Новосибирскіде тұратын мұғалім Тимофей Калинин мен іс-шаралар жүргізуші Алексей Лебедевтің хоббиінің өз ерекшелігі бар. Естіген, көргендерін кейін "Өткеннің жаңғырығы" ("Отголоски прошлого") деген интернет-жобасының оқырмандарымен бөлісу үшін екеуі туған өлкесінің ел аузында аңызға айналған жерлерін аралайды. Екеуі әлгі сайтта Ложокқа жасаған саяхат жайлы жазған.
– Искитим - туып-өскен жерім. Өлкетанумен, тарихпен мектепте оқып жүргенде айналысатынмын, әлгі орын жайлы баяғыдан білетінмін. Сондықтан ол жаққа міндетті түрде бару керек болды. Ондаған жылдардан бері әлгі жер жайлы көптеген аңыз, қарама-қайшы хикаялар туды. Әлгі аңыздардың қайсысы шындық екенін білгіміз келіп, тарихын тереңірек қазуды ұйғардық. Бізге түрткі болған ең басты стимул сол болды. Бұрын ондай жерлерге барып көрмегенбіз. Әлгі жерде не болғанын ойласаң, денең тітіркеніп, бойыңды үрей билейді. Ал бір жағынан, лагерьден мүлде жұрнақ та қалмай, тарихы біртіндеп ұмытылады ғой деп ренжисің, - дейді Алексей.
Ложок кентінің қасіретті тарихынан хабар беретін айғақтар жыл өткен сайын шынымен азайып барады. Қазір лагерьдің айып абақтысы қабырғаларының қалдықтары мен тұтқындар әктас күйдірген пештердің жұрнағы ғана қалған. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрынғы лагерьдің ескі жұртынан сым темір қалдықтарын әлі де тауып алуға болады.
Бір кездері тұтқындарды қамауда ұстаған территорияда қазір "Октябрь" мәдениет үйі, мектеп пен стадион тұр. Мәдениет үйінен жарты километр жерде баяғыда тұтқындар әктас өндірген екі карьер болған.
Жергілікті тұрғын Надежда Арсеничкинаның отбасын ОЛП-4 лагерімен көп жайттар байланыстырады. Оның әкесі лагерьде 10 жыл күзетші болып жұмыс істеген. Ұсақ ұрлығы үшін 10 жылға сотталған немере бауыры да жазасын сол лагерьде өтеген.
– Тұтқындар карьерде әбден титықтағанша жұмыс істейтін. Ол жақтан үлкен-үлкен әктас жыныстарын таситын. Оны платформаға салып, кейін вагондарға тиейтін. Бір қабатын көмірден, бір қабатын тастан қалап, пеш салып, әктасты күйдіретін. Әлгі пештердің биіктігі кейде екі қабат үйдің биіктігіне дейін жететін. Өлім-жітім көп болды. Тамақ құнарсыз, жұмыс ауыр болды, - деп еске алады Надежда Арсеничкина.
Ложоктағы карьерде жұмыс істеген тұтқындарда құрал-сайманнан қайла, күрек, сүймен ғана болған. Кейін карьерден лагерьге дейін рельс тартып, жұрт “кукушка” атап кеткен шағын вагонетка жүретін болған. Аса ауыр жұмыс пен әктастан ұшқан тозаң адамның өкпесін тез тесіп тастайтын. Жұмыс істей алмай қалған ауыр науқастарды Новосибирскідегі түрме ауруханасына жіберіп отырған.
Надежда Арсеничкина әкесінің әңгімесінен "ауырып қалу" үшін тұтқындардың қантты әбден ұнтақтап алып иіскейтіні туралы естігенін айтады. Кейін тұтқындар туберкулезге шалдығып, көбі өліп қалатын. Бірақ оларға мұндай өлім карьердегі ауыр жұмыстан артық көрінген тәрізді.
Қазір Ложоктың негізгі көрнекті орны – шипалы бұлақ. Қасиетті бұлақтың жанындағы "Ресейлік жаңа азап шегушілер мен тәубешілер" (Новомученики и Исповедники Российские) құрметіне салынған ғибадатханада сол заманнан қалған сирек айғақтарды жинауға тырысып жатыр.
– Әлгі жерде священниктерді, діни жыршыларды, старосталарды атқан. Олардың бәрі "билікке қарсы шықты" деген айыппен қуғын-сүргінге ұшырап, лагерьге айдалғандар. Билік коммунизм орнатамыз деп жанталасты, ал шіркеу өзге бағытты ұстанды. Қазір қасиетті бұлаққа діндарлар келеді, кейін олар мына жердің тарихын біздің мұражайдан біле алатын болады. Мұрағат әлі ашылған жоқ. Әзірше экспонаттар жинап, сол заманда болған оқиғаларды көзімен көрген куәгерлерді, ОЛП-4 лагеріне қатысы болған адамдардың ұрпақтарын іздестіріп жатырмыз. Жұртқа әлгі лагерьге әйтеуір бір қатысы бар материалдық заттар болса, әкеліп беріңіздер деп жатырмыз, – дейді Искитимдегі Никольск кафедралық шіркеуінің диаконы Вадим.
ОЛП-4 лагері тұтқындарының тағдырын көп жылдардан бері "Мемориал" қоғамының жергілікті бөлімшесі де жинаған. Әлгі жұмыстың арқасында құрбандардың баға жетпес естеліктері сақталып қалған. Мысалы, тұтқын Вера Лазуткина өз тағдырын былай сипаттаған:
"15 қыркүйекте тергеуші бірінші рет шақырып, совет өкіметіне қарсы зиянкестікпен айналысты және үгіттеді деген айыптау хаттамасын оқып берді. Қол қойдырды. УНКВД-ның (ішкі істер халық комиссариатының басқармасы – ред.) Батыс Сібір өлкесіндегі "үштік" соты мені сегіз жылға соттады. Жазамды өтеуге тура келген төртінші лагерь пунктінде (Ложок кентіндегі ОЛП-4 каторгалық лагері) әйелдер жататын барактың алдында жертөле болды. Күн сайын өлген адамдарды бүкіл лагерьден жинап, сол жерге апарып тастайтын. Өлім-жітім өте көп болатын.
Екі күннен кейін ат арба келіп, мәйіттерді тиеп әкететін. Оларды лагерьден үстерін сабанмен жауып әкететін. Көктем туа бізді зонадан күзетпен шығарып, көктемгі егіс жұмыстарына салатын. Үлкен алқаптарды күрекпен қазып шығатынбыз. Жерді тырмалап, егін егіп, картоп отырғызатынбыз. Бүкіл жұмысты қолмен атқаратынбыз. Әйелдердің қолдары ойылып, үнемі қанталап жүретін. Жұмыста бел жазуға мұрша бермейтін, күзетші жекіріп, "жандайшаптары" жаныңа жетіп келіп тепкілеп, жанталасып жұмыс істеуге мәжбүрлейтін".
ОЛП-4 лагерінде есімі бүкіл елге белгілі адамдар да тұтқында болған. Осы лагерьде Николай Бухариннің жесірі Анна Ларина біраз уақыт жазасын өтеген. Ол "Ұмытылмас" ("Незабываемое") атты естелігінде 1937 жылы атылған әскери қолбасшы Иона Якирдің әйелі Сарра Якир жайлы "Соғыс кезі, 1942 жылдың қысында бізді Яйск лагерінен Искитим каторга лагеріне этаппен жөнелтті... Күзетшілердің ішінде ұлты украин біреу бар екен, сол Якирдің әйелінің жанына жетіп келіп: "Не, Якир, қанша бұлталақтасаң да, бәрібір құтылмадың ба, сен әйел емес, қаншықсың!" деп айтқаны туралы жазған.
"Октябрь" мәдениет үйіндегі жергілікті өлкетану мұражайының меңгерушісі Галина Гриненко көп жылдардан бері Ложок лагерінің тарихын қалпына келтіруге тырысып жүр.
– Лагерьдің көрінісін үзік суреттерден құрастырып шықтым. Біреуі болмаса біреуінің есінде бірдеңе қалған шығар деген үмітпен жергілікті байырғы тұрғындардан сұрастырдым. Ал кенттің жоспарын қалай сызғанымды білсеңіз ғой! Бірнеше адам кабинетімде отырып ойларына түсіріп, әрқайсысы өз жоспарын сызды. Ақыры әлгі суреттерді құрастырып, картинаны қалпына келтірдім, - дейді ол.
Гриненконың сөзінше, кенттің ішінде және оның іргесінде тұтқындарды топтап жерлеген бірнеше зират бар. Сондай орындардың бірі әлгі қасиетті бұлаққа апаратын жолда. Шағын тоғай басқан әлгі жердің беті тегіс емес - ойқы-шойқы. Өйткені ол жерде атаусыз қалған молалар көп. Әлгі бейіттердің басында ешқандай белгі жоқ, өлген адамдардың аты-жөні жазылған тақтайша қоймаған. Лагерьді жапқаннан кейін мұндағы жұрт талай жылдар тұтқындардың қураған сүйектері мен бас сүйектерін тауып алып жүрген.
Жергілікті аңыздардың біріне қарағанда, ОЛП-4 лагері жабылған кезде әктас өндірілген карьерлерді тұтқындармен қоса суға батырып тастаған деген болжам бар. Шынымен солай болған ба әлде жоқ па - мұны енді ешкім айтпайды.
"Мемориал" қоғамының Новосибирскідегі филиалы лагерь тарихын жұрнақтары арқылы қалпына келтіріп, мектеп оқушылары, ересек адамдар үшін Ложокты еске алу орнына айналдыру идеясын көп жылдардан бері ұсынып келеді. Бірақ, кезінде су толтырып тастаған карьердің орнында пайда болған әдемі көлді жергілікті билік жуырда әлдебір бизнесменге сатып жіберген. Енді әлгі жерде ақша төлеп, балық аулайтын орнын ашпақ.
– Балық аулайтын орынға айналдыру біздің баяғы вандализм ғой. Меніңше, өркениетке бет бұрған елдерде мыңдаған адам ажал құшқан жерлер адамдар жерленген орындар сияқты қорғалуы тиіс. Егер лагерь барактары мен пештерін қалпына келтіруге келісетін кәсіпкерлер табылса, туристерден ақылы балық аулаудан да көп ақша табар еді. Есесіне Ложокта болған оқиғалар жайлы естелік те сақталып қалар еді, - дейді "Мемориал" құқық қорғау қоғамының аймақтық бөлімшесінің үйлестірушісі Александр Рудницкий.
Қазір ондай естелік затты Новосибирскінің қақ ортасында кезіктіруге болады. Қала саябақтарының бірінде дәл сол ОЛП-4 лагері карьерлерінен өндірілген тас тұр. Ол бірнеше жылдан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін қойылған мемориалдық композицияның орталығы саналады.
(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Илья Кудиновтың мақаласы.)