Accessibility links

"Басқа елде мұндай министрлікті "жеп" қояр еді". Жаңаөзендегі наразылық туралы сарапшылар пікірі


Жаңаөзенде әкімдік алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.
Жаңаөзенде әкімдік алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.

2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының ауылдарында сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсы наразылық басталды. Батыста автокөлікке сұйытылған газ қолданады. Былтыр автогаздың бір литрі 50-60 теңге болса, биыл жанармай бекеттеріндегі баға күрт өсіп, 120 теңгеге жеткен. Әлеуметтік желіде бұл мәселеге қатысты пікір білдірген нарық сарапшылары, саясаттанушылар, журналистер мен тұтынушылар газ бағасының қымбаттауына үкіметті кінәлап отыр.

Нарық сарапшысы, кәсіби энергетик Әсет Наурызбаев сұйытылған газ бағасының қалай қалыптасатынын түсіндіріп, мәселенің себебін энергетика министрлігінің 2 қаңтарда жасаған "2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған газ тауар биржалары арқылы ғана сатылады" деген мәлімдемесінен іздейді.

Әсет Наурызбаев бұл туралы Facebook парақшасына "Сауда алаңы қалай жұмыс істейтінін білесіз бе? Қазақстан нарығында сауда ашылған кезде брокерлер Enter батырмасына жабысып, бірінші лотты барынша арзан бағада сатып алуға тырысады. Осыдан кейін келесі кезге дейін сауда жабылады. Газды жедел қимылдаған брокерлер алып кетеді. Лоттарды сатып алушыларға кездейсоқ әдіспен тарату әлдеқайда жеңіл болар еді. Бағаның өсуіне ішкі нарыққа бөлінген квотаның аздығы әсер етті. Квота бөлумен энергетика министрлігі айналысады (мұндай тиімсіз жұмыс басқа кімнің қолынан келуі мүмкін?). Қауымдастық өкілдерінің үнсіз отырғаны таңғалдырады. Басқа нарық ойыншылары болса, мұндай министрлікті "жеп" қояр еді" деп жазды.

"Бұл елді жемқорлықтан бұрын ақымақтар құртады" деген пікір айтқан журналист Вадим Борейко энергетика министрлігінің жауабына таңғалғанын жасырмайды.

"Энергетика министрлігі жексенбі күні түстен кейін баспасөз хабарламасын жариялап, бағаның өсуін сұйық газ өндірушілерінің тауарды электронды саудаға шығаруымен түсіндірді. Энергетика министрі Мағзум Мырзағалиев жағдайды осылай түсіндіруге болады, адамдар ведомсто мәлімдемесін оқып, "Ә-ә, электронды сауда ма?! Бірден солай демейсіңдер ме!” деп, үйлеріне тарап кетеді деп ойласа керек. Бірақ ешкім үйіне кеткен жоқ" деп жазды журналист.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв сұйытылған газдың өңірдегі ең арзан бағасы Қазақстанда тіркелгенін айтып, иллюстрация салды. Ол алдағы жылдары газ бағасы тағы да өседі деп болжайды.

@FINANCEkaz телегам-каналының авторы "Жанармайға ұқсас жағдай қалыптасты: нарықты тым ұзақ уақыт ұстап отырды. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған газ 100% тауар биржалары арқылы ғана сатылады. Биржа саудасы кезінде газдың бір литрі 60 теңгеден сатылатын ескі бағаны қайтаруды талап ету орынсыз (шын мәнінде ақылға қонбайды). Қазақстан нарықтық экономика жағдайында өмір сүреді, ал нарықтық экономика ережесі бойынша бағаны реттеу, оның үстіне, биржа тауарының сатылымына араласу мүмкін емес" деп жазды.

Үкімет "газ бағасын арзандатамыз" деп хабарлаған соң, канал авторы мемлекеттің тез берілгенін айтып сынады.

"Биржада баға өскен болса, оны арзандату кімнің есебінен жүреді? Наразылар тұтынатын арзан газдың ақшасын қалған азаматтар төлейтін сияқты" дейді қаржы сарапшысы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев газ бағасының қымбаттауы инфляция деңгейі жоғары кезге тұспа-тұс келіп, қазақстандықтардың отбасылық бюджетіне қосымша салмақ түсіргенін айтады. Сарапшы Қазақстан қоғамының әртүрлі бөлігінде наразы көңіл-күй артып келеді, сондықтан себебі мен ауқымы әртүрлі кикілжіңдер өршуі мүмкін деп топшылайды.

"Тәжірибе көрсеткендей, кез келген уақытта, әртүрлі себептен әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін. Бастысы, алғышарты қалыптасса болды. Жаңаөзеннің болашағына көз жүгіртсек, кен орындарындағы қазба байлық сарқылып, 2030 жылға қарай өңірдегі мұнай өндірісі азайған кезде жұмыссыздықтың, сәйкесінше, әлеуметтік шиеленістің жаңа толқыны басталуы мүмкін" деп жазды саясаттанушы.

Маңғыстау облысындағы мұнайдан алынатын сұйытылған газды Жаңаөзенде орналасқан Қазақ мұнай өңдеу зауыты өндіреді. Зауыттан айына 14,5 мың тонна өнім шығады, бірақ бұл көлем өңір сұранысын (18 мың тонна) қанағаттандырмайды. Болашақта газ өндірісі мүлде тоқтауы мүмкін. Жергілікті биліктің дерегінше, зауыт құрылғылары 90 пайызға ескірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG