Азаттық радиосы

Латын қарпіне көшу қалай жүріп жатыр? Бұл бастама жайлы дәл қазір не белгілі? Түсіндіреміз

Асылхан МАМАШҰЛЫ

23 маусым, 2021

Қазақстанда қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бастама көтерілгелі бірнеше нұсқа ұсынылды. Латын графикасына толық көшу уақыты да өзгерді. Дәл қазір латын қарпіне көшу жұмысы қалай жүріп жатыр? Азаттық бұл бастама айналасындағы маңызды сұрақтарға қысқа-нұсқа жауап береді.

Алдымен латын графикасы бойынша қазіргі жағдайды барынша қысқаша түсіндірейік

2006 жылы елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы алғаш рет айтты. 2017 жылы Назарбаев үкіметке латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін дайындауды тапсырды. Басында латынға 2025 жылы көшу керек деген жоспар болған, кейін үкімет бұл процесс 2023-2031 жылдары жүретінін айтты. Дәл қазір ешқандай нұсқа ресми түрде бекітілген жоқ. Талқыланып жатқан нұсқада 31 әріп бар. Жалпы қоғамдық талқыға кемі төрт нұсқа шығарылып, кейбірі қоғам сынына ұшыраған соң бекімей қалған. Үкіметтің жоспары бойынша, латын графикасына тек қазақ мектептері көшеді. Мемлекеттік тілдегі құжаттар ғана латын қарпімен жазылады. Елде кириллица да қолданыла береді.

Енді латын қарпіне көшу шарасы жайлы толығырақ білгіңіз келсе, кеңірек баяндайық

Латын графикасына көшу бастамасы қашан көтерілді?

Латын графикасына өту туралы Қазақстан лингвистері 1992 жылдан айта бастады. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты 2000 жылдары зерттеу бастап, он жыл ішінде латын графикасын әзірледі. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы "ерте ме, кеш пе қазақ жазуы латын әліпбиіне көшуі қажет" деген еді. 2012 жылы желтоқсанда Назарбаев қазақ жазуын 2025 жылы латын қарпіне көшіруге дайындықты бастай беру туралы айтты.

Латын графикасына өту туралы шешім қашан қабылданды?

2017 жылы сәуірде Қазақстанның сол кездегі президенті Назарбаев "жыл соңына дейін латын әліпбиі нұсқасын қабылдап, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар мен мектеп оқулықтарын дайындауға кірісуіміз керек" деп мәлімдеді. Ол "іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар 2025 жылға қарай латын әліпбиі шыға бастауға тиіс" деген. Назарбаев тапсырмасынан соң қабылданған нұсқа қоғам сынына ұшырап, бекімей қалды.

Қазақстан латын графикасына қашан өтпек?

Латынға 2025 жылы көшу жоспары өзгерді. Латын графикасы бірнеше рет өзгергеннен кейін, 2021 жылы қаңтарда Қазақстан үкіметі жаңа әліпбиге көшу 2023 жылдан 2031 жылға дейінгі аралықта жүретінін хабарлады.

Латын графикасының қазіргі талқыланып жатқан нұсқасы қандай?

Дәл қазір латынға негізделген қазақ әліпбиінің нақты бір нұсқасы ресми түрде бекітілген жоқ.

2021 жылы Қазақстан үкіметі жанынан құрылған Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия латын графикасының жаңа нұсқасын ұсынды. Бұл нұсқада 31 әріп бар. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль (Ç), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Бұл жолы әліпби "бір дыбыс – бір әріп" принципі бойынша жасалды. Кейіннен лингвистер "ұ" әрпін латынша "u" таңбасымен емес, "ū"таңбасымен жазуды ұсынып, жаңа әліпбиге қосылды. Бұрын Nursultan деп жазылса, жаңа өзгерістен кейін Nūrsūltan деп жазылатын болды. 2021 жылы 22 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің кейбір мәселелері туралы" жарлығымен графикасының жаңа нұсқасы талқыға шықты. Бұл нұсқада 2021 жылы қаңтарда үкімет ұсынған үлгіге өзгеріс енгізілген. Бұрынғы нұсқада "Ң" әрпі – "Ƞ" болып таңбаланса, кейінгі нұсқасында "Ñ" таңбасымен берілген.

2021 жылы сәуірде талқылауға ұсынылған нұсқа

Латын графикасының қанша нұсқасы талқыланды?

Елде латын қарпіне көшу туралы шешім қабылданған соң бірнеше нұсқа ұсынылып, жұрт арасында қызу талқыланды. Көбі сарапшылар мен халық арасында сынға ұшыраған соң бекімеді. Сонымен қандай нұсқалар болып еді?

*Диграф нұсқа

2017 жылы 11 қыркүйекте латын графикасының ешбір қосымша белгілерсіз 26 таңбадан тұратын алғашқы нұсқасы парламентте таныстырылды. Диграф (қосарланған таңба) әліпби деп аталған бұл нұсқада қазақ тілінің 8 төл дыбысы кейде екі, кейде үш әріппен жазылды. Мысалы, сәбіз деген сөз "saebiz" деп жазылып, "ә" осылай "ае" әріптерімен берілді.

Диграф нұсқа

Қоғамда сынға ұшыраған бұл нұсқаны Тіл білімі институты зерттеушілері "биліктің нұсқауымен үш-төрт күнде жасалғанын" айтты. Назарбаев бұл нұсқа парламентке таныстырылмай тұрғанда "ешқандай қосымша белгілерсіз әліпби жасауды" ұсынған. Сын күшейген соң бұл нұсқа ресми түрде бекіген жоқ.

*Апостроф нұсқа

2017 жылы 27 қазанда Назарбаев қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекіту туралы жарлық шығарды. Бұл нұсқада қазақ тілінің төл дыбыстары апострофпен белгіленді.

Небәрі екі аптадан кейін Назарбаевтың "Жылдар мен ойлар" деп аталатын кітабы апострофты латын графикасымен жарыққа шықты. Ресми баспасөз осы нұсқамен түрлі мақалалар үлгісін жариялай бастады. Мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да осы нұсқамен жазулар іліне бастады.

Апостроф нұсқа

Латын әліпбиінің бұл нұсқасына да сын көбейді. Билік "әлі де жетілдірілетін нұсқа" деп ақталды. Саясаттанушылар "бұл – латын әліпбиіне көшуді бастау үшін қабылданған саяси шешім" деп санады.

*Акут нұсқа

2018 жылы 19 ақпанда Назарбаев латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Бұл жолы бұрынғы нұсқаға өзгеріс енгізді. Бұл нұсқада қазақ тілінің төл дыбыстары әріп үстіне қысқа таяқша (диакритикалық таңба) қойылды (ғылыми тілде акут деп аталады), тағы бірнеше әріп апастрофпен белгіленді.

Жаңа нұсқада қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар әріп үстіне қысқа таяқша қою арқылы берілген. Бұл нұсқа да қоғам сынынан соң қолданысқа енбеді.

Акут нұсқа

Өзге тілдегі мектептер де латын графикасына көше ме?

Латын графикасына қазақ мектептері ғана көшеді. Назарбаев президент болып тұрғанда латын әліпбиіне көшу "орыс тілді азаматтардың, орыс тілі мен басқа да тілдердің құқығына" тимейтінін бірнеше рет қайталады.

Латын графикасы енгізілсе қазіргі кириллица қолданыла бере ме?

Қолданыла береді. Латын графикасына қазақ мектептері мен мемлекеттік тілдегі іс-қағаздары ғана көшеді. Қалған тілдер өздері қалаған әліпбимен жаза береді.

Ересектерге жаңа әліпбиді үйренуіне қандай жағдай жасалады?

Нақты белгісіз. Билік бұған қатысты нақты жоспар жариялаған жоқ. 2018 жылы 14 қарашада қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиімен алғашқы жалпыхалықтық диктант өткен еді. Билік мұны латын графикасына халықты дағдыландару деп түсіндірді.

Латын графикасы қолданысқа енгізілгенде жазу емлесі өзгере ме?

Жазу емлесі көп өзгереді, алайда бұрынғы емле де ішінара сақталады. Лингвистер арасында латын графикасындағы таңбалар мен емле жөнінде ғылыми пікірталас әлі жүріп жатыр. Ұсынылған қазіргі нұсқаның кей таңбаларын қолдамайтын зерттеушілер қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау үшін емле ережесін түбегейлі өзгерту керек деп санайды. Олар қазіргі кириллица емлесімен "жу, су, ми" деп жазылатын сөздерді "жұу, сұу, мый" деп жазуды ұсынады және "кириллица емлесіне, орысша дыбыстарға үйренген бүгінгі қазақ социумын қазақ тілінің табиғи қалпына жетелеу қажет" деп санайды. Мамандардың пікірінше, қазір қазақ "ырас, ырза, ылақ, құлұн, сұу, жыйна" деп емес, "рас, лақ, құлын, су, жина" деп сөйлейді, бұл – тілді бұзу. Ғалымдар қазіргі латын графикасының нұсқасы да кириллицаның тілді бұзатын осы емлесін сақтап қалады деп қауіптенеді.

Латын графикасы өзгерген соң маңдайшадағы атауын қайта жазған Алматыдағы асхананың бірі.
Латын графикасы өзгерген соң маңдайшадағы атауын қайта жазған Алматыдағы асхананың бірі.

Ал қазіргі талқыдағы әліпби нұсқасын қолдайтын лингвистердің сөзінше, латын графикасымен емле жасағанда тіл білімінің барлық саласының қағидасы ескерілген. Олардың айтуынша, "жұу", "сұу" деген сөздерге қосымша жалғанғанда сөз ұзарады, тілдің ықшамдалу әлеуетін пайдалану керек деп есептейді.

Қазақстанға латын графикасы не үшін керек?

Латын графикасына өтуді Қазақстан билігі қазіргі заманғы технологияға ілесу деп түсіндірді. Саясаттанушылар Ресей ықпалын азайту деп санайды. Лингвистер совет өкіметі кезінде орыс тілінің ықпалына қатты ұшыраған қазақ тілінің табиғи дыбыстарын қалпына келтіру деп есептеді. Батыс басылымдары Қазақстанның латын әліпбиіне көшу бастамасын "Ресейден іргесін аулақ салу" деп бағалаған.

Теңгедегі латын графикасы

Қоғамда латын графикасына көшуге қатысты пікірталас та бар. Бір топ бұл бастаманы қолдаса, екінші топ кириллицада қала беріп, латынға көшуге кететін қаржыны әлеуметтік салаға жұмсау керек деп санайды.