Accessibility links

Қазақстаннан кеткісі келетіндер ұрпағының болашағына алаңдайды


Қазақстанға өтіп жатқан мигранттар. Қазақстан-Қырғызстан шекарасы, 23 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанға өтіп жатқан мигранттар. Қазақстан-Қырғызстан шекарасы, 23 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Америкалық «Гэллап» (Gallup) институтының сауалнамасына қатысқан Қазақстан тұрғындарының 21 пайызы балаларының болашағы үшін бұл елден кеткісі келетіндерін айтқан.

«Гэллап» институты өткізген зерттеудің нәтижесі бойынша, бұрын Совет Одағының құрамында болған 12 елдегі ересектердің 15 пайызы тұрмысын жақсарту үшін шет мемлекетке көшуді армандайды.

ЭМИГРАЦИЯНЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Совет Одағы тарағаннан кейін азаматтардың тұрғылықты жерінен үдере көшуіне тарихи отандарына қайтып, туыстарымен қауышуға деген құлшынысы басты себеп болды деген пікір қалыптасқан еді. Алайда «Гэллаптың» соңғы сауалнамасы бұл пікірдің жаңсақ екенін көрсетеді.

Туыстарына жақын тұру мақсатында көшкісі келетіндердің көбі – Орталық Азия елдерінің тұрғындары. Бұл тізімді Қазақстан бастап тұр: елден кеткісі келетіндердің 11 пайызы ет жақындарына жақын тұруды қалайды. Әсіресе 50
«Қарағанды-Мәскеу» бағытындағы жолаушылар пойызы жанында тұрған әйел. (Көрнекі сурет)
«Қарағанды-Мәскеу» бағытындағы жолаушылар пойызы жанында тұрған әйел. (Көрнекі сурет)
жастан асқан қарт тұрғындар негізінен отбасылық себептерді атаған. Қарт кісілер әлеуметтік жеңілдіктерге көбірек үміт артса (9%), жастардың көпшілігі (56%) жақсы өмір сүру үшін көшуге даяр екенін айтқан.

Ересектердің көбі балаларының болашағы үшін алаңдайды және өзге жұртта оларға мүмкіндік мол деп сенеді. ТМД елдерінің ішінде әсіресе Орталық Азия тұрғындары осы жайтты көшуге түрткі болған басты себеп ретінде айтқан. Түркіменстанда сұралғандардың 29 пайызы, ал Қазақстанда сұралғандардың 21 пайызы тек балаларының болашағы үшін елден кетуге бел буған. Ұрпақтарына алаңдайтындардың көпшілігі әйелдер болып шықты.

ТҰРМЫСҚА ҚОЛАЙЛЫ ЕЛ ІЗДЕУ

Өзге елге біржола кеткісі келетіндердің саны жөнінен Армения көш бастап тұр (40%). Ал соңғы орындағы Өзбекстанда сауалнамаға қатысқандардың тек 5
Ресейге Орталық Азиядан барған мигранттарды полиция тексеріп жатыр. Мәскеу, 7 шілде 2011 жыл.
Ресейге Орталық Азиядан барған мигранттарды полиция тексеріп жатыр. Мәскеу, 7 шілде 2011 жыл.
пайызы эмиграцияға кетуге ниет білдірген. Орталық Азия тұрғындары басқаларға қарағанда шетелге көшуге аса құлықты емес болып шықты.

Эмиграцияға кетуге ниетті адамдардың басым көпшілігі көшуге итермелеп отырған себеп ретінде экономикалық мәселені атаған. Өз елінен кеткісі келетіндердің 52 пайызы тұрмыс жағдайын жақсартудан үміттенеді және өмір сүруге қолайлы елдерге қоныс тебуді жөн көреді.

Шетелге кеткісі келетіндердің 10 пайызы өз елінде екі қолға бір күрек таппай жүргендіктен өзге елде жақсы жұмысқа тұрудан дәмелі деп жазады зерттеу авторлары. Халықтың сегізден бірі балаларының болашағына алаңдайтынын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 12 пайызы неге көшкісі келетіндердін өздері де тап басып айта алмаса, 4 пайызы басқа елде зейнетақының жоғары және медициналық қызметтің сапасы артық екендігін алға тартқан.

МӘСЕЛЕ ТЕК ЭКОНОМИКАДА ҒАНА ЕМЕС

Бұл ауқымды сауалнама ТМД елдеріндегі әлеуметтік ахуалдың қаншалық күрделі екендігінен хабар береді. Өз елінің болашағына күмәнмен қарап, балаларын басқа елде өсіруге ниет танытқандар тек әлеуметтік теңсіздік пен жұмыссыздықтан ғана үрейленбеуі мүмкін. Оларды саяси жүйедегі тұрақсыздық,
Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
жемқорлық, заң үстемдігінің, сөз бостандығының жоқтығы сияқты факторлар итермелеуі ықтимал. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі азаматтардың ел болашағына деген сеніміне тікелей байланысты.

«Гэллап» институты бұл әлеуметтік зерттеуді 2010-2012 жылдар аралығында 15 жастан асқан ересектер арасында бетпе-бет сұқбат жүргізу әдісі арқылы жүргізген. Сауалнамаға бұрын Совет одағының құрамында болған 12 ел – Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Украинадан барлығы 41072 адам қатысқан.

Өз елінен кеткісі келетіндер алдымен көшу туралы ойға түрткі болған барлық себептерді тізіп шығып, содан кейін ең басты себепті атаған. Сауалнаманың толық нәтижесімен «Гэллап» институтының әр ел бойынша жеке жасалған әлеуметтанулық зерттеулерінен танысуға болады.
XS
SM
MD
LG