Accessibility links

Қытайлық қазақ студенттер Түркияны паналауға мәжбүр


Лагерьдегі туыстарымен кездесуге келген адамдар. Шыңжаң өлкесі, Қытай, 3 желтоқсан 2018 жыл.
Лагерьдегі туыстарымен кездесуге келген адамдар. Шыңжаң өлкесі, Қытай, 3 желтоқсан 2018 жыл.

Қытайда туып-өскен бірнеше этникалық қазақ студент екі жылдан бері Түркияда бас сауғалап жүр. Қазақстан сыртқы істер министрлігі оларға виза беруден бас тартқан.

Египеттегі Әл-Азхар университетінде оқып жүрген Ерлан Қызыр, Қуандық Асқарбек, Айшолпан Сәрсенбай, Яхия Рахметхан мен Нұрсара Әкім 2017 жылы Түркияға бас сауғалап кеткен. Олардың айтуынша, сол жылы Әл-Азхарда Қытайдан келіп білім алып жүрген мұсылман студенттерді жаппай ұстап, елдеріне қайтару басталған. Этникалық қазақ студенттер пана іздеп Каирдегі Қазақстан елшілігіне барғандарын, бірақ оларды дипломатиялық өкілдік қабылдаудан бас тартқанын айтады.

- Египетте оқып жүргеніме екі жылға таяп қалған болатын. Маусым айының аяғына таман сонда (Әл-Азхар университеті – ред.) Қытайдан келіп оқып жүрген мұсылман студенттерді Қытайдан келген сақшылар (қауіпсіздік қызметкерлері – ред.) мен [жергілікті] полиция өкілдері бірігіп жаппай ұстай бастады. Біз көмек сұрап сол жердегі Қазақстан елшілігіне бардық. Бірақ олар қабылдамай қойды, - дейді Ерлан Қызыр Азаттыққа.

Студенттердің барлығы – Шыңжаң өңіріндегі Іле Қазақ автономиялық облысының тумалары. Ерлан Қызырдың айтуынша, Әл-Азхар университетіндегі Қытайдан келіп оқып жүрген 15-ке жуық этникалық қазақ студенттің тек бесеуі ғана Түркияға өтіп, Шыңжаңдағы жаппай қамау науқанынан құтылған. Ол бесеудің екеуі – отбасылы. Қуандық Асқарбек пен Айшолпан Сәрсенбай және Яхия Рахметхан мен Нұрсара Әкім некелескен.

Қытай үкіметі 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы аз санды мұсылман этнос өкілдерін мыңдап саяси үйрету орталықтарына қамай бастаған. Шетелге қашқан қытайлық мұсылмандар кемсіту, азаптау мен қорлыққа ұшырағандарын айтып шағынады. БҰҰ бастаған халықаралық ұйымдар Пекинді адам құқықтарын өрескел бұзып отыр деп айыптаған. Қытай арнайы оқыту орындарында "саяси сауат ашу" мен "қосымша мамандық игеру курстары оқытылады" деп мәлімдеген.

"ҚЫТАЙҒА БАРСАҚ, БІЗ ДЕ СОТТАЛАМЫЗ"

Египеттен шетке қашуға мәжбүр болған қытайлық қазақ студенттер Түркияға өтуге жергілікті Түркия қазақтары көмектескенін, заңды түрде виза алып бергендерін айтады. Қуандық пен Айшолпан Түркияға келгенде кішкентай қызды болған. Қазір бүлдіршіннің жеке басын куәландыратын ешқандай құжаты жоқ. Ал үлкен екі баласының Қытай азаматы екендігін растайтын паспорттарының мерзімі бітуге жақын.

- Екі жыл болды Қытайдағы туыстарымыздан ешқандай хабар жоқ. Осыдан екі жыл бұрын балдызым Бағдатты Әл-Азхарда оқып жүрген жерінен шақыртып алды. Оның да отбасы болған. Әйелімен бірге ұшақтан түскен жерде ұстап, соттап жіберген. Кішкентайларының қайда екенін білмейміз. Егер Қытайға барсақ, біз де бірден сотталып кетеміз, - дейді Қуандық.

Шыңжаңдағы лагерьде отырған туыстарының суреттерін көрсетіп отырған адамдар. Алматы, 21 қаңтар 2019 жыл.
Шыңжаңдағы лагерьде отырған туыстарының суреттерін көрсетіп отырған адамдар. Алматы, 21 қаңтар 2019 жыл.

Қытайлық қазақ студенттер өздері жайлы ақпаратты толық ашып айтудан қорқады. Анкарадағы Қазақстан елшілігіне бірнеше мәрте барып, көмек те сұраған. Олардың айтуынша, әуелі анкета толтыртып, өздері жайлы ақпараттың бәрін ағылшын тіліне аудартқан. Бір аптаның ішінде Қазақстанға шығу визасын беруге уәде еткен. Бірақ елшілік кейін: "Сендерге қатысты Қытайда саяси мәселе бар екен. Қазақстанға ешқашан өте алмайсыңдар" деген. Бірақ нақты қандай саяси мәселе екенін ашып айтпаған.

- Отбасын құрғанымызға бір жыл ғана болды. Біз үшін Қытайдағы туыстарымыздың дауысын есту арман болды. Біздің бар кінәміз – діни оқу оқығандығымызда, - дейді Яхия Рахметхан.

Египеттегі Әл-Азхар университеті.
Египеттегі Әл-Азхар университеті.

Әл-Азхар университеті мұсылман әлеміндегі ең көне әрі танымал теологиялық оқу орны болып саналады. Бес студент Түркияға өткен соң жергілікті жоғарғы оқу орындардың біріне түсіп, оқып жатыр. Университетке уақытша тіркелген. Азаттық қытайлық қазақ студенттердің қазіргі ресми мәртебесі мен болашақ жағдайы туралы Түркия сыртқы істер министрлігіне сұрау салып, ақпан айының 25-інде ресми хат жіберген. Министрліктің баспасөз қызметі "хатты алғандарын, кейінірек жауап жіберетіндерін" айтқан. Бірақ әлі ешқандай жауап болмады.

Биыл ақпанның 9-ында Түркия сыртқы істер министрлігі Қытайдың Шыңжаңдағы аз санды мұсылман этнос өкілдерін жаппай қамауын қатты сынап, арнайы мәлімдеме таратқан. Анкара Қытайдан Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарын" жабуды талап еткен. Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Хами Аксой: "Миллионнан астам ұйғырдың азаптау орталықтарында қамалғаны қазір құпия емес. Қамауға алынбағандар қысымға ұшырап жатыр. Қытай билігінің 21 ғасырда лагерь ашуы және ұйғырларды қудалауы – адамзатқа жасалған қарсы әрекет" деген. Пекин Анкараның бұл мәлімдемесін "жалған айыптау" деп теріске шығарған.

СІМ-нің ЖАУАБЫ

Қытай билігінен қашып, Қазақстаннан көмек сұраған Түркиядағы қазақ студенттерге не себепті виза берілмегені туралы Қазақстан сыртқы істер министрілігіне де арнайы сауал жолдадық. Министрліктің баспасөз қызметі жазбаша жауабында: "Бес қытайлық қазақ 2017 жылы Түркиядағы Қазақстан елшілігіне виза алу үшін хабарласқан. Бірақ, олардың құжаттары Қазақстанның ұлттық заңнамаларына сәйкес болмағандықтан виза берілмегендігін мәлімдейміз" деп қысқа қайырды.

2017 жылдың сәуір айынан бастап Қытайдағы аз ұлт өкілдерінің қысым көріп жатқаны туралы қазақстандық ақпарат құралдары үнемі жазып келеді. Бұған дейін Қытайдағы саяси үйрену орталықтарында болған бірнеше азамат Азаттыққа сұхбат беріп, басынан кешкендерін баяндаған болатын.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияровтың Азаттыққа берген соңғы мәліметі бойынша, 2018 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың наурызына дейін Қазақстан билігіне "Қытайдан Қазақстанға қайта алмай отырған" 1410 Қытай азаматына қатысты 3000-нан астам арыз түскен. Олардың басым бөлігі екі жақты келісім негізінде Қазақстанға оралып жатыр.

Министрліктің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында: "2018 жылдың есебі бойынша Қазақстанның Қытайдағы консулдық мекемелері тарапынан 9514 этникалық қазақ – Қытай азаматына виза беріліп, олар Қазақстандағы туыстарына келді" деп жазылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG