Accessibility links

"Қастандық, у беру, саботаж". ГРУ-дың 29155-әскери бөлімі немен айналысады?


Ұлыбританияда Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улаған және Болгарияда қару-жарақ саудагеріне у берген деген күдікке ілінген "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген екі адамның суреті.
Ұлыбританияда Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улаған және Болгарияда қару-жарақ саудагеріне у берген деген күдікке ілінген "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген екі адамның суреті.

ГРУ-дың 29155-құпия әскери бөлімі Черногорияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды және Англияда Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері мен Болгарияда қару-жарақ саудагерін улады деген күдікке ілінген. Енді бұл тізімге Чехиядағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыс та қосылды.

2012 жылғы 20 наурызда Ресей қорғаныс министрі Анатолий Сердюк әскери қызметкерлерге "қызметтегі ерекше үлесі үшін" төлемақы беру жүйесі бекітілген арнайы жарлыққа қол қойды.

Азаттықтың Орыс қызметі анықтағандай, бұйрықтың төртінші бөлімінде "99450-ші, 74455-ші және 29155-әскери бөлім қызметкерлеріне ай сайын үстемақы төленетіні" айтылған.

Ол кезде ГРУ деп аталып кеткен қазіргі Ресей қарулы күштер бас штабының әскери барлау қызметіне қарайтын құпия әскери бөлімдер туралы ақпарат аз болғандықтан, жарлық ескерусіз қалды.

Дегенмен, кейінгі жылдары Вашингтон мен Қара теңізге дейінгі елдер жариялаған санкциялар мен саяси мәлімдемелерде осы бөлім жиі аталып, қоғам назарына ілініп жүр.

29155-бөлім 2018 жылы Черногорияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, ал Англияда Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері мен оның қызына және Болгарияда қару-жарақ саудагерін улаған деген күдікке ілінді.

Чехия үкіметі 2014 жылғы қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа осы бөлім өкілдерінің қатысы бар деп мәлімдеді. Салдарынан Прага мен Мәскеудің арасы нашарлап, екі мемлекет бір-бірінің дипломаттарын елден шығарып, бір-бірін сөзбен түйреп жатыр.

– Бұлар бірдеңені бүлдіру үшін жіберілген жігіттер, – дейді орыс қауіпсіздік қызметі бойынша сарапшы Марк Галеотти.

Батыс барлауы Ресей әскери бөліміне неліктен назар аударды?

СОВЕТ ҚҰПИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ІЗБАСАРЫ

Ресей қарулы күштер бас штабының бас басқармасының (бұрынғы ГРУ – бас барлау басқармасы) құрылғанына ондаған жыл болды. ГРУ Совет одағы кезінде КГБ-мен, кейін КГБ ізбасарлары – Федералды қауіпсіздік қызметі және ішкі барлау қызметімен қатар жұмыс істеді.

Ресей әскери басшылығы үшін дәстүрлі тактикалық барлау жүргізумен қоса агенттік "спецназ" деп аталып кеткен арнайы қызмет күштерінің бірнеше бөлімін бақылайды. Бұл бөлімдер көбіне диверсиялық операцияларды жүзеге асырады: электронды аңдумен, шетел шпиондарын жалдаумен, қарсыластарының компьютерін бұзып, тіпті, компьютер жүйесіне бүлдіргіш код енгізіп, кибертыңшылық және агрессиялы кибероперациялармен айналысады.

Совет әскері мен Варшава келісімі ұйымы 1956 жылы Венгрияға, 1968 жылы Чехословакияға басып кіргенде және совет әскерінің 1979 жылы Ауғанстанға кіріп, он жыл сол елде қалуына алып келген төңкерісте ГРУ маңызды рөл атқарды.

Врбетице маңында жарылған оқ-дәрі қоймасының орнын зерттеп жүрген маман. Чехия, 20 қазан 2014 жыл.
Врбетице маңында жарылған оқ-дәрі қоймасының орнын зерттеп жүрген маман. Чехия, 20 қазан 2014 жыл.

ГРУ Кремльдің жеңісі саналатын 2008 жылғы Грузиямен болған соғысқа да қатысты. Бірақ Ресей әскерінде проблема анықталып, Кремль ірі реформа өткізді. Бұл реформа ГРУ-ға да әсер етті.

29155-ші және соған ұқсас құпия бөлімдер сол реформа кезінде құрылған болуы мүмкін дейді Галеотти мен басқа да сарапшылар.

2018 жылдан бері агенттікті теңіз офицері Игорь Костюков басқарады. Ол бас штаб басшысы, генерал Валерий Герасимов пен Ресей қорғаныс министрі, президент Владимир Путиннің сенімді серігі Сергей Шойгуға бағынады.

Бұл саяси салдары болуы мүмкін, мысалы, совет кезінде халықаралық құқықты бұза отырып жасалған адамның жүйке жүйесін жансыздандыратын у қолдану секілді ірі операцияларды Кремльдің мақұлдайтынын немесе алдын ала хабардар болатынын көрсетеді.

МӘСКЕУ МАҢЫНДАҒЫ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Ресейдегі және басқа жерлердегі барлау операцияларының өте құпия болуы 29155-бөлім жайлы, оның бюджеті мен штаты туралы ақпараттың аз екенін және жіті тексерілетінін көрсетеді.

Дегенмен, журналистер мен батыс елдерінің құқық қорғау органдары бұл бөлім туралы айтарлықтай ақпарат жинай алды.

Ондай ақпаратқа сәйкес, Мәскеудің солтүстігіндегі Сенежде штабы орналасқан арнайы қызмет күштеріне 29155-бөлім қызметкерлерінің қатысы бар. Оның командирі 2017 жылы Сенежде қызын тұрмысқа берген генерал-майор Андрей Аверьянов деген болжам бар.

2019 жылдың соңында The New York Times, Азаттық радиосы мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында Аверьянов пен 29155-бөлімнің қызметкері ретінде мәлім Анатолий Чепиганың тойда түскен суреті тарап, Аверьянов танымал бола түсті.

Ал 2017 жылғы үйлену тойында Чепиганы көп адам танымайтын. Бірақ Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей барлауының бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия уланғаннан кейін тоғыз ай өткен соң оның суреті мен "Руслан Боширов" деген лақап аты тарай бастады.

Британ шенеуніктері Скрипальдің жүйке жүйесін жансыздандыратын, әскери мақсаттағы қаруға жататын "Новичок" уымен уланғанын айтты және бұған ГРУ-дың екі офицерін айыптады.

Bellingcat зерттеу ұйымы кейін олардың шын аты-жөні Анатолий Чепига және Александр Мишкин екеніне дәлел келдірді.

2018 жылғы қарашада ГРУ Мәскеуде 100 жылдығын тойлады және оған Путин қатысты.

– "Бас қолбасшы ретінде, әрине, артық айтқаным емес, ерекше қабілеттеріңді, оның ішінде арнайы операциялар өткізу қабілетін білемін, – деді ол.

МӘЛІМЕТ ҚАЛАЙ ШЫҒА БАСТАДЫ?

Ұлыбритания, Германия, АҚШ пен басқа да бірқатар мемлекет Скрипаль уланғаннан кейін Ресейдің ондаған дипломатын елден қуды.

Бұл оқиға Еуропа арнайы қызметінің ескі істерді қайта қарауына түрткі болды. Оның ішінде 2015 жылғы мамырда Болгарияның София қаласында қару-жарақ саудагері Эмилиан Гебревтің улану ісі де қайта тергелді. Болгар прокурорлары бұл істе ештеңенің ұшығына жете алмаған еді. Тек Скрипаль уланғаннан кейін бір жыл өткен соң, яғни, төрт жылдан кейін британ билігі ақпаратының арқасында тергеуді қайта бастады.

Сол жылғы желтоқсанда болгар лауазымды тұлғалары тергеушілер назарына ілінген ГРУ-дың бес агентінің арасында Скрипальға шабуыл жасаған топты басқарған офицер барын мәлімдеді. Бір айдан соң болгар прокурорлары үш адамға айып тақты.

Der Spiegel мен The Insider, Bellingcat ұйымдары бірлескен баяндамасында ГРУ-дың 29155-бөлімшесінің сегіз офицерінің Гебрев уланғаннан бір апта бұрын Болгарияға барғанын жазды. Олар баяндамада ұшуды аңду, мәліметтер базасынан тараған және мобильді телефон жазбаларынан алған ақпаратты пайдаланған.

Азаттық радиосы Болгар қызметінің хабарлауынша, 22 сәуірде жарияланған жаңа зерттеуде Bellingcat ұйымының ГРУ офицерлерінің Болгарияға келіп-кетуін қадағалағаны және олардың 2014-2015 жылдардағы қару-жарақ қоймаларындағы жарылыс кезінде Болгарияда болғаны жазылған.

Болгар шенеунігі, бұрынғы қорғаныс министрі Тодор Тагаев билікті жарылысты қайта тергеуге шақырды.

Галеоттидің сөзінше, 2014 жыл – ГРУ операцяилары үшін маңызды кезең болған және агенттік, әсіресе, 29155-бөлім агрессиялы және өте ірі операциялармен айналысқан. Неге дәл осы жылы?

2014 жылы Украинадағы наразылық (Майдан) акциялары демонстранттарға күш қолданумен және Мәскеуге бүйрегі бұратын президент Виктор Януковичтің биліктен кетуімен аяқталды. Ресей Украинаның Қырым түбегін басып алып, Украинаның шығысындағы күні бүгінге дейін жалғасып жатқан соғыс тұтанды.

– Біздің түсінбегеніміз, Чехия жағдайында ең қызығы, 2014 жыл [Майдандағы жағдайдың] жалғасына реакция білдірудің және [Мәскеудің] "Батыс бізден Украинаны алып алмақ" деген сенімінің басы ретінде қарастырылады. Ресей өзін Батыспен саяси соғыстамын деп есептеді және сол кезден бастап батыс жерінде соғысты жалғастыруға дайын болды. Олар 2014 жылдың өзінде қауіпті операцияны өткізуге әзір еді, – дейді Галеотти Азаттыққа.

ЧЕРНОГОРИЯДАҒЫ ТӨҢКЕРІС, ЧЕХИЯДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Кибершабуыл мен хакерлік жұмыстармен ГРУ-дың 29155-бөлімі емес, 26165-ші және 74455-бөлімдері айналысады. АҚШ билігі оларды сайлау кезінде және сыртқы барлау қызметіне хакерлік жабуыл жасады деп айыптады.

29155-бөлімнің кем дегенде бір кибер шабуылға қатысы бар. 2018 жылғы қазанда Нидерланд ресми тұлғалары ГРУ агенттерін Гаагадағы химиялық қаруға тыйым салу ұйымының штаб пәтіндегі компьютерлерді бұзбақ болды деп айыптады. Бұл ұйым Скрипальді улаған препаратты зерттеуге белсенді қатысқан еді.

Содан екі жыл бұрын, 2016 жылғы қазанда Черногория мемлекеттің НАТО-ға кіруіне кедергі келтіру үшін парламент ғимаратын басып алып, премьер-министрді өлтіру әрекетінің алдын алғанын мәлімдеді.

Тергеу барысында және сот отырыстарында Сербия мен Ресейдің 14 азаматына айып тағылды. Прокурорлар Ресей әскери барлауының екі агенті Эдуард Шишмаков пен Владимир Поповқа айып тақты.

2019 жылғы мамырда сыртынан сотталғандардың қатарында Шишмаков пен Попов та болды. Бірақ Черногория соты 2021 жылғы ақпанда сот шешімінің күшін жойып, "қылмыс процесінің бұзылғанын" айтты. Сөйтіп Жоғарғы соттан істі қайта қарауды сұрады.

Попов – Владимир Моисеев деген адамның лақап аты. Ол да 2014 жылы Болгарияда қару қоймаларда төрт жарылыс болғанда, елге кемінде төрт рет кірген.

2014 жылғы 26 қазанда Чехияның шығысындағы Врбетиц қаласында қару қоймасы жарылып, екі чех азаматы өлген. Екі айдан кейін соған жақын жерде тағы бір жарылыс болды. Чехияның бұл жарылысты тергеу барысында қаншалықты ілгері жылжығаны белгісіз.

17 сәуірдегі баспасөз мәслихатында премьер-министр Андрей Бабич Чехия барлауының алғашқы жарылысқа 29155-бөлімнің кінәлі екенін анықтағанын айтты. Чехия полициясы жауап алу үшін Ұлыбританияда Скрипаль уланғанда аты-жөні аталған екі адамды іздеп жатыр.

Бабичтің мәлімдемесінен кейін толығырақ ақпарат пайда болды. Bellingcat ұйымы Аверьяновтың Врбетицтегі жарылыстан бұрын, 2014 жылғы қазанда Венада болғанын, жарылысқа қатысы бар тағы екі адамның бірі 11 қазанда Праганың ескі бөлігінің суретін салғанын хабарлады.

Басында алғашқы жарылыс болған қару-жарақ қоймасы болгар саудагері Гебревтікі екені, ондағы қару-жарақ Ресей қолдайтын содырлармен соғысып жатқан Украинаға арналғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Украина қауіпсіздігінің лауазымды тұлғалары ішінара растады. Бірақ Гебрев қару-жарақтың өзіне тиесілі екенін, оның Украинаға экспорттауға арналғанын терістеді.

Норвегия қорғаныс министрлігінің зерттеу орталығында жұмыс істейтін, Ресей қауіпсіздігіне маманданған зерттеуші Тор Буккволл Чехия жаңалығы революциялық жаңалық болмаса да, ГРУ-дың бұл бөлімді ерте және агрессиялы түрде пайдаланатынына тағы бір дәлел екенін айтады.

"Бұл [Ресейдің] осындай миссияларға қатысуға, басқа мемлекеттерге барып, осындай операциялар өткізуге дайын екенін көрсетеді – бұл расымен қорқынышты" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG