Нино Бурджанадзе - Грузияның саяси сахнасындағы ең даулы тұлғалардың бірі. Мұның себебі - 2003 жылы «раушан гүлі революциясынан» соң-ақ президент Михаил Саакашвилидің ең жақын серіктесі атанған саясаткер артынша оның ата жауына айналды. Ол - Грузияда «Кремльмен жақын байланыс орнатып, Михаил Саакашвилиді орнынан түсіруді көздеп жүр» деп те айыпталған саясаткерлер қатарында.
Алайда 47 жастағы бухгалтер және бұрынғы парламент спикері – шын мәнінде қазіргі Грузияда оппозиционерлердің арасындағы ең қарама-қайшы сипатпен танылған тұлға. Онысына бола өзін еш айыпты сезінбейді.
Грузия президенті Михаил Саакашвили елдің тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған әскери шеру алдында сөйлеп тұр. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл
Мұның орнына, ол өзінің саяси жауы – Грузия президенті Михаил Саакашвили туралы «шындықты» және Грузияда өзі соңғы жылдарда қалыптастырған саяси ахуал жайында әңгімелегенді қалайды.
«ЕУРОПАНЫҢ ЖАҢА ДИКТАТОРЫ»
Брюссельге жасаған сапарында Азаттық радиосына сұхбат берген Нино Бурджанадзе Грузия президенті Михаил Саакашвилиді елдің ақпарат құралдарын, сот жүйесі мен полицияны толық бақылауында ұстап отырған «Еуропаның жаңа диктаторы» деп атаудан тайынбады. Бұл жайында:
- Меніңше, Грузия қазіргі кезде Еуропа одағының сенімді серіктесі болудан қалды. Тіпті елдегі онсыз да мәз емес ахуал күннен-күнге нашарлап барады, - дейді саясаткер.
Бірақ Бурджанадзе қазіргі саяси элитаны бұлай үнемі сынай бермейтін. 2001 жылы сол кездегі президент Эдуард Шеварднадзе өзін парламент спикері етіп тағайындаған соң 2003 жылғы түрлі-түсті революцияға жол ашқан еді. Сол жылғы революцияның нәтижесінде Эдуард Шеварднадзе орнынан түсіп, Михаил Саакашвили билікке келген.
Сайлауда 2 пайыз ғана дауыс алғанына қарамастан, Нино Бурджанадзе әлі күнге дейін көптің назарын аударатындай наразылық шараларын ұйымдастырып жүр.
Бурджанадзе 2008 жылға дейін спикер болып қала берді. Бұл қызметте ол Саакашвилидің реформаларын қолдап, Грузияны НАТО-мен және Еуропа одағымен жақындастыру туралы бастамаларын жақтады.
Нино Бурджанадзенің президентпен тығыз байланысы оның "елдегі демократиялық процестер кідіріп қалды" деген сөзінен соң және Грузияның сол жылы Ресеймен арада Оңтүстік Осетияға қатысты тұтанған тамыз соғысында «Саакашвили дұрыс әрекет ете алмады» деп мәлімдегенінен кейін-ақ нашарлап кетті.
Сыншылар Нино Бурджанадзені оның жақтастары 2008 жылы мамырдағы парламент сайлауында басқарушы Біртұтас ұлттық қозғалыс партиясының тізімінде көпшілік орынды ала алмағандықтан шынымен әлсірей бастағанын айтады.
Барша жұрт телефондарының жасырын тыңдалатынынан хабардар. Адамдар егер биліктің ұстанымынан өзгеше пікір білдірсе, жұмысынан айрылатынын біледі. Себебі елде тәуелсіз сот жүйесі жоқ.
Бурджанадзе сол жылғы сайлаудан кейін ұзамай отставкаға кетіп, өзінің Біріккен Грузия демократиялық қозғалысы партиясын құрған. Осыдан кейін-ақ оның партиясы үкіметтің қатаң сыншысына айналды. Сайлауда 2 пайыз ғана дауыс алғанына қарамастан, Нино Бурджанадзе әлі күнге дейін көптің назарын аударатындай наразылық шараларын ұйымдастырып жүр. Биліктің осы қызметіне тосқауыл қою әрекетін бұрынғы спикер «террорлық іс-шара» деп сипаттайды.
- Барша жұрт телефондарының жасырын тыңдалатынынан хабардар. Адамдар егер биліктің ұстанымынан өзгеше пікір білдірсе, жұмысынан айрылатынын және оппозицияның белсенді мүшесі болса, «қалтасынан есірткі немесе қару табылып», айлап немесе жылдап түрмеде отыратынын біледі. Себебі елде тәуелсіз сот жүйесі жоқ, - дейді Нино Бурджанадзе.
БҰРЫНҒЫ СПИКЕР МЕН ҚАЗІРГІ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ САЯСАТКЕРДІҢ ҰСТАНЫМДАРЫ
Соңғы жылдардағы сансыз дау-жанжалдың кесірінен Бурджанадзенің мінсіз беделіне де дақ түскендей. Ал ең үлкен дау осы жылдың мамырында оның Михаил Саакашвилидің биліктен кетуін талап етіп қарсылық шарасын ұйымдастырғанда туды. Демонстранттарға мамырдың 21-інен 25-іне дейін Тбилисидің орталығында шеруге шығуға рұқсат етілді. Ал Грузияның тәуелсіздік алған күніне арналған әскери шеру мамырдың 26-сына белгіленген болатын.
Алайда Нино Бурджанадзе мен оның жақтастары мамырдың 26-сында тарап кетуден бас тартты. Тіпті билік оларға қаланың орталығынан шеру өткізетін басқа орын ұсынғанда да, олар өздерінің әскери парадты болғызбауды көздегенін айтып, тарап кетуден бас тартқан.
Полиция наразылық танытушыларға берілген уақыт аяқталған соң түн ортасында оларды көзден жас ағызатын газ және резеңке оқтарды қолданып қуып тарата бастады. Наразылық танытушылардың кейбірі полицияға таяқ және металл құбырдың кесінділерімен шабуыл жасап, арандатушылыққа барды.
Демонстранттарға мамырдың 21-інен 25-іне дейін Тбилисидің орталығында шеруге шығуға рұқсат етілді.
Осының артынша болған қақтығыста екі адам қаза болды. Ал оның айыбын билік дереу Бурджанадзеге аудара салды. Биліктің баяндауынша, екі адам Нино Бурджанадзе мінген жеңіл көлік жылдамдықпен келіп, топ адамды жарып өте шыққанда қаза тапқан. Мұны оппозициялық саясаткер жоққа шығарады.
- Билік бірден ешқандай дәлел, айғақсыз көлікті менің ұлым айдаған және ол көлік менікі болған дейді. Мен халықаралық деңгейде тергеу жүргізуді талап етемін. Тәуелсіз тергеу комитетіне кез-келген ақпаратты беруге даярмын, - дегенді айтады Нино Бурджанадзе.
2011 жылдың мамырындағы оқиғалар 2007 жылғы қарашада болған наразылықтарды басып-жаныштау оқиғаларымен өте-мөте ұқсас. Айырмашылығы, 2007 жылы парламент спикері және Михаил Саакашвилидің серіктесі ретінде Нино Бурджанадзе биліктің наразылық танытушыларды қатаң басып-жаныштауын қуаттаған болса, мамырдағы оқиғаларға қатысты биліктің әрекетін қатаң айыптайды.
Грузия президенті Михаил Саакашвили мен сол кездегі парламент спикері Нино Бурджанадзе. Тбилиси, 1 желтоқсан 2006 жыл
Ол 2007 жылы парламент спикері ретінде қабылдаған шараларын қорғап былай дейді:
- Ең алдымен, мен спикер болып тұрған кезімде және демонстранттарды басып-жаныштап жатқан уақытта олардың парламент ғимаратына кіріп, газ бен полициядан қорғануларына мүмкіндік жасап, парламенттің есігін ашып бердім. Сол кезде мен шамадан тыс күш қолдану шараларын тергеуді қолдап, парламентте тексеру комиссиясын құру туралы арнайы декретке қол қойдым.
БУРДЖАНАДЗЕ РЕСЕЙ МЕН БАТЫС ТУРАЛЫ БЫЛАЙ ДЕДІ
Оппозициялық саясаткер өзіне тағылған басқа да айыптардан осыған ұқсас әдістермен қорғанады.
Мәскеуге барып, Ресей президенті Дмитрий Медведев және премьер-министр Владимир Путинмен кездесіп келгеніне қарамастан, ол өзінің Ресеймен қандай да бір байланысы бар деген әңгімеден ат-тонын ала қашады. Ал Дмитрий Медведев пен Владимир Путин екеуі де Михаил Саакашвилидің биліктен кетуін қалайды.
Михаил Саакашвилидің солтүстіктегі құдіретті көршісіне қатысты саясаты Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан айырылуға душар етті деп санайтын оппозициялық саясаткер "Грузия Ресеймен және Батыстағы өзге де одақтастарымен тығыз байланыс орнатуы қажет" деген пікірді ұстанады.
Менің саяси ұстанымымды өзгерту үшін немесе саяси күресімді тоқтатуға итермелеу үшін күйеуімді түрмеде кепілде ұстағылары келеді.
Нино Бурджанадзе бұған қатысты:
- Мен Ресей Грузияға ешқандай пайда әкелмейді деген пікірді жоққа шығарамын. Өз еліңнің мүддесін қорғауда ортақ тіл табуға тырысу қажеттігі бір бөлек те, ал өзің әңгімелесуді қаламайтындармен сөйлесудің қажеті жоқтығы бір бөлек. Бұл (ұстаным) ешқандай пайда әкелмейді, - дейді.
Нино Бурджанадзе Грузия сотынан жасырынып, шет елде жүрген күйеуін де осылай қорғаштайды.
- Менің саяси ұстанымымды өзгерту үшін немесе саяси күресімді тоқтатуға итермелеу үшін күйеуімді түрмеде кепілде ұстағылары келеді, - дейді оппозициялық саясаткер.
Ол Грузияға қазіргі уақыттағы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағыдай «қан төгіс қаупі төніп тұрғанын» да айтады. Нино Бурджанадзе Азаттық радиосына берген сұхбатын:
- Егер Грузияда жағдай осы қалпында қала берсе, күндердің күні елде тура Таяу Шығыстағыдай жарылыс болады. Бұл елдің тұрақтылығына қауіпті әрі қантөгіске себеп болуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап диктаторлықты тоқтату керек, - деп аяқтады.