Accessibility links

Грузияда мұғалімдер білімі туралы пікірталас басталды


Грузия білім министрінің алдында өткен студенттер наразылығы. Тбилиси, 13 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Грузия білім министрінің алдында өткен студенттер наразылығы. Тбилиси, 13 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Грузияның білім министрлігі мектеп мұғалімдерінің биылғы аттестация нәтижелерін жариялады. Мұғалімдер білімінің соншалық төмен екенін естігенде жұрт қайран қалды.

Жұрт Грузия білім министрлігінің жағдайды жасырмай, орта мектеп мұғалімдерінің аттестация нәтижелерін ашық жариялағанына риза болғанымен, сынақ тапсырған 26 мың мұғалімдердің көпшілігінің емтиханнан өте алмағанына қатты таңғалған.

Қазір елде «Білім саласын жетілдіру үшін не істеу керек?» деген пікірталас басталды.

Министрлік таратқан мәліметке қарағанда, математикадан емтихан тапсырған ұстаздардың 86 пайызы ең төменгі 60 ұпайдың өзін жинай алмаған. Химия емтиханынан мұғалімдердің 91 пайызы, физикадан 96 пайызы өтпеген. Қоғамтану пәнінен емтихан тапсырған ұстаздардың 83 пайызы, биологиядан 77 пайызы қажетті ұпай ала алмаған. Мұғалімдердің 51 пайызы ғана географиядан қажетті ұпай жинаған.

«ШЫНДЫҚ - ОСЫ»

Емтиханның мұндай масқара нәтижесінен соң саясаткерлердің бірін-бірі айыптауы басталып кетті. Мәселен, президент Михаил Саакашвили партиясының мүшесі және парламент депутаты Серго Ратиани Азаттық тілшісіне сұхбат бергенде «2012 жылдың қазан айында билікке келген Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» партиясы білім саласын осылай тоқыратты» дейді.

- Биыл мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру және оларға әдістемелік көмектер беру істері атқарылмай қалды. «Грузия арманы» сайлау науқаны кезінде мұғалімдер тапсыратын емтихандарды жамандап, осының кесірінен ұстаздар «емтихан былтырғыдай қиын болмайтын шығар» деп ойлады, - дейді Ратиани.

Тбилисидегі «Азаматтық даму институтының» білім беру істері бойынша маманы Тамар Мосиашвили. 5 маусым 2013 жыл.
Тбилисидегі «Азаматтық даму институтының» білім беру істері бойынша маманы Тамар Мосиашвили. 5 маусым 2013 жыл.
Бірақ комиссия басшыларының пікірінше, мұндай нәтиже тосын жаңалық емес. Тбилисидегі «Азаматтық даму институтының» білім беру істері бойынша маманы Тамар Мосиашвили биылғы аттестацияның нәтижесіне аса қатты таңғалмайды.

Мосиашвилидің айтуынша, «Мұғалімдерді жыл сайын аттестациядан өткізу 2011 жылы басталған. Содан бергі нәтиже бір-біріне ұқсас».

- Мен бұл мәселенің не себепті биыл осындай дауға айналғанына таңғаламын. Үш жылдан бері емтихан нәтижесі бірдей. Соңғы үш жылда бар-жоғы 9 мың 895 мұғалім ғана сертификат алды. Бізге бұл ұнамауы мүмкін. Бірақ шындық - осы, - дейді Тамар Мосиашвили.

«РЕФОРМА ОН ЖЫЛДАН СОҢ ЖЕМІС БЕРЕДІ»

Бұл емтихандар ұстаздардың оқу жылына дайындық деңгейін анықтауға және үкіметтің білім сапасын көтеру ісін жоспарлауға көмектесу үшін ғана енгізілген. Аттестациядан өтпей қалған мұғалім әзірге жұмыстан шығарылмайды. Үкімет мұғалімдерді оқу жылының басында емтиханнан өтті деген сертификат тапсыруға бірте-бірте міндеттемек.

Аттестацияны ұйымдастыратын білім министрлігінің ұлттық тестілеу орталығы да емтиханның нашар нәтижесіне алаңдайды. Орталық директорының орынбасары Ива Миндадзе «үкімет аттестацияға азырақ көңіл бөліп, болашақта сабақ беру деңгейін бірте-бірте дамытуға көбірек назар аударуы тиіс» дейді.

Грузия орта мектептерінің бірі. 15 мамыр 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Грузия орта мектептерінің бірі. 15 мамыр 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
- Үкімет қолда бар ресурстарын ұстаздардың біліктілігін көтеруге жұмсауы керек. Емтихан тапсырту арқылы мұғалім сапасын арттырамын деу нәтиже бермейді. Одан да мұғалімдердің пәнді оқыту әдістерін дамытуға күш салу керек. Меніңше, ресурсты болашақ ұстаздарды дайындау ісіне жұмылдырған дұрыс, - дейді Ива Миндадзе.

Ал Тамар Мосиашвили білім беру саласын дамыту бір күнде атқарылатын іс емес екенін мойындайды.

- Біз 60 жастағы мұғалімнің біліктілігін көтерумен үнемі айналысуымыз керек пе? Одан гөрі университет бағдарламасын жетілдіріп, жігерлі студенттерді мұғалім болуға қызықтырғанымыз дұрыс. Егер мәселені бүгіннен бастап қолға алсақ, реформа он жылдан соң жемісін береді. Әрине, қыркүйекте балаларын мектепке апаратын ата-аналарды мұндай жауап қанағаттандырмауы да мүмкін, - дейді ол.

Азаттықтың Грузин қызметінің тілшісі Нона Мчедлишвилидің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG