Accessibility links

Иванишвили Саакашвилидің жақтастарын тұтқындай бастады


Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 22 қараша 2012 жыл.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 22 қараша 2012 жыл.

Грузияның үкімет басына келгеніне бір жарым ай болған Бидзина Иванишвили бұрынғы үкімет мүшелерін түрмеге жаба бастады. Саакашвилиді қолдап келген Батыс елдері Иванишвилидің бұл әрекетіне алаңдап отыр.

Бір жарым ай бұрын Грузияда билік ауысты. Мемлекет басына «Грузия арманы» коалициясының басшысы Бидзина Иванишвили келді. The National Interest басылымында желтоқсанның 7-сі күні жарияланған мақала Иванишвилидің Грузия үкіметінің бұрынғы шенеуніктерін қуғындай бастағанына арналған.

Мақала авторы Сэм Паттен «тарихтан тағылым алмаған жан қателік жасайды» дейді. Оның ойынша, «Сайлауда жеңіске жеткен үкіметтің бұрынғы шенеуніктерді тұтқындауы осыған сай кеп тұр».

ӨТКЕННІҢ АЙЫБЫН ҚАЗБАЛАУ

Жаңа тағайындалған үкімет Грузия президенті Саакашвилидің жақтастарын қамап жатыр. Автордың айтуынша, «осыған алаңдаған Батыс елдері Иванишвилиді «қатты кетті» деп есептейді».
Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) оппозиция жетекшісі Бидзина Иванишвилиді жеңісімен құттықтап тұр. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.
Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) оппозиция жетекшісі Бидзина Иванишвилиді жеңісімен құттықтап тұр. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Автор «Бұрынғы совет елдері тарихпен күресіп жатыр. Ресейде «коммунизм елесіне» қарсы тұру үшін КГБ өкілі Путин билікке келді. Ол «Мемориал» сияқты, ұрпаққа өткен күннің жетістігін насихаттайтын топтарды басып тастауға ұмтылды. Ал Украинадағы 2004 жылғы төңкерістен соң Батыстың сүйіктісі болған бұрынғы президент Виктор Ющенко өзіне дейінгілердің қылмысын қопарып әуре болды» деп жазады.

«Енді Грузия жаңа үкіметінің басшысы Бидзина Иванишвили бұрынғы басшылардың қылмысын әшкерелеуге кірісті. Бұл - оның алдына қойған басты мақсаттарының бірі. Ол жайында Грузияның сыртқы істер министрі Майя Панджикидзе АҚШ-қа барған сапарында (2012 жылы қарашаның 28-і күні - ред.) мәлімдеді» дейді Сэм Паттен. Автордың ойынша, «сарапшылар оның бұл әрекетін кек алу деп жориды».

«БҰРЫНҒЫ ҮКІМЕТ ӨКІЛДЕРІ ЖАЗАЛАНАДЫ»

2008 жылы Бухарестте өткен НАТО саммитінде Грузия Солтүстік атлантика альянсына қосылуға ниет білдірді. Бірақ ұсыныс қабылданбады. Француз үкіметінің пікірінше, бұған «Грузиядағы сот жүйесінің талапқа сай келмеуі себеп болған».

Паттен «Содан бері Грузияда бірнеше қалада алқабилердің тәжірибелік соты өтті. Бірақ бәрібір елдегі сот билігі тәуелсіздікке қол жеткізе алмады» деп жазады. Осы ретте автор «Осындай жүйемен қазіргі үкімет қарсыластарын қалай соттамақ?» деген сауал тастайды.

Грузиядағы саяси процестерді бақылап отырған сарапшылар «бұрынғы үкіметтің бірнеше өкілі жазаланады» дейді.
Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили тергеуден шығып журналистерге жауап беріп тұр. Тбилиси, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили тергеуден шығып журналистерге жауап беріп тұр. Тбилиси, 7 желтоқсан 2012 жыл.

Автордың ойынша, «Грузияның бұрынғы қауіпсіздік және ішкі істер министрі Бачо Ахалая - солардың бірі. Дәурені жүріп тұрғанда ол елді уысында ұстады. Сайлау алдында белгілі болған түрмедегі азаптау туралы видеолар «Грузия арманының» жеңіске жетуіне ықпал етті.

Ішкі істер министрі болған Иванэ (Вано) Мерабишвили Грузиядағы сыбайлас жемқорлықтың «гүлденуіне» айыпты. Ол Грузияда бақылау аппаратын қаптатып, бірқатар оппозиция мүшелерін тұтқындады. Оған қатысты ең негізгі іс - Сандро Гиргвлианидің өлімі.

«Тұтқындардың бәрін «анық қылмыскер» деуге келмейді. Ішкі істер министрлігінің ондаған әскери жетекшілері мен қызметкерлерінің заңсыз ұсталуы мүмкін. Қалай болғанда да Иванишвили үкіметі бұрынғы билік өкілдерінің барлығын тұтқындағаны дұрыс емес» дейді мақала авторы.

«Грузияның достары босқа ақыл айтпай, сайлау алдындағы уәделерін орындауы керек. Вашингтон мен Брюссель Тбилисиге евроатлантикалық интеграцияға енудің нақты жолдарын көрсетуі тиіс. Батыстың Грузиядан бірден теріс айналмағаны жөн. Елдегі биліктің бірінші рет бейбіт жолмен ауысуы Кавказда либералды демократияның дамуына жол ашады. Ондай мүмкіндікке жету үшін шыдам мен көмек керек» деп аяқталады The National Interest басылымындағы мақала.

Баспасөз шолуын әзірлеген Динара Мәзен.
XS
SM
MD
LG