Грузияда қазанның 27-сі күні өткен президент сайлауының алдын-ала қорытындылары бойынша, премьер-министр Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» коалициясы атынан сайлауға түскен Георгий Маргвелашвили сайлаушылардың 62 пайыз дауысын жинап, алға шыққан.
Оның қарсыласы, Грузияның өкілеті аяқталып жатқан президенті Михаил Саакашвилидің «Біртұтас халықтық қозғалысы» партиясының өкілі Давид Бакредзе сайлаушылардың 20 пайызының дауысын алған. Бұрынғы парламент спикері, Грузиядағы революция кезінде маңызды рөл атқарған саясаткер Нино Бурджанадзе шамамен 8 пайыз дауыс жинаған.
Қазақстандық «Рух пен тіл» қозғалысының жетекшісі, Грузиядағы сайлауды
бақылаушы ретінде көріп қайтқан Жанболат Мамай осы елдегі бас саяси науқан жайлы пікірін айтты.
Азаттық: – Алдын-ала сайлау қорытындысы бойынша көп дауыс алған Георгий Маргвелашвилиді Грузияда қандай саясаткер деп сипаттайды?
Жанболат Мамай: – Маргвелашвили – «Грузия арманы» атынан түскен кандидат. Осы партияның жетекшісі, премьер-министр Бидзина Иванишвили қазанның 27-сі күні кешкісін Маргвелашвилиді бірінші болып құттықтады. Маргвелашвили – жеке шешім шығарып, өзі билік жүргізетін адамға ұқсамайды. Оған билікте Бидзина Иванишвили көмектесіп отыратыны сезіледі. Иванишвили «осы сайлаудан кейін саясаттан кетемін» деп мәлімдегендей болды. Бірақ ол саясаттан кеткенімен де, Маргвелашвилимен ақылдасып, Грузиядағы билікті өз бақылауында ұстайтыны анық. Маргвелашвили Ресеймен жақсы қарым-қатынаста.
Азаттық: – Өзіңіз сайлау барысын бақылаған қалада жетекші кандидат туралы пікір қандай?
Жанболат Мамай: – Маргвелашвилидің кандидатурасы Тбилисиде қатты қолдауға ие екені сезіліп тұр. Халықпен сөйлескенімізде, олар Саакашвилиден
шаршағандарын, жаңа президенттен үлкен үміт күтетіндіктерін айтты. Сайлаушылар «Грузия арманы» партиясы ел экономикасына біраз ақша жұмсағанын сөз етті. Халық ел басқаруға жаңа тұлғалардың келуін қолдап, жаңа биліктен жаңа өзгеріс күтіп отыр.
Азаттық: – Сайлау қорытындысына қатысты басқа кандидаттар не дейді?
Жанболат Мамай: – Саакашвилидің «Біртұтас халықтық қозғалысы» партиясынан түскен кандидат Давид Бекрадзе мен тағы бір кандидат Нино Бурджанадзе сайлаудың алғашқы қорытындысы шыққаннан кейін Маргвелашвилидің жеңісін мойындап, құттықтап жатты. Бурджанадзе қандай нәтиже болса да, келісетінін мәлімдеді. Саакашвили қарсыластарының жеңісін мойындап, сәттілік тіледі. 2003 жылғыдай немесе 2007 жылғы Сакаашвилиге
қарсы шыққандай қозғалыстар болмады. Саяси топтар бірігіп, Абхазия, Ресеймен арадағы қатынасты, жұмыссыздық мәселесін бірігіп шешуге келіскендей.
Азаттық: – Сайлаудың өту барысы қалай болды?
Жанболат Мамай: – Тбилисиде қазанның 24-інен бастап бақылау жүргіздік. Барлық кандидаттармен кездестік. Сайлау науқаны өтіп жатқаны сезіліп тұрды. Өте қызу түрде өтті.
«Грузия арманы» коалициясының жетекшісі Бидзина Иванашвили өзі ұсынған кандидат Маргвелашвили «бірінші турда 60 пайыздан жоғары жинамаса сайлаудан кетеміз, екінші турға қатыспаймыз» деді. Оның бұл мәлімдемесі халық арасында біраз талқыланды.
Нақты жеңіске жететін кандидатты ешкім айта алмады. Сайлау өте ашық, әрі әділ болды. Бұрмалаушылықтар мен заң бұзушылықтарды байқамадым. Үш кандидатқа да телеарна, басылым арқылы үгіт-насихат жұмыстарына бірдей мүмкіндік берілгенін көрдім. Грузияда демократиялық, еуропалық сайлау науқаны өтті. Бұл сайлау мен Қазақстандағы сайлауды салыстыруға келмейді.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.