Accessibility links

"Бір жарым миллион берсеңіз, сәби – сіздікі". Бала саудасына не итермелейді?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Жарты жыл бұрын балалы боламын деп шештім. Отбасым жоқ, бірақ біреуге қамқор болғым келді. Қажет құжаттың бәрін жинап, бала асырап алуға кезекке тұрдым. Бала іздеу процесі алға жылжымай қойған соң, интернеттен іздей бастадым. Осылай бір жарым миллион рубльге әке атануға болатынын білдім" дейді Павел.

Павел (бұл хикаяның басқа кейіпкерлері сияқты ол да тегін көрсетпеуді сұрады) Мәскеудегі жеке меншік емханалардың бірінде гинеколог болып жұмыс істейді. "Әйелмен жараспақ болған талпынысым сәтсіз болды, сондықтан ешқашан үйленбеймін деп шештім. Бірақ бала тәрбиелегім келеді" дейді ол.

"ШАҒЫН СЫЙАҚЫ БЕРСЕ, БАЛАДАН БАС ТАРТАМ"

Павел өз ниеті туралы "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі өз перзентінен бас тартып, оны асырап алғысы келетіндерді іздеген аналар отыратын бір топта пост жариялапты. Желіде мұндай бірнеше топ бар. Ең танымалына 700 қолданушы тіркелген. Топ мүшелері күн сайын фейк аккаунттардан ондаған хабарлама қалдырады.

Ол хабарламаларды шартты түрде "отбасыма бала іздеймін", "баламды беремін" және "шағын сыйақы берсеңіз баладан бас тартуға дайынмын" деген үш топқа бөліп қарауға болады. "Бұл топтарды бірнеше бойы мұқият зерттедім. Бірде Новосибирск қаласында тұратын, баласын тегін беруге дайын қызбен сөйлесіп қалдым. Бірақ бас тарттым" дейді Павел.

Кептерге жем беріп тұрған бала.
Кептерге жем беріп тұрған бала.

Әлгі баланы асырап алудан моральдық себеппен бас тартқанын айтады. "Ол қыз жетімдер үйінде өскен. Қолында ештеңесі жоқ, енді аяққа тұрамын деп жүргенде байқаусызда жүкті болып қалған. Өзім көрмеген жақсылықты осы көрсінші деп ойлағанымен баласын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмады" дейді Павел.

Олар бірнеше апта бойы хабар алмасып жүріп, кейін Павел қызды Мәскеуге шақырған. Оған жеке емханалардың біріне медбике болып жұмысқа орналасуға көмектескен. Соңында жас ана перзентін ешкімге бермей, өзім бағамын деп ұйғарған.

"АҚША БЕРСЕҢІЗ, ЕКІ КҮННЕН КЕЙІН БАЛАНЫ ҚОЛЫҢЫЗҒА ТАПСЫРАМЫЗ"

Павелдің сөзінше, соңы жақсылықпен аяқталатын мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Көбіне оған "материалдық көмек" беруін сұраған қыздар хабарласқан.Себебі де әртүрлі: бірі психолог көмегіне жүгінуге, екіншісі перзентханаға таксимен барып-келуге, енді біреуі пәтер жалдауға, бастапқы кезге балаға тамақ я киім алуға ақша сұраған. Одан бөлек, "сыйақы" төлесе баласын беруге дайын адамдар да кездескен. Олар 800 мың және бір жарым миллион рубль арасында ақша сұраған.

Павелдің айтуынша, баласын "сыйақыға" айырбастау туралы ұсыныстар көбіне аймақтарда тұратын қыздардан түседі. "Көбіне мұндай ұсыныс Сібірдің қыздарынан түсетін. Мысалы, маған Новосибирск, Чувашия мен Марий Эл Республикасынан бірнеше болашақ ана жазды. Әуелде олардың хабарламасына мән берген жоқпын. Кейін олардың сыйақы сұрауы баласын саудалағанға ұқсайтынын түсіндім" дейді дәрігер.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қыздар "ақша берсеңіз, екі күннен кейін перзентті боласыз" деп, баланы тапсыру процесін өте қарапайым түсіндірген. Көбіне аналар туу туралы куәлікте баланың әкесі көрсетілмегенін, сондықтан осы бос орынға "сатып алушының" аты-жөнін жазу жеткілікті екенін айтқан. Бұдан кейін әйел баладан ресми түрде бас тартады. Осылайша балалы болған жас әке оның жалғыз қамқоршысы болып шыға келеді. "Ақша беруден басқасының бәрі ресми түрде жасалады. Яғни, мұны сауда деуге де келмейді. Өйткені бұл келісімнен ешкім пайда тапқан жоқ. Ресейде адам саудасы қылмыс саналғанымен, бала мәселесіне келгенде шынымен сауда болғанын дәлелдеу өте қиын. Сондықтан қазір бұл біршама ашық әрі ешқандай реттелмеген нарық" дейді Павел.

"КӨМЕК БЕРУДЕН БАС ТАРТА АЛМАДЫМ"

Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Ольга да Павелдің пікіріне қосылады. Ол күйеуі екеуі бала асырап алу үшін қажетті құжат жинап, кезекке тұрған. 49 жастағы Ольга математика пәнінен сабақ береді. Ол бірнеше жыл бойы перзент сүюді аңсап, ақыр соңында үміті үзілуге таяған.

"Материалдық көмек сұраған әйелдер қара аспанды төндіріп, небір қорқынышты хикаяларды айтқан кезде оларға көмек беруден бас тарта алмадым. Бір қыз анасына жүкті екенін айтудан қорқып, туған қаласына қайта алмай жүрді, екіншісін тойдың алдында күйеу жігіті тастап кеткен, тағы бір қызды не тұратын жері, не жұмысы жоқ екеніне қарамастан, дағдарыс орталығындағы психолог өмірге сәби әкелуге көндірген. Олардың бәрі баласынан жетіскеннен бас тартып отырмағанын түсіндім" дейді Ольга.

Ана мен бала. Көрнекі сурет.
Ана мен бала. Көрнекі сурет.

Нәтижесінде Ольга бірнеше қызға бірнеше мыңнан ақша аударып, көмектескен. Бірер аптадан соң олар фейк аккаунттарын өшіріп, мессенджерлер арқылы байланысқа шығуды қойған. "Бала саудасына бір-ақ рет бетпе бет кезіктім. Уфадағы бір әйелмен ұзақ уақыт хат жазысып жүрдік. Бәрін талқылап, келісіп қойғанымызда ол кенеттен: "Жалғыз шартым бар: бала беру қиын, сондықтан сіздің отбасыңызға осындай бақыт сыйлағаным үшін шағын сыйақы алсам деп едім" деп жазды. 500 мың рубль сұрады. Ондай ақшаны тауып беруге шамам бар еді, бірақ күйеуім тоқтатты" дейді Ольга.

Алла бала саудалайтындарға әлі кезікпеген. "Бұл топтарды бір ай бұрын ғана қарай бастадым. Бірақ маған баланы алып, ақша бер деген ұсыныс айтса, кез келген соманы табар едім" дейді ол.

"ВКонтакте" желісіндегі арнаулы топта тіркелген қолданушылардың түгелге дерлігі "зарыға күткен балаға" қол жеткізу үшін неге болса да дайын. Бұл туралы олар күнделікті постында жазады. Әдетте ондай хабарламаларда жазба иесі материалдық жағдайын "жақсы" және "өте жақсы" деп көрсетеді.

"САУДАГЕРЛЕР" МЕН ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР

"Маған отбасының толық болғаны және ата-анасының жақсы табыс тапқаны маңызды. Өзім әкесіз өстім, кедейлікті көп көрдім. Жаңа ата-анасы балама менен артық дүние бере алатынына көз жеткізгім келеді" дейді Галина.

Баланы бермес бұрын ол сәбиінің болашақ ата-анасымен танысқысы келеді. "Отбасының құндылықтары мен менталитеті көңілімнен шыққанын қалаймын" дейді Галина. Қазір ол балаға босанар алдында "Минеральные воды" курортындағы пансионатта демалып жатыр. Өзіне материалдық қолдау көрсетілгенін, өз күшімен босануға дайындайтын курстар мен акушердің қызметіне ақша төленгенін қалайды. "Отбасы жүктілік кезіндегі шығындарымды өз мойнына алуы керек деп ойлаймын" дейді Галина.

УЗИ аппаратымен тексеру бөлмесінде жатқан жүкті әйел. Көрнекі сурет.
УЗИ аппаратымен тексеру бөлмесінде жатқан жүкті әйел. Көрнекі сурет.

Екатеринбург қаласында тұратын Анна өзіне қажет қаржының көлемін бірден атады. Ол кепілдік ретінде 50 мың рубль сұрайды. "Отбасы ойынан айнып қалмайтынына, баламен жалғыз қалып қоймайтыныма сенімді болуым керек қой" дейді ол. Анна құжат рәсімдеу кезінде баланы асырап алушы ата-анадан тағы 100 мың рубль дәметеді. "Олар үшін бұл көп ақша емес, ал мен жақсырақ өмір сүре бастаймын" дейді болашақ ана.

Әлі дүниеге келмеген перзентіне отбасы іздеп жазатын жүкті әйелдер көп емес. Топтағы хабарламаны көбіне сәби іздегендер қалдырады. Көбі жүкті әйелдерге ақша аударуға дайын емесін бірден кесіп айтады немесе оңаша кездесуді ұсынады. Бала іздеушілердің көбі – Мәскеу, Санкт-Петербург қаласының тұрғындары мен Қазақстан азаматтары. "Келісілген ақшаға" бала тауып, құжат рәсімдеуге көмектесуге дайын жеке кәсіпкерлер де бар.

"Мұндай қызметтің құны 30 мың рубль тұрады. Бұл ақшаның жартысын алдын-ала аламын. Бала іздеу жеті күннен 30 күнге дейін созылады" дейдіАнастасия. Ол парақшасына сәбилердің интернеттен алынған суреттерін қойып, әйел бақыты туралы хабарламаларды бөліскен. "Клиенттердің пікірін қайдан көруге болады?" деген сұраққа Анастасия "Олар аты-жөнін атамауды жөн көреді, сондықтан әзірге ондай пікір жоқ" деп жауап берді. Артынша әңгімесін "өз суретім мен төлқұжатымның көшірмесін жібере аламын. Ешкімді алдамаймын" деп жазды. "Бірақ төлқұжаттағы деректі фотошоптың көмегімен өзгертуге болады ғой" деген ескертуге Анастасия жауап бермеді. Бір минуттан кейін қолданушыны бұғаттап, хабарлама жіберу мүмкіндігін шектеді.

Қыстыгүні көшеде кетіп бара жатқан бала. Көрнекі сурет.
Қыстыгүні көшеде кетіп бара жатқан бала. Көрнекі сурет.

Ресейде қанша бала сатылғаны туралы дерек жоқ. 2005 жылы сол кездегі Ресей бас прокурорының орынбасары Владимир Колесников "Бейресми дерек бойынша, Ярослав облысында асырап алынған балалардың тең жартысын ақша төлеп алған, Тула облысында бұл көрсеткіш – 60%, Карелияда – 70%, Санкт-Петербургте – 80%, ал Челябинскіде – 100% құраған" деп мәлімдеген. 2018 жылы WalkFreeFoundation қоғамдық ұйымының, сонымен бірге Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның дерегінше, әлемде 40,3 миллион азамат адам саудасымен байланысты жағдайға тап болған. Соның ішінде 794 мың адам Ресей аумағында тіркелген.

БАЛАЛАР САУДАСЫ МЕН ПОРНОИНДУСТРИЯ

"Қауіпсіз үй" (адам саудасы мен зорлық-зомбылыққа қарсы қайырымдылық қоры) жобаларына жетекшілік ететін психолог Вероника Антимониктің пікірінше, Ресейдегі балалар саудасының негізгі себебі балалардың қатысуымен жасалатын заңсыз іс-әрекеттер – жыныстық қызмет пен порноиндустрияға деген сұраныстың артуымен байланысты. Қылмыскерлер бұл лас бизнеске тартатын балалардың жас шамасы жыл өткен сайын төмендеп келеді.

2019 жылғы желтоқсанның соңында полиция қызметкерлері сегіз жастан асқан балалардың қатысуымен порно түсірген Киев облысының үш тұрғынын ұстаған. Бір айдан кейін Красноярскідегі балалар порностудиясы жабылды. Бұл екі оқиға бойынша порно түсіруді ұйымдастырушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бала саудасы әшкереленген жағдайда сәбиін сатпақ болған ата-ана да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Былтыр қарашаның соңында бір отбасымен келісіп, босанғаннан кейін баласын 150 мың рубльге бермек болған 22 жастағы Мәскеу тұрғыны ұсталды. Екі аптадан кейін "бала саудасы туралы келісімшарт жасаған" деген күдікпен Дағыстан тұрғындарының үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Антимониктің сөзінше, әдетте қиын жағдайдан қалай шығарын білмеген немесе репродуктивті құқықтары шектелген әйел баласын сату туралы шешім қабылдайды. Ресейде жасанды түсік жасатқысы келген әйелдер дәрігерлер мен психологтардан сын естіп, агрессияға тап болады. Олар әйелді жазғырып, баланың өмірін сақтап қалуға көндіруге тырысады. Нәтижесінде әйелдер өмірге әкелгісі келмеген, өзі асырай алмайтын баламен қалады.

"Әдетте балаларды "асырап алуға" беріп отырмын деген оймен сатады. Алайда "сатып алушының" шын пиғылы қандай екенін ешкім білмейді. Оларды жыныстық қызмет көрсетуге, қайыршылықпен айналысуға немесе дене мүшелерін, ағза тіні мен жасушаларын сату үшін пайдалануы мүмкін" дейді психолог.

Антимониктің пікірінше, бала саудасына қатысты жағдайды өзгертудің жалғыз жолы - халықты адам саудасы проблемасы жайлы хабардар ету керек. Жұмысты адам саудасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауға емес, сондай заңсыз іс-әрекеттің алдын алып, әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағыттаған жөн дейді психолог. "Ресейге әртүрлі құрылымдар мен ведомстволар арасында жауапкершілікті бөліп, жұмыс тәртібін реттей алатын адам саудасына қарсы заң қажет. Қазір бұл мәселемен тек коммерциялық емес ұйымдар, белсенділер мен бастамашыл топтар ғана айналысып жүр" дейді Антимоник.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Карина Меркурьеваның материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG