Accessibility links

Грузияда сайлау қорытындысына арналған жиында ОСК жетекшісіне бояу шашып жіберді


ОСК төрағасы Георгий Каландаришвилиге партия өкілі бояу шашып жіберді. Тбилиси, 16 қараша 2024 жыл.
ОСК төрағасы Георгий Каландаришвилиге партия өкілі бояу шашып жіберді. Тбилиси, 16 қараша 2024 жыл.

Грузияда парламент сайлауының қорытындысы бекітілген отырыс кезінде орталық сайлау комиссиясының (ОСК) жетекшісі Георгий Каландаришвилиге партия өкілі бояу шашып жіберді.

Грузияның орталық сайлау комиссиясы 26 қазанда өткен парламент сайлауының қорытындысын бекіткен. Оған сәйкес, биліктің басқару партиясы "Грузин арманы" сайлаушылардың 54 пайыз дауысына ие болып, жеңіске жеткен. Осылайша парламенттегі 150 орынның 89-ын иеленген.

"Өзгерістер үшін коалициясы" – 19, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" – 16, "Қуатты Грузия" – 14, "Грузия үшін" 12 депутаттық мандатқа ие болды.

Комиссияның қорытынды отырысы кезінде ОСК төрағасы Георгий Каландаришвили мен оппозициялық "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының өкілі Давид Киртадзе дауласып қалды.

Киртадзе отырыс кезінде сөз алған, алайда регламентте көрсетілген уақыт аяқталғаннан кейін Каландаришвили микрофонды өшіріп тастаған. Дау әбден өршіген кезде Киртадзе Каландаришвилиге қара түсті бояу шашып жіберді. Комиссия отырысында үзіліс жарияланды.

Біраз уақыттан кейін ОСК төрағасы отырысты көзін таңып алған күйде жалғастырды.

ОСК отырысы болып жатқан шақта ғимарат сыртында наразылық акциясы өтті. Бұған дейін акция өткізетінін оппозиция өкілдері, азаматтық ұйымдар мен студенттер мәлімдеген. Наразылар қайта сайлау өткізуді талап етеді.

Халықаралық қауымдастық Тбилисиді бұрмалаушылықтар туралы ақпаратты тексеру үшін сайлаудың даулы қорытындыларын жан-жақты объективті зерттеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG