Accessibility links

Гонконг жұрты Қытай әнұранын "балағаттауды" қылмысқа теңейтін заңға қарсы шықты. 300 адам қамалды


Полиция метро станциясының заң шығарушы органның ғимараты жанындағы шығу жолын күзетіп тұр. Гонконг, 27 мамыр 2020
Полиция метро станциясының заң шығарушы органның ғимараты жанындағы шығу жолын күзетіп тұр. Гонконг, 27 мамыр 2020

Бүгін, 27 мамырда Гонконгте жұрт Қытай әнұранын құрметтемегендерді жазалайтын заң жобасына қарсы наразылыққа шықты. Полиция наразыларға көзден жас ағызатын газ шашты.

Гонконгте наразылық өтіп жатқан тұста қаланың заң шығарушы органы Қытай әнұранын құрметтемегендерді бас бостандығынан айыратын заң жобасын қарап жатқан еді. Заң жобасы қабылданса, Гонконг мектептерінде оқитындар Қытай әнұранын жаттауға міндеттейді. Жобаға сай, "барлық адам және ұйым" "қажет жағдайда" әнұранды айтуы және ойнатуы тиіс. Сондай-ақ әнұранды "мазақтағандар және дұрыс айтпағандар" үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы я 6 мың доллар айыппұл төлеуі мүмкін.

Қаланың заң шығарушы органы 27 мамырда заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаса, жоба үшінші оқылымға өтіп, кейін маусым айында дауысқа салынады.

Наразылар бұл заң қаладағы еркіндіктің түбіне жететінін деп санайды.

Полицейлер қаланың заң шығарушы органын қоршап алып, жаппай тінту шарасын жүргізген.

Полиция заңсыз жиналды деген айыппен 300-ден астам адам қамауға алынғанын хабарлады.

21 мамырда Бүкілқытайлық конгресс жиынында Қытай "Гонконгте астыртын әрекеттің, сепаратизм мен шетелдің араласуын болдырмайтын" заң жобасын ұсынды. Бұл Гонконгтегі сатқындыққа, сепаратизмге, бүлікке тыйым салады. 24 мамырда Гонконг жұрты бұл заңға да қарсылық танытты.

Оқи отырыңыз: Гонконгте мыңнан аса адам қала еркіндігіне қауіп төндіретін Пекин заңына қарсы шықты

АҚШ президенті Дональд Трамп қаланың еркіндігі мен сот билігінің тәуелсіздігіне қауіп төнсе, Гонконг әлемнің қаржы орталығы мәртебесінен айырылуы мүмкін деп Қытайға ескерту жасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG