Accessibility links

Франциядағы ендігі өмір қалай өзгереді?


Франциядағы Charlie Hebdo журналына шабуылға наразылық шеруі.
Франциядағы Charlie Hebdo журналына шабуылға наразылық шеруі.

Франция Charlie Hebdo журналына шабуылдан ары үш күнге ұласқан, 17 адам қаза тапқан қантөгістен есін зорға жиып келеді. CEVIPOF саяси зерттеулер орталығы маманы Сильвен Бруар елдегі ендігі өмірдің қалай өзгеретінін болжайды.

Терактіден есеңгіреп қалған Франция тұрғындары «Ел тарихындағы сұмдық оқиға бұдан арғы өмірімізді қалай өзгертуі мүмкін?» деген сауалға жауап іздейді.

Азаттық тілшісі Center for Political Research at Science Po (CEVIPOF) саяси зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Сильвен Бруармен (Sylvain Brouard) осы тақырыпта сұхбаттасты.

Азаттық: - Терактіден соң Франциядағы мұсылмандар мен мешіттерге бірнеше шабуыл жасалды. Сіздің ойыңызша, бұл террордан соң еріксіз туындаған, бір сәттік әрекеттер ме, әлде Францияда исламофобия (ислам дінінен үрейлену – ред.) бұдан соң күшейе бере ме?

Сильвен Бруар: - Бұл күрделі мәселе, себебі исламофобия мәселесі Францияда бұрыннан бар. Кейбір адамдар Charlie Hebdo журналын «мұсылмандарды құбыжық етіп көрсетеді» деп айыптайды, бірақ оған келісу қиын. Бір анығы, Charlie Hebdo әсіредіншілдер мен фундаменталистерді сынаған болатын, бірақ мұсылмандар мен ислам дінінің өзіне тиіскен емес.

Бұдан бөлек, Францияда миграциялық саясат туралы дау жиі талқыланады. Charlie Hebdo журналына шабуыл миграциялық саясатты салқынқанды түрде талқылауға деген мүмкіндікті азайтып, керісінше бұл дауды ушықтырып жіберді.

CEVIPOF зерттеу жүргізіп, адамдар өзгеріс жасалуы тиіс деп санайтын саланың бірі миграциялық саясат екенін анықтады. Сондықтан Charlie Hebdo журналына жасалған шабуыл, полиция қызметкерлері мен кошерлік дүкендегі еврейлерді өлтіру бұл дауды күшейтпесе, саябырсытпайды.

Азаттық: - Опат болған полиция қызметкерінің бірі мұсылман ғой.

Бруар: - Дұрыс айтасыз, бұл дерек айтылды, бірақ оған ешкім баса мән бермеді. Оған қоса айтарым, Charlie Hebdo редакторларының бірі - Солтүстік Африкадан келген, Франция азаматтығын жақында ғана алған адам. Демек, ол - мұсылман немесе мұсылман отбасынан шыққан азамат.

Азаттық: - Сіздің ойыңызша, Франциядағы мұсылмандарға қарсы көңіл-күй оңшыл «Ұлттық майдан» партиясының сайлауда жеңіске жетуіне ықпал ете ме? Партия мен осы ұйымның жетекшісі Марин Ле Пен құрбандарды еске алу мен жалпыұлттық бірлік маршынан шеттетілді. Дегенмен бұл қайғылы оқиға «Ұлттық майданның» танымалдығын арттыра түсуі мүмкін ме?

Бруар: - Марин Ле Пен мен «Ұлттық майдан» Париждегі шеруден шеттетілді. Бұл - ұлттық бірлік идеяларына оның және партиясының қатысы жоқ деген емеурін. Бірақ маршқа басқа ұйымдар, мәселен «Францияның ислам ұйымдары одағы» қатыстырылды. Бұл одақтың либералдық көзқарастары байқалған емес. Бұдан соң «Ұлттық майдан» партиясы жәбірленген кейіп танытып жатыр. Бұл партия осы тақілеттес ерсілеу әрекеттерін жалғастыра береді деп ойлаймын.

Егер миграция мен секуляризмге қатысты қоғамдағы көзқарастар қатая түссе, бұл «Ұлттық майданға» пайдалы болар еді. Екінші жағынан, Франциядағы теракт сайлаушылар белсенділігін арттыра түседі. Ал «Ұлттық майданның» сайлауда аз да болса жеңіске жетуіне сайлаушылардың енжарлығы әсер еткен болатын. Соңғы оқиға тұрғындардың саясилануына әсер етуі мүмкін. Бірақ сайлаушылар көбіне саяси партиялардың, президент пен үкіметтің қандай жоспар ұсынатынына қарайлайды.

Азаттық: - Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылдан соң кошерлік дүкенде адамдарды кепілге алу оқиғасы болды. Бұдан соң Франциядағы еврейлер де қорқа бастады. Енді олардың көбі Израильге қоныс аудару туралы ойланып жатыр деген сөз бар. Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта Франциядағы еврейлердің саны азаюы мүмкін бе?

Бруар: - Францияда антисемитизм тақырыбы бұрыннан бар. Foundation for Political Innovation ислам дінін ұстанатын Франция азаматтары арасында еврейлерге деген жеккөрініштің күшейгенін анықтаған зерттеуін жариялады.

Әріптесім Винсент Тибери екеуіміз Африка, Солтүстік Африка және Түркиядан шыққан Франция азаматтары арасында зерттеу жүргіздік. Сонда басқа Франция тұрғындарына қарағанда, осы азаматтардың, әсіресе мұсылмандардың арасында антисемитизмнің күшті екенін байқадық. Францияда Палестина-Израиль қақтығысы да жиі талқыланады. Осы даудың әсерімен Франциядағы антисемиттік азшылық еврейлерге шабуылдар жасап, өшпенділігін көрсетіп тұрады.

Сильвен Бруар.
Сильвен Бруар.

Сондықтан, иудаизмді ұстанатын Франция азаматтары өздерін қауіпсіз елде тұрамыз деп есептемейді. Мәселен Мохаммед Мераның [Тулузадағы еврей мектебіне 2012 жылы жасаған] террорлық шабуылынан кейін (үш оқушы мен бір раввин қаза тапқан – ред.) қазіргідей шерулер болған жоқ. Осыған қарап франциялық еврейлердің көңіл-күйін түсінуге болады.

Саясаткерлер мен карикатурашыларға шабуылға қатты наразы болған қоғам еврейлер қаза тапқан кезде мұндай шу көтерген жоқ. Соңғы деректер Израильге көшіп жатқан еврейлердің көбейгенін көрсетіп отыр. Қоныс аударушылар саны артады деген болжамның жаны бар.

Азаттық: - Демек, жалпыұлттық бірлік маршы өткенімен, бұл шабуыл француз қоғамын жікке бөлді деуге болады ғой?

Бруар: - Бұл оқиғалар француз қоғамына өз ішіндегі проблемаларды ашып көрсетті. Террорды жасаған - шетелдіктер емес, француз азаматтары. Ендігі сұрақ: француз қоғамы мен саяси элитасы елдегі мұсылмандардың терроршыларға қосылмауы үшін, француз азаматтарының миграцияға қатысты алаңдаушылығын тудырмау үшін не істеуі керек? Франция еврейлерінің қауіпсіздікке қатысты күмәнін қалай сейілтуге болады? Сатира журналына жасалған шабуыл осындай сұрақтарға жауап табуға шақырады. Ал ол жауаптарды табу оңай болмайды ма деп қорқамын.

Азаттық: - Франциядағы шабуылды АҚШ-та болған 9/11 оқиғасымен (Нью-Йорктегі сауда орталықтарына ұшақпен шабуыл – ред.) салыстыратындар көп. Әрине, құрбандар санының айырмасы үлкен, дегенмен шабуылдан соң Францияда да Charlie Hebdo-ға «дейін» және одан «кейін» деген ұғымдар пайда болуы мүмкін. Сіздің ойыңызша, бұл салыстыру дұрыс па?

Бруар: - АҚШ-тағы 11 қыркүйек шабуылы халықаралық ауқымды оқиға болды. Ол шабуылды Франциядағы оқиғамен салыстыруға келмейді деп ойлаймын. Оқиғалардың Йемендегі «Әл-Қаида» мен «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымдармен байланысы сияқты ұқсас тұстары бар. Бірақ Париждегі шабуылды Франция азаматтары жасады. Бұл шабуылдардың нысаналары да екі түрлі.

АҚШ-та үлкен саяси және экономикалық институттарға қарсы жаппай қырып-жою шабуылы жасалды. Францияда фундаментализм, сөз еркіндігі мен секуляризмнің ортасындағы қақтығыс ошағына айналған апталық журналға шабуыл жасалды. Бұл жерде еврейлер де жапа шекті. Қысқасы, бұл екеуі - екі бөлек жағдай.

Азаттық: - 11 қыркүйек шабуылынан соң АҚШ тұрғындарды бақылауды күшейтті, телефон әңгімелері мен электронды пошта жазбаларын тексеретін болды. Қалай ойлайсыз, Франция да террорлық шабуылдардың алдын алу үшін Вашингтоннан үлгі ала ма?

Бруар: - Француз халқы үкіметтің «еркіндікті қорғау үшін басқа ештеңе істей алмаймыз, кейінгі террорлық актілердің алдын алу мүмкін емес» деуіне жол бермейді. Демек, азаматтардың еркіндігін біршама шектейтін заңдар қабылдануы мүмкін.

Қазірдің өзінде премьер-министр түрмедегі әсіредіншілдерді оқшаулауға бұйрық берді. Енді терроризм ісімен айналысатын полицияның құзыры күшейеді деп ойлаймын. Француз «жиһадшылардың» Францияға оралуы мәселесі де арнайы қарастырылады. Оларды үйқамаққа алу мен ізіне түсу сияқты сақтық шараларына шақырып жүргендер бұрыннан бар.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG