Accessibility links

"Путин үлкен қателік жасады". Фрэнсис Фукуяманың Украина мен Ресейдің болашағы туралы пікірі


Америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма.
Америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма.

Фрэнсис Фукуяма – белгілі америкалық саясаттанушы және Стэнфорд университетіндегі Демократия мен заң үстемдігін дамыту орталығының директоры. Ол халықаралық саясат, экономикалық даму және демократия туралы кітаптар мен ғылыми еңбектер жазған. Фукуяма 1980 жылдары Рональд Рейганның тұсында АҚШ мемлекеттік департаментінде істеген. Ғалымның еңбектері либерализм мен неоконсерватизм идеологиясын насихаттауға негізделген.

Саясаттанушының негізгі еңбектерінің бірі – 1992 жылы жарияланған "Тарихтың ақыры" деп аталатын мақала және кітап. Фукуяма бұл еңбектерінде "Әртүрлі саяси идеологиялар арасындағы бәсеке аяқталды, Совет одағы тарап, батыстың либералды демократиясы жеңіске жетті" деп жазады.

Фукуяма Настоящее Время телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің Украинаға басып кіруін қалай бағалайтынын, Украинаның жеңісі әлемге не беретінін, СССР-дің бұрынғы президенті Михали Горбачевтің тарихта қандай із қалдырғанын айтып берді.

Михаил Горбачев қайтыс болды. Оның тарихтағы рөлі туралы не айтасыз?

— Ол үлкен тарихи тұлға болып қалады. Горбачев – Совет одағына еркіндік алып бергісі келген көшбасшы. Ол демократияға ұмтылды дей алмаймын, бірақ Горбачев адамдардың өзі мен өткені туралы шынайы сөйлегенін қалады. Бастысы, ол Совет одағын сақтап қалу үшін күш қолдануға тырыспады. Бұл Батыс Еуропа елдерін Совет одағының ықпалынан құтқарған шешуші сәт болды. Ал Украина, Молдова, Беларусь сияқты одақтас мемлекеттер тәуелсіздік алды. Ол кездегі басқа көшбасшылардың ешқайсысы адам бостандығына Горбачев сияқты үлес қосқан жоқ.

Горбачев тарихты өзгерте алды ма?

— Горбачев өз қоғамының айнасы болды. Оған коммунизм ұнаған жоқ, бірақ Ресейде ұлы державалық шовинизм сияқты мәдени тенденция бар. Қазір Ресейде [Горбачев] танымал емес, өйткені басқару түрі бөлек. Горбачевтың Совет одағы коммунистік партиясының төрағасы болған кезде қоғамға көп өзгеріс әкелгені рас.

Енді Украинадағы соғыс туралы сөйлессек. Бір ай бұрынғы сұхбаттарыңыздың бірінде "Украина Қара теңіздегі порттарын қайтарып, Херсонды азат ету үшін елдің оңтүстігіне көңіл бөлуі керек. Бұл Донбасстан да маңызды" деген пікір айтыпсыз. Қазір Украина әскері осы бағытта шабуылын бастады. Әрі қарай не болады?

— Украинаның әскербасшылары дұрыс стратегиялық бағытты таңдады деп есептеймін. Қара теңіз жағалауын азат ету өте маңызды, өйткені Украина толықтай порттарға тәуелді. Бидай экспортына қолданылатын Одесса және басқа да порттар елдің экономикалық өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Украина АҚШ берген HIMARS, реактивті артиллерия сияқты қару-жарақты ұтымды пайдаланып, Ресейдің логистикасына нұқсан келтірді. Сондықтан Украина жыл соңына дейін Қара теңіз жағалауын босатып алуы мүмкін. Солай болар деп үміттенемін. Украинаның әскери рухы әлдеқайда жоғары. Жағдайдың қалай өрбитінін бақылап, жақсылықтан күдер үзбейміз.

Соғыс басталмай тұрып Батыс барлаушылары Украина бірнеше күнге ғана шыдайды деген болжам жасады. Бірақ соғыс басталғалы жарты жылдан асты. Енді Батыс елдерінің көшбасшылары Украина жеңіске жетуі керек деп отыр. Украина ненің есебінен жеңіске жетуі мүмкін?

— Басты мақсат – Ресей әскерін 23 ақпаннан кейін жаулап алған территорияларынан қуып шығу. Алдағы уақытта осы мақсатты жүзеге асыру керек. Бұл әбден мүмкін. Оккупацияланған аудандарды азат еткеннен кейін ғана Ресеймен келіссөз жүргізуге болады. Өйткені Ресей бастапқы жоспары жүзеге аспай, әскері күйрей жеңілген кезде ғана ұзақмерзімді бейбіт келісімге дайын болады. Басқа жағдайда келіссөз жүргізуден пайда жоқ. Өйткені Ресей әскери қуатын қалпына келтіріп, экономикасын аяққа тұрғызғаннан кейін қайта оралады. Бұл бейбітшілік әкелмейді.

Қазір Украина мен Ресей арасында келіссөз жүруі мүмкін бе? Бейбіт келіссөздердің алғышарты байқала ма?

— Алдағы уақытта келіссөз жүргізудің еш мәні жоқ деп ойлаймын. Ресейге бұл қызық емес, олар жағдайды қазіргі қалпында қалдырғысы келмейтінін, одан да үлкен мақсаттары барын ашық айтты. Украинадағы бірде-бір саясаткер оккупацияланған аймақтарын Ресейге беріп қойып, қарап отырғысы келмейді. Қазір бейбіт келісім жасалса, бұл Ресейге уақыт ұтып, күш жинап келіп, қайта шабуыл жасауға көмектеседі. Бейбітшілік ұзаққа созылмайды. Сондықтан қазір келіссөз жүргізу мәселесі қаралып жатқан жоқ.

АҚШ пен Батыс мемлекеттері Украинаға қару-жарақ беріп отыр. Бұл әскери көмек соғыста жеңіп шығу үшін жеткілікті ме? Украинаның жеңісін қалай елестетесіз?

— Ешқандай әскери қызметкер қару-жарақ жеткілікті деп айтпайды. АҚШ-тың HIMARS, әскери ұшақтар мен Украинада тапшы болып жатқан қару-жарақтарды көбірек жеткізгенін қалаймын. Америка әскери шиеленіс туғызбау үшін сақтық жасап отыр деп ойлаймын. Өйткені бұл кикілжің бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Осы себептен Украинаның әуе кеңістігін әскери ұшақтарға жауып, "ұшуға болмайтын аумақ" деп жариялауды қолдамаймын. Бұл НАТО мен Ресейдің ашық текетіресіне апарып соғады. Бізге бұл керек емес. АҚШ пен НАТО елдері Украинаға қару-жарақ беріп, Ресей әскерін 23 ақпаннан кейін басып алған жерлерінен қуып шығуға тек осылай көмектесе алады.

Бір сұхбатыңызда "Украина демократия үшін ғаламдық күрестің алдыңғы қатарында келе жатыр. Қазір бастысы Украинадағы майданда Путинді жеңу. Бұл украиндардың қолынан келеді" депсіз. Путиннің әскери жеңілісі неге сонша маңызды?

— Путин мен Си Цзиньпин өздерінің авторитарлық моделі батыстың демократиясынан мықтырақ екенін дәлелдеуге тырысып келеді. Олар батыл әрекет етіп, кей мақсаттарына тезірек жететін шығар. Бірақ барлық кезде олай бола бермейтінін, Путин Украинаға басып кіру арқылы ең үлкен стратегиялық қате жібергенін көрсету керек. Путин демократияға қарсы күштердің орталығы сияқты. Ол Иран, Сирия, Венесуэла сияқты антидемократиялы елдердің режимдерін қолдайды. Бұл – бәрімізге қатысты ғаламдық күрес. Путин АҚШ-қа да жетіп, Дональд Трамп пен оның айналасындағы саяси күштерге қолдау көрсетті. Сондықтан ол бүкіл әлемдегі демократияға қауіп төндіріп отыр деп ойлаймын.

АҚШ пен Батыс елдері "Соғыстан шаршадық, сайлаушыларымыз да әскери шығындардан шаршады, бұдан әрі көмек бере алмаймыз. Ресейдің ырқына жығылу керек" деп айтуы мүмкін бе?

— Соғыстан шығар жол қалмаса, солай болуы әбден мүмкін. Еуропа алдағы қысты Ресейдің газынсыз өткізе алады. Бірақ соғыс белгісіз уақытқа дейін жалғаса беретін болса, бәрі өзгереді. Тараптар тең түсіп, бірін-бірі жеңе алмай, соғыс тоқтамаса, Украинаға қысым артады. Германия мен Еуропаның басқа да мемлекеттері "Экономикамызды қалыпқа келтіру үшін мәселені шешу керек" дейді. Сондықтан Украинаның Херсонды қайтару жолындағы күресі батыс елдерінің қолдауын жоғалтпау үшін өте маңызды. Украина соғыста басымдыққа ие болса, санкциялар да, әскери көмек те жалғасады.

Путин туралы сөйлесейік. Сіз жақында "Ресей қазір нацистік Германияға ұқсайды. Путин бәрін бақылауда ұстап отыр" дедіңіз. Ресейдің ішінде билік ауысып, үлкен өзгерістер болуы мүмкін бе?

— Көп адам осы сұрақпен спекуляция жасағанды жақсы көреді. Не боларын ешкім білмейді. Ресейдің арнаулы қызметі мен әскерінде Путин қателесті деп ойлайтын, қазіргі жағдайға көңілі толмайтын адам көп шығар деген болжам ғана жасай аламыз. Бірақ қазір ұлтшылдық көңіл-күйі өте жоғары. Бұл ресейлік басшылардың арасына жік сала ма, жоқ па дегенді ешкім болжай алмайды. Бірақ ұзақмерзімді перспективада бұл Путин немесе путинизм деп аталатын құбылыс үшін жақсы емес. Өйткені ол басты стратегиялық мақсаттарына жеткен жоқ, жетпейді де. Осының бәрі Кремльге титтей болса да өзгеріс әкелер деп үміттенуден басқа амал жоқ.

Путин президенттіктен кетті делік. Ресей Украинаға қарсы агрессиясын тоқтата ма? Ресейдегі көп адам Украинаға қарсы соғысты қолдап отыр ғой…

— Путин Ресейде ұлтшылдықты культке айналдырды. Ол биліктен кеткеннен кейін де бұл жойылмайды. Путиннен кейін биліктің көзқарасы түбегейлі өзгереді деп күтудің қажеті жоқ. Олар үлкен сәтсіздікке айналған жоспарға қаржы құюды жалғастырмауы да мүмкін. Сондықтан Украина Ресей әскерін оккупацияланған аймақтардан қуып шыққаннан кейін алдағы уақытта бейбітшілік болмаса да, ұзақ уақытқа оқ атуды тоқтату туралы келісім жасалуы керек.

Сіз бірде "Путин ХХ-ғасырдың басында, көп процесті арнаулы қызмет бақылауында ұстайтын кезеңде өмір сүреді" деп едіңіз. Путиннің көзқарасындағы әлемді елестетіп көрейікші. Ресей президенті алдағы уақытта қандай шешімдер қабылдауы мүмкін?

— Путинде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен шыққан адамға тән ойлау жүйесі бар. Ол адамдар, демократиялы қоғам тарихқа әсер ете алады дегенге сенбейді. Сондықтан да осы соғыста үлкен қате жіберді. Ол Украина шынайы мемлекет, украиндар тәуелсіздігін құндылық көреді, Ресеймен салыстырғанда, еркін қоғамда өмір сүреді деп ойлаған жоқ. Қазіргі мәселенің бәрі осы білімсіздіктен туып отыр. Ол адамдар 2013, 2014 жылдардағыдай көтеріліп кетеді деп күтпеді. Путин осыны түсінбейінше, қатесін қайталай береді.

Ресей мен Украинаның 5-10 жылдан кейінгі боашағын қалай болжайсыз? Бұл елдер қалай өзгереді? Олардың қарым-қатынасы қандай болады?

— Ешқандай болжам жасай алмаймын, тек үмітіммен бөлісейін. Менің түсінігімде, 10-15 жылдан кейінгі Украина – тәуелсіз, өз территориясын сақтап қалған демократиялы және еркін мемлекет. Бұл Ресейге де әсер етеді, халықтың Путиннің соңынан еріп, ойсырай жеңілуі ұлттық қорлыққа айналып, болашақта қайталанбайтын сабақ болады деп үміттенемін. Ресейліктер 1991 жылдан кейін бұрын Совет одағының құрамында болған көп мемлекет демократияға қол жеткізгенін түсініп, еуропалық тәртіпті қабылдайды деп сенемін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG