1950 жылы 25 маусымда Кореяның солтүстігі оңтүстігіне басып кіріп, үш жылға созылған соғыс басталды. Соғыс құжат бойынша әлі аяқталған жоқ. Фотографтар 70 жыл бұрын басталған соғыстың қалай өрбігенін суреттер арқылы баяндайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталарда Совет Одағы мен АҚШ Корея түбегін Жапониядан азат етіп, бірі түбектің солтүстігін, бірі оңтүстігін қарамағына алды.
Екі ядролық алпауыт түбекті тастап шыққан соң 1950 жылы 25 маусымда Солтүстік Кореяның коммунист диктаторы Ким Ир Сен екі елді бөліп тұрған 38-параллельді басып өтіп, Оңтүстік Кореяны жаулап алмақ болады. Ким Ир Сен шабуылды бастау үшін Иосиф Сталиннің мақұлдауын алған деседі.
Оңтүстік Кореяның әскері бастапқыда күш көрсете алмай, шегінуге мәжбүр болды. Совет Одағының Шпагин пулеметімен, артиллериясымен және T-34-85 танкісімен қаруланған Солтүстік Корея сарбаздары көршілерінің әскерін оңтүстікке қарай ысырып, Сталинизмнің кореялық нұсқасын орнатқысы келді.
Әлем елдері 1930-жылдары нацистік Германияға “ілтипат” білдіргені үшін ыңғайсыз күй кешкендіктен, Кореядағы агрессияға тойтарыс беру идеясы оңай қолдау тапты. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 7-1 дауысымен (Югославия ғана қарсы дауыс берген) “[Оңтүстік Кореяға] әскери шабуылға тойтарыс беру үшін және аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік қалпына келтіру үшін” әскер жіберуді мақұлдады.
Совет Одағы 1950 жылдың қаңтарынан Қауіпсіздік кеңесіне бойкот жариялап, Корея соғысы жөніндегі жиынға қатыспады. Тарихшылардың айтуынша, Совет Одағы дауыс беруге қатысқанда, резолюция қабылданбауы мүмкін еді, себебі кеңестің тұрақты мүшесі ретінде оның вето құқығы болды.
БҰҰ-ның қолдауымен АҚШ коммунистердің оңтүстікке жылжуын тоқтатуға тырысты.
АҚШ-тың алғашқы әскери күштері саны жөнінен де, жабдықталу жөнінен де қарсыласына жол берді. Танкіге қарсы қарулары коммунистердің T-34 танкілерін тоқтатуға қауқарсыз болды. Сөйтіп АҚШ-тың басында жіберген 400 сарбазының, 60-ы қаза тауып, 82-і тұтқынға түсті.
Көп ұзамай коммунистер БҰҰ күштерін Корея түбегінің оңтүстік шығысына - 230 шақырымға созылатын Пусан периметрінің арғы жағына ысырып тастады.
Қорғаныс сызығына айналған Пусан периметріне Солтүстік Корея күштері жан жақтан соққы берді. БҰҰ өз қарамағындағы шағын аймаққа әскери күш пен жабдықты аямай жіберді.
Күзге таяғанда БҰҰ күштерінің қолбасшысы АҚШ генералы Дуглас Макартур тәуекелге барып, Инчхон портына теңізден соққы жасайды. Коммунистер портты жаулап, алға кетіп қалған болатын. Соққы олардың артынан тиді.
Батыс әскерлерінің Инчхонды жаулап алуы соғыстың шешуші сәтіне айналды. Коммунистер жүздеген шақырым жердегі Пусан периметрін кесіп өтуге тырысып жатқанда, БҰҰ әскерлері Сеулге қарай жылжыды.
БҰҰ-ның өкінішіне қарай, Оңтүстік Кореяның басшысы - АҚШ-та білім алған Ли Сын Ман жемқорлыққа жақын болып, саяси тұтқындарды өлім жазасына кесті. Бұл БҰҰ-ның соғысқа араласуына теріс сипат берді.
Қазан айына таман БҰҰ әскерлерінің үлкен күшпен соққы беруі және Инчхондағы күтпеген шабуыл коммунистерді шегінуге мәжбүрледі.
Көп ұзамай БҰҰ күштері қатары азайған коммунист әскерін 38-параллельдің арғы жағына ысырып тастады. Осы кезде БҰҰ күштері арасында Солтүстік және Оңтүстік Кореяның формалды шекарасы - 38 параллельден тоқтауы тиіс пе, әлде ілгерілей беруі қажет пе деген сұрақ төңірегінде қызу талқы жүрді. Ресми Вашингтон Кореядағы әскерінің басшылығына шекарадан тоқтап қалмай, 38-параллельдің солтүстік жағына өтіп, Солтүстік Кореяның әскерін талқандауды бұйырды.
Бірақ бұл кезде Қытай құпия түрде соғысқа араласа кетті. Ресми Пекин жеңіл қаруланған, бірақ тәжірибесі мол мыңдаған “еріктілерін” Солтүстік Кореяға жіберіп, БҰҰ күштерін тоқтатуды көздейді.
1950 жылдың соңына қарай Совет Одағының үрей туғызар Миг-15 әскери ұшақтары (мына суреттегісі фотокамераға 1963 жылы түскен) Солтүстік Кореяның әуе кеңістігінен көрінді. Олардың көбін Совет Одағының тәжірибелі ұшқыштары басқарды. Ұшқыштар Қытай әскер киімін киді деседі. Кремль ұшқыштарының Кореядағы әуе шайқасына қатысқанын жоққа шығарды. АҚШ ұшқыштары әуе шайқасы кезінде радиодан жау ұшқыштарының орыс тілінде боқтасқанын естідік деген.
Қытайдың айбатты әскеріне тап болған БҰҰ күштері шегінуге мәжбүр болады. Шегіну кезінде Қытай әскері жан-жақтан шабуылдап отырды. АҚШ генералының “Шегіну? Оттапты. Біз шегініп жатқан жоқпыз, біз тек басқа жақтан шабуылдап жатырмыз” ("Retreat, hell! We're not retreating, we're just advancing in a different direction.") деген танымал сөзі осы кезде айтылған.
Солтүстік Кореядан шегінген БҰҰ әскері қайта күшейген коммунистерді тағы да тоқтатуға кіріседі.
1951 жылы жазға қарай соғысып отырған елдердің басшылары келіссөз жүргізуге тоқтам жасайды.
Бірақ бейбітшілік орнату жөніндегі келісім өте баяу жүрді. Тіпті екі тараптың делегациялары бір-біріне екі сағат 11 минут үнсіздікпен қарап отырған кез болған. Әскердің шабуылдауы, кореялықтардың зардап шегуі жалғаса берді. Тараптар келіссөз кезінде ұтымды жағдайда болу үшін әскери шабуылын үдете береді.
Ақыры 1953 жылы 27 шілдеде БҰҰ күштерінің қолбасшысы ұрысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісім Кореяны 38 параллель бойынша екіге бөлді. Алайда бейбітшілік туралы келісімге сол күйі қол қойылмады. Бұл дегеніңіз - техникалық тұрғыда Корея соғысы әлі аяқталмады деген сөз.
Соғыс шамамен 3 миллион адамның өмірін қиып, Корея түбегіндегі көптеген ірі қаланы жайпап кетті. Қаза тапқанның көбі - қарапайым корейлер.
Қорғаныс департаментінің дерегінше, АҚШ соғыс кезінде 33 686 адамынан айрылған. Бұл - БҰҰ күштері арасындағы кісі өлімінің 90 пайызы.
Соғыстан бергі жетпіс жыл ішінде Солтүстік халқы кедей басшысы диктатор тоталитар ел болып қала берді. Ал Оңтүстік әлемнің ең демократиялы әрі дамыған елдерінің біріне айналды.
ПІКІРЛЕР