Хадиджа Исмаилова бұл тексеруді журналистер тобымен бірігіп жүргізген. Оның айтуынша, өткен жылы шілде айында оның пәтеріне дауыс тыңдау және видео бақылау құралдарының сымдары жүргізілгені белгілі болған. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі хабарлады.
«БАСШЫЛЫҚТЫҢ БҰЙРЫҒЫ»
Тексеру барысында Хадиджа Исмаилова үйіне жергілікті байланысшыны шақырған. Бұл байланысшы өткен жылы журналистің үйіне сым тартқан адамның өзі болып шыққан. Мұны байланысшы да мойындаған. Ол «өткен жылы шілде айында басшылықтың бұйыруы бойынша» осы әрекетке барғанын айтқан. Сол үшін арнайы телефон нөмірі де берілген екен.
Исмаилованың айтуынша, қазір байланысшының мойындауы мен журналистер тобының анықтаған деректері тергеу протоколына енгізілмей отыр.
Ол өзінің жеке өміріне қол сұғуына қатысты жасалып жатқан тергеу барысына риза емес екендігін білдірді.
– Наурыздың 9-ында Әзербайжанның бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне шағым түсірдім. Өкінішке қарай, олардан ешқандай жауап ала алмадым. Кейінгі тексерулер тиісті құрылымдар араласқанда, мені масқаралайтын видеоматериал тарамаған болар еді. Жауап болмағандықтан, алтын уақыт зая кетті, – дейді журналист.
Хадиджа Исмаилованың адвокаты Адыл Исмаиловтың айтуынша, прокуратура ешқандай тергеусіз наурыздың 15-інде қылмыстық іс қозғаған.
– Бірден қылмыстық істің басталуы – Әзербайжан үшін әдеттен тыс оқиға. Себебі де түсінікті – шұғыл шара қолдану жөнінде бұйрық түскен, – дейді адвокат. Ол осы оқиғаға қатысты мемлекеттік құрылымдарды айыптады.
ЕКІ ШАҒЫМ – БІР БАП
Журналистер байланысшының көмегімен тыңдау-түсіру құралдары Исмаилованың пәтерінде қай жерге орналастырылғандығын анықтады.
Құралдар бөлмелердегі және жуыну бөлмесіндегі қалтарыс тұстарға қойылған екен.
Хадиджа Исмаилова наурыздың 7-інде өзіне қарсы қоқан-лоққы жасаған ескерту алған еді. Наурыздың 9-ында ол бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне шағым түсірген. Кейін бір күндік сайтта журналистік интимдік өмірі түсірілген видео жарияланған соң ғана – 15 наурызда тергеушілер іс қозғай бастады.
– Мен қылмыстық кодекстің 156-бабы (адамның жеке өміріне қол сұғу) және 163-бабы (журналист жұмысына кедергі жасау) бойынша іс қозғауды сұрадым. Бірақ тергеу 156-бап бойынша ғана іс қозғады, – дейді Хадиджа Исмаилова.
Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің тілшісі Хадиджа Исмаилова – билікті сынап, президент Ильхам Әлиев әулетінің байлығы жайлы өткір мақала жазып жүрген журналист.