Украинада совет билігі кезінде миллиондаған адам ажал құшқан Голодомор қырғынына 85 жыл толды. Украина мен тағы 15 ел ашаршылықты геноцид деп таныған. Ресей билігі мұнымен келіспейді.
Украинада қарашаның 24-інде Сталин билігі тұсында миллиондаған адамның ажалына себеп болған ашаршылықтың (Голодомор) 85 жылдығын атап өтті. Ел президенті Петр Порошенко мен жұбайы Марина Киевтің Михайлов алаңындағы Голодомор құрбандарына орнатылған ескерткішке бидай масағы мен қызыл гүлден жасалған десте қойды.
Украинада 1932-1933 жылдары болған ашаршылық құрбандарын еске алу рәсімінде сөйлеген сөзінде Порошенко Украинадағы Голодомор үшін тарихи жауапкершілік СССР-дің мұрагері Ресей Федерациясына жүктеледі деп мәлімдеді.
"Ресей Украинаны империя құрамына қайтару үшін жүз жыл бұрынғыдай агрессиясын бастаған. Кремльдегілер тағы да еркін еуропалық Украинаны жек көріп, шошып отыр. Бірақ енді олар тарихи дөңгелегін кері айналдыра алмайтындығын анық білемін", - деген ол.
Порошенко жыл сайын күздің соңында "Голодомор құрбандарына ескерткіш" ұлттық мұражайға мыңдаған адам келетінін айтты.
"Олар Украинаның әр түкпірінен және алыс елдерден келеді. Оларды мұнда қаза тапқандарды еске алу және әлемге 20-ғасырдағы ең үлкен қылмыстардың бірі – Кремль жасаған Голодомор туралы әлемге айту ниеті жетелеп әкеледі", - деген Порошенко. Оның сөзінше, украин халқына қарсы "өте мұқият жоспарланған геноцид" жүргізілген.
Осының қарсаңында АҚШ мемлекеттік департаменті Украинада совет билігі кезіндегі "қолдан жасалған аштықтың" 85 жылдығына арнап мәлімдеме таратқан. Голодоморды "20-ғасырдағы ең ауыр қылмыстардың бірі" және коммунистік режимнің қатыгездігін еске салатын оқиға деп атаған құжатта бұл үшін жауапкершілік сол кездегі Иосиф Сталин басқарған СССР жетекшілігіне жүктелетіні айтылған.
"Совет одағының Украина жері мен астығын жабайылықпен тартып алуы нақты саяси мақсатпен – украин халқы мен ұлтын өзіне бағынышты ету үшін жүргізілді", - делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге АҚШ қазіргі кезде "Украинаның шығысында агрессияны жалғастырып келе жатқан" және "украин халқының бірегейлігі мен батысшыл көңіл-күйін жойғысы келетін" Ресейді айыптап, Донбастағы жанжал үшін жауапкершілік Мәскеуге жүктелетінін айтқан.
Алайда Ресей "украиндардың берік рухын жеңе алмайды және украиналықтардың жарқын болашаққа ұмтылысын әлсірете алмайды" деп санайды Вашингтон. Құжатта АҚШ үкіметі "Украинаның ұлттық егемендігі мен территориясының біртұтастығын бұлжымай қолдайтындығын" мәлімдеген.
Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін өзіне қосып алған соң және көп ұзамай Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында сепаратистерге қолдау танытқаннан кейін Мәскеудің Киев және оны жақтайтын Батыс елдерімен қарым-қатынасы нашарлаған.
ВИДЕО: Голодомор куәгері түсірген деректі суреттер
1932-1933 жылдары Украинада болған Голодомор кезінде совет билігі жеке шаруалардың астығы мен басқа да азық-түлігін тартып алу арқылы оларды ұжымдық шаруашылыққа (колхоз) кіруге мәжбүрледі. Түрлі есептер бойынша, Голодомор кесірінен 3 миллионнан 7 миллионға дейін адам құрбан болған делінеді. Украиналықтардың көбі бұл қасыретті оқиғаны украин шаруасын құртуды көздеген "геноцид" деп бағалайды.
Голодоморды ресми түрде "геноцид" деп таныған Украинада ашаршылық құрбандарын жыл сайын қарашаның төртінші сенбісінде еске алады.
Ресей үкіметі совет билігі украин халқына қарсы жүйелі саясат жүргізгенін жоққа шығарады. Мәскеу сол кезеңде Совет одағының көп аймағында аштық болғанын алға тартады.
Қарашаның 24-і күні Ресей сыртқы істер министрлігі өткен ғасырдың 30-жылдары болған ашаршылықты "ірі гуманитарлық апат" деп сипаттап, одан "орыстар, қазақтар және басқалар да зардап шеккенін" айтқан.
"Бұл қайғылы оқиғаны тек "украин халқына қарсы геноцид" актісі деп қана көрсетуге тырысудың әділеттілікті жаңғыртуға да, тарихи деректерге де еш қатысы жоқ", - делінген Ресей СІМ ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған хабарламада.
Украинамен бірге тағы 15 ел Голодоморды "геноцид" деп таныған. Биыл қазанда АҚШ сенаты 1988 жылғы Америка комиссиясының Украинадағы 1932-1933 жылдары Сталин басқарған совет билігі ұйымдастырған жаппай ашаршылық - Голодоморды геноцид деп тану туралы қорытындысын мойындайтын қарар қабылдаған. Еуропа Одағы Украинада болған ашаршылықты "жан түршігерлік қылмыс" деп сипаттаған.
Совет билігі кезінде 1932-1933 жылдары болған ашаршылық зұлматынан қазақ халқы да қатты зардап шекті. Кей мәліметтер бойынша, аштық кесірінен бір миллионнан 1,75 миллионға дейін адам қырылған. Аштық пен билік қысымынан бассауғалаған қазақтардың бір бөлігі тарихи атамекенінен Совет одағының өзге аймақтарына, Қытай, Моңғолия, Иран мен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған. Қазақстанда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын жыл сайын мамырдың 31-і күні еске алады.
ПІКІРЛЕР