Accessibility links

Ірі жалақының түбіртегі отставкаға мәжбүрледі


Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің жиында сөйлеп отырған сәті. 25 маусым 2016 жыл.
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің жиында сөйлеп отырған сәті. 25 маусым 2016 жыл.

Иранда ірі көлемдегі жалақы түбіртегі жарияланған соң компаниялардың топ-менеджерлері қызметтен кетіп жатыр. Саясиланған мәселеде көпшілік түбіртектер іріктеп қана жарияланып отыр деп есептейді.

Иранда биылғы ақпан айындағы парламент сайлауынан кейін кейбір мемлекеттік компаниялар мен банк басшыларының ірі көлемдегі жалақы түбіртегі жариялана бастады. Олардың кейбірі қызметтен кетіп жатыр. Иранның ресми IRNA ақпарат агенттігі бейсенбі, 30 маусым күні елдегі төрт ірі банкінің басшысы ауысқанын хабарлады. Алдағы аптада банк басшылары арасында ауыс-түйістер одан әрі жалғаспақ.

ОНДАҒАН МЫҢ ДОЛЛАРЛЫҚ ЖАЛАҚЫ

Бейсенбі күні Refah, Mellat, Saderat және Qarzol-Hasaneh Mehr Iran банкілерінің жаңа басшылары тағайындалды. Өткен айда Иран орталық сақтандыру компаниясының басшысы Мұхаммед Ибрагим Амин қызметтен кеткен.

Иран орталық сақтандыру компаниясын басқарған Мұхаммед Ибрагим Амин.
Иран орталық сақтандыру компаниясын басқарған Мұхаммед Ибрагим Амин.

Бұл шаралар Иранда президент басқаратын министрлер кабинеті елдің жоғары басшысы аятолла Хаменеимен кездескеннен кейін қолға алынып жатыр. Қызметтен кеткен кейбір топ-менджерлердің әдеттен тыс қомақты мөлшердегі бонустарын қайтарғаны да хабарланды. Кейбір компания басшылары айына шамамен 30 мың, 50 мың долларға дейін жалақы алып отырған.

Ирандағы сақтандыру компаниясы, мұнай компаниялары және банк басшыларының әдеттен тыс жалақылары жайлы мәліметтер әуелде консерваторлар ықпалындағы ақпарат құралдарында жарияланған. Дау ұлғайғанда Иран үкіметінде үш адамнан тұратын арнайы комитет те құрылған. Комитет мемлекеттік компания басшыларының жалақы мөлшерін заңнамаға сәйкестігін тексермекші. Алайда заң бұзу фактілері анықталса, қандай шаралар көзделгені айтылмаған.

Осы мәлімет жариялана бастағаннан кейін сыналған кейбір басшылар жалақы түбіртегінің «белгілі бір айға ғана тиесілі» екенін, енді бірі «бірнеше айдың жалақысы қосылып» көрсетілгенін айтып ақталумен болды.

ТҮБІРТЕКТЕН САЯСАТҚА ДЕЙІН

Азаттықтың Парсы қызметінің хабарлауынша, түбіртек дауынан кейін Иран үкіметінің баспасөз хатшысы Мұхаммед Бақер Ноубахт халықтан кешірім сұрап, Ахмадинежад тұсында да жалақы мөлшері жарияланып жатқанда, консерваторлар ықпалындағы БАҚ соған назар аудармағанына өкініш білдірген.

Иранның қазіргі үкіметі мұны өздеріне қарсы қысым ретінде көрсетуге тырысады. Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, негізгі мүшелерін реформаторлар құрайтын үкіметке қарсы көзқарастағы консерваторлардың қолында президент Хассан Роухани кабинетіндегі қызметкерлердің үш мың шамалы түбіртегі бар.

Реформатор саясаткер Абдолла Насери консерваторлардың түбіртектерді қолға түсіргеніне біраз болғанын, енді оның сайлау жақындаған сайын үздік-создық жариялана беретінін айтады. Оның пікірінше, бұл – үкіметті сүріндіруді бір амалы. Түбіртектер мекемелердің күзет қызметі арқылы алынған болуы мүмкін.

Иранда кезекті президент сайлауы 2017 жылы өткізіледі. Президент қатарынан екі мерзімге сайлана алатынын ескергенде, консерваторлар қазіргі реформатор президент Хассан Роуханиға қарсы соққыны ерте бастап кеткен сыңайлы.

Иран президенті Хассан Роухани. Керман қаласы, Иран, 10 мамыр 2016 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани. Керман қаласы, Иран, 10 мамыр 2016 жыл.

Иран мәселесі бойынша сарапшы Гүлназ Эсфандияридың Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, қарапайым жұмысшы 300-400 доллар жалақы алғанда, басшылардың әдеттен тыс қомақты жалақы алуы жанжалға айналған. Кейбір менеджерлер ашық болу үшін өз жалақысын жариялаған.

Гүлназ Эсфандияридың айтуынша, алдағы жылы болатын президент сайлауы қарсаңында осындай әрекеттердің болуы кездейсоқтық емес. Хассан Роуханидың өзі де мәселенің саяси қыры бар екенін білдірген.

– Реформаторларға қарсы радикалды көзқарасымен танылған «Кейхан» газеті Хассан Роухани үкіметінен жалақыларын жариялауды талап еткен. Ал жалақысын жариялауға наразы болған директорлардың бірі түрмеге қамалғаны жайлы да айтылады. Бұл да Иран баспасөзінде талқыланып жатыр, – дейді Гүлназ Эсфандияри.

ОТСТАВКАЛАР ЖАЙЛЫ ИРАН БАСПАСӨЗІ НЕ ДЕЙДІ?

Банк басшыларының ауысқаны Иранда демалыс күні болып табылатын бейсенбі күні жарияланды. Жергілікті баспасөз бұл мәселеге сенбі, 2 шілде күнгі сандарында назар аударды.

«Етемад» газеті осы күні «Банк жүйесіндегі отставкалар цунамиі» деген мақала жариялаған. «Иран» газеті «Үкімет қомақты жалақы мәселесі бойынша шараларды іс жүзіне асыра бастады» деп хабарлады. «Жаван» газетінің сенбілік мақаласы «Банктерді астрономиялық көлемде жалақы алатын басшылардан тазарту басталды» деген атпен шықты.

Тегеран көшесінде газет-журнал сататын жерде тұрған әйел. (Көрнекі сурет.)
Тегеран көшесінде газет-журнал сататын жерде тұрған әйел. (Көрнекі сурет.)

«Шарқ» газеті бұл өзгерістерге «Банк басшыларының суицидтік отставкасы» деген баға берді. «Ватан-е емруз» газеті «Банк жүйесіндегі төрт балдық зілзала» деген тақырыппен мақала жарияласа, «Тежарат» газетінің сенбі күнгі бір мақаласы «Астрономиялық көлемде жалақы алатындармен қоштасу» деп аталды.

«Таадол» газеті банк басшыларының бірінен соң бірі қызметтен кетуін «Үкіметтің банк жүйесін қағып-сілкуі» деп сипаттады.

ЕЛДІҢ ПІКІРІ

Азаттық хабарласқан Иран тұрғындары бұл мәселені қарапайым халық қалай қабылдағанын айтып берді.

Аты-жөнін атамауды өтінген Тегеран тұрғыны үкіметке қарасты компаниялар басшыларының түбіртегі жарияланып, кейбір топ-менеджердің қызметтен алынғаны көпшілік арасында таңғалыс тудырғанын айтады. Көп адамдар қабылданған шараларды қолдайтынын білдірген. Алайда реформаторлар мен консерваторлар арасында жалақы, бонус түбіртегін жариялау бір-бірін қаралайтын науқанға да айналып бара жатқанға ұқсайды.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи (солдан оңға) елдің сот жүйесі басшысы Садик Лариджани мен оның орынбасары Голам Хоссейн Мохсени-Эджеиді қабылдап отыр. Тегеран, 29 маусым 2016 жыл.
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи (солдан оңға) елдің сот жүйесі басшысы Садик Лариджани мен оның орынбасары Голам Хоссейн Мохсени-Эджеиді қабылдап отыр. Тегеран, 29 маусым 2016 жыл.

Азаттық хабарласқан тағы бір жергілікті тұрғын бұл мәселе туралы қоғамдық пікір туындап, талқылана бастағалы біраз болған дейді. Халық ішінде қомақты жалақы алатын басшыларға қатысты наразылық бұрыннан бар.

Оның айтуынша, бұл күндері ирандықтар қоғамдық көлікте, жиын-басқосуларда көбіне осы мәселені жиі талқылайды.

– Билік осындай ірі көлемде жалақы алатын менеджерлерге қатысты бірінші рет шара қабылдап отыр, – дейді ол Азаттыққа. Тұрғынның айтуынша, көпшілік ірі көлемде жалақы алатындардың түбіртектері іріктеп қана жарияланып жатқанын да жақсы түсінеді.

Иранда биыл ақпан айында өткен парламент сайлауында реформаторлар жеңіске жеткен болатын. Консерваторлар өздерінің сайлауда ұтылып қалғанын «өркениетті жеңіліс» деп атаған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG