін ішсем, қысымым көтеріліп, мұрнымнан қан кетеді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Мені Қытайда қатты қинады. Укол салды. Ұрды-соқты. Қазір жұмыс жасайын десем денсаулығым да жарамайды. Алматыдағы бір мекемеде күзетші болып жүрмін. Жұмыста отырмай көп тұрсам қан қысымым көтеріліп кетеді, - дейді ол.
Дәрігерлердің ұсынған медициналық сараптама қорытындысында Орынбек Көксебектің олигоспермия (ер адамның ұрғындағы сперматозоидтың азайып кетуі) дертіне шалдыққаны жазылған.
"ТҮРМЕДЕ СЫРТЫНДА ҚАҒАЗЫ ЖОҚ ДӘРІ БЕРЕТІН"
Қытайда "жазықсыз 98 күн түрмеде, бір жарым жылдай саяси лагерьде, жарты жыл үйқамақта болғанын" айтқан Ербақыт Отарбай "жұмысқа жарамсыз болып қалғанын, бала сүйе алмай жүргенін" айтады. Алматыдағы дәрігерлер везикулит және қуықасты безінің дифузиялық өзгеріске ұшыраған деген диагноз қойған.
- 47 жасқа келдім. Қытайда бірінші әйелімнен екі бала бар. Кейін Қазақстанға көшерде екінші рет үйленген болатынмын. Екінші әйелімнен де екі бала. Үлкені 11 жаста, кішісі 5 жасар. Қартайып тұрғаным жоқ. Әлі де бала сүйгім келеді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Қазақстанға келгеннен кейін дәрігерлерге қаралдым, емделдім. Нәтиже болмады. Әйелім де "баламыз бар ғой, уайымдама" дейді. Түрмеде дәріні көп іштім. Ішің ауырса да, тісің ауырса да дәріні бере береді. Оның сыртында қағаз да жоқ. Қандай дәрі екенін білмейміз де. Ал лагерьге келгеннен кейін жұқпалы аурулардан сақтайды деп 2018 жылы қаңтарда укол салған болатын. Басында мен ғана ма деп күмәнданып, жүрдім. Кейін сұрастырсам, лагерьден келген жігіттердің бәрі сондай екен. Әйелімнен бе деп оны да дәрігерге апардым. Дәрігер "кінәрат сенде" деп отыр, - дейді ол.
Алматы облысы Жаңа Шамалған ауылында тұратын Ербақыттың сөзінше, ол 2015 жылы екінші әйелімен және екі баласымен Алматыға келіп, 2016 жылы Қазақстан азаматтығына құжат тапсырған. 2017 жылы наурызда азаматтығы шығады. Бірақ виза алуды қиынсынып, Қытай төлқұжатымен мамырда Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағындағы әке-шешесіне барғанда жергілікті сақшылар (учаскелік инспектор) құжаттарын алып қояды.
- Әкем ауырып жатқан еді. Қолымдағы ықтиярхатты (шетелде туған қазақтарға Қазақстан азаматтығын алғанша елде тұруға рұқсат беретін қағаз – Ред.) пайдаланып, соңғы рет бір барып қайтайын деп асығыс-үсігіс шығып кеттім. Бара салысымен қолымдағы құжаттарды жинап алды. Екі айдай жүріп қалдым. Әкем отадан аман-есен шықты. Содан кейін құжатымды алып, кері қайтайын деп жергілікті сақшы бөліміне бардым. Олар бермеді. Сөйтіп жүргенімде шілде айында Тарбағатай аймағынан "Сіздің тұрақты тіркеуіңіз сол жақта екен, тіркеуді өшіріңіз" деп шақырту келді. Бармадым. Екі күн өткеннен кейін өздері келіп алып кетті. Тұрақты тіркеуімнің Алтай аймағынан Тарбағатай аймағына қалай ауысқанын білмеймін, - дейді ол.
Ербақыттың сөзінше, оны Тарбағатайға апарған бетте тергеуге алып, түрмеге қамайды. Ол түрмеде тергеушілер "Қазақстанға не үшін бардың?", "Кімдермен араласасың?", "Намазға жығылатының рас па?", "Не үшін діни уағыз тыңдайсың?", "Бала-шағаңды неге ала келмедің?" деген сұрақтар қойғанын, ұрып-соққанын айтады.
- Түрмеге кіргенде 96 келі демі, шыққанда 71-72 келі болдым. Сонымен үш айдан асқанда, мені түрмеден шығарып, саяси үйрену лагеріне алып келді. 2018 жылы қарашада "Қазақстанға көшіп кеткен, қос азаматтықты сақтаған" деген айыппен мені 7 жылға соттау туралы шешім шығарды. Бірақ түрмеге емес киім тігетін фабрикаға жіберді. Сол жерде бір ай болдым. Бір күні аяқ астынан жергілікті жердегі орган адамдары мен әкімдік өкілдері келді де бір топ адамды, яғни Қазақстанда туыстары бар, артынан іздеп арыз жазған адамдарды босатты. Бізге "үйге қайтасыңдар, бірақ осы жерде болған оқиғаларды ешқайда шығармайсыңдар. Егер ондай жағдай болса мұндағы туыстарың ренжімесін" деп ескертті. Лагерьден кейін тағы алты ай үйқамақта отырдым. 2019 жылы мамырда Қазақстанға келдім, - дейді ол.
"ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СОҚҚЫ АЛҒАНДАР БАР"
Ерғали Ермек, Ербақыт Отарбай және Орынбек Көксебек қазір Қазақстан азаматтығын алған. Үшеуі де "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымының көмегімен Алматы қаласындағы "On Clinic" емханасында дәрігерлік тексеруден өтіп, емделіп жүр. Үшеуінің уролог-дәрігері "пациенттердің бір жылдан бері емделіп жүргенін" растады, бірақ одан өзге ақпараттарды бере алмайтынын жеткізді.
Ал "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымы Шыңжаңда туыстары қалып екіге бөлінген отбасыларға құқықтық жағынан, сыртқы істер министрлігіне арыз жазып көмектесуден бастаған. Ұйымның мәліметінше, кейін арызданғандардың туыстары лагерьден босап, Қазақстанға келе бастаған және Шыңжаңнан оралғандардың арасында түрлі сырқатқа шалдыққандар, психологиялық соққы алғандар болған. "Халықаралық құқықтық бастама" өкілдері Шыңжаңнан келгендерді дәрігерге көрсету үшін краудфандинг арқылы ақша жинаған. Қоғамдық ұйым жиналған ақшаға 30 адамды дәрігерге қаратқан, кейбірінің көзі мен құлағына операция жасалған. "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымының өкілдері қазір қаржы тапшылығынан бұл көмектің тоқтап тұрғанын айтады.
Қытайда саяси лагерьде болғандардың құқығын қорғаумен үздіксіз айналысып келе жатқан "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан "лагерьге отырып шыққан еркектердің біразы белсіздік ауруына шалдыққанын" айтады. Оның сөзінше, лагерьде отырып шыққан әйелдердің де басында мұндай қиыншылық бар.
- Лагерьден шыққаннан кейін кем дегенде алты ай үйқамақта ұстайды. Сондықтан олар үлкен қалалардағы дәрігерлерге қарала алмайды. Тек ауылдық жердегі емханаға барады. Мұны жергілікті билік басқаша түсіндіреді. Шындығында Қытай мұсылман халықтарын ұрпақсыздандыру саясатының жемісін көру үшін және салған екпелерінің нәтижесін бақылау үшін қамаудан шыққандарды үйқамақта ұстайды. Бұл – біздің лагерьде болдым деген жүзден астам еркектің сөзінен аңғарғанымыз, - дейді "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі.
ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙ
БҰҰ, АҚШ бастаған батыс елдері және адам құқығын қорғау ұйымдары Пекин 2017 жылдан бастап Шыңжаңда бір миллионнан астам мұсылманды лагерьге және түрмеге қамап, азаптап, өз тілі мен дінінен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр деп мәлімдеген. Қытай бұл Шыңжаңдағы орталықтарды терроризм мен экстремизммен күрес үшін ашылған "қайта тәрбиелеу және кәсіп меңгеру орындары" деп атайды. Пекин 2014-2019 жылдары мұндай орталықта 7,7 миллиондай адам "кәсіп меңгеріп" шыққанын, қазір орталықта ешкім қалмағанын мәлімдеген. Бірақ Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлері 40 пайызға артқаны айтылады.
Бұған дейін де халықаралық ұйымдар, басылымдар және лагерьде отырып шыққандар Пекин Шыңжаңда мұсылмандардың туу деңгейін азайтуға талпынып жатыр деп дабыл қаққан. Мәселен, Қытай бойынша халықаралық сарапшы Адриан Зенц жариялаған зерттеуінде Қытай мұсылмандардың санын азайту үшін әйелдерді күштеп стерилизация жасап жатқанын мәлімдеп, мұны "демографиялық геноцид" деп атаған.
Биыл қыркүйекте америкалық CNN арнасы Шыңжаңда 2018 жылы бала туу үш есеге төмендегені жайлы есеп жариялаған. Шыңжаң билігі CNN арнасына берген жауабында өлкеде бала туу азайғанын растаған, бірақ әйелдерді күштеп жасанды түсік жасату, баласын алдырып тастау сынды қысымды жоққа шығарған.
28 қазанда АҚШ-та бірнеше сенатор "Қытай Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарға геноцид жасап жатыр" деп жариялайтын резолюция таныстырған.
Қытай билігі Шыңжаңдағы жұртты ұрпақсыздандыру, жаппай стерилизациялау айыптарын жоққа шығарады. Пекин лагерьде отырып шыққандардың және құқық қорғаушылардың "Қытай мұсылмандардың тууын шектеп жатыр" деген сөздерін "жалған" дейді.