Accessibility links

"Жоғары мәртебелі, Владимир Путин мырза". Астанада Ресей президентін қалай қарсы алды?


Ресей президентін Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 27 қараша 2024 жыл.
Ресей президентін Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 27 қараша 2024 жыл.

Мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстан билігі Астана әуежайы мен президент резиденциясында сән-салтанатпен қарсы алды. Әлеуметтік желіде "даңғазалықты" сынады. Ал Путин "жылы қабылдау" үшін алғыс айтты. Көкшетауда Путиннің сапарына қарсылық білдірген белсенділерді полицияның ұстап босатқаны хабарланды.

"ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ...."

Ресей президенті келетін күні Астанада "Жоғары мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!" деген қазақ және орыс тілдерінде жазылған үлкен баннер ілініп тұрды. Қаланың кейбір бөліктерінде Ресей туы түстес шамдар жанса, аспанда ұшақтар ақ, көк, қызыл түсті жолақ қалдырып ұшып жатты. 27 қарашада Астанада Ресей басшысы Владимир Путинді осылай қарсы алды.

Ресей президенті Астанаға келетін күні әуеде Ресей туын елестетін үш түсті жолақ қалдырған ұшақтар ұшып жатты. 27 қараша 2024 жыл.
Ресей президенті Астанаға келетін күні әуеде Ресей туын елестетін үш түсті жолақ қалдырған ұшақтар ұшып жатты. 27 қараша 2024 жыл.

Әлеуметтік желіде мұны сынағандар көп болды. "Жөнсіз тырбанған екен" деп жазды Facebook-та Астана көшелеріндегі Ресей туларын суретке түсірген қала тұрғыны. "Жоғары мәртебелі" деген сөз кейбір қолданушылардың шамына тиді.

Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев telegram-арнасында Путин "мемлекеттік сапармен келгендіктен оны осыншама салтанатпен қарсы алып жатыр" деп түсіндіріп, "жоғары мәртебелі" тіркесі шет мемлекеттің жоғары лауазымды өкіліне қатысты қолданылатын қалыпты тіркес екенін жазды.

Ал саясаттанушы Димаш Әлжанов бұған қайшы пікір айтты.

"Путиннің беделі тым қатты түсіп кетті. Ақорда оны қалпына келтіру үшін, Кремльге және жеке Путинге жағу үшін бәрін жасады. Мемлекеттік сапарлар шынымен де өте салтанатты болады, алайда ["жоғары мәртебелі" деген сөзі бар] билборд ілу – дипломатиялық этикет оған рұқсат беретін шығар, бірақ хат алмасуда немесе ресми кездесулер кезінде және басқа да шаралар кезінде [Қазақстанда] шақырылған адамның мәртебесін ерекше атап өту үшін жасалады" деді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

ПУТИН МЕН ТОҚАЕВ НЕНІ ТАЛҚЫЛАДЫ?

27 қарашада кешке Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Астана әуежайында оны Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Ресми ақпаратқа қарағанда, әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеген. Ақорда таратқан суретте аспанда Ресей жалауының түсі түстес жолақ қалдырған әскери ұшақтар ұшып жүргені көрінді.

“Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды” деп жазылған ресми хабарламада.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алған сәті. Астана, 27 қараша 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алған сәті. Астана, 27 қараша 2024 жыл.

Әуежайдағы салтанатты рәсім кейін президент резиденциясында жалғасты.

Ақорданың хабарлауынша, салтанатты рәсімнен кейін Тоқаев пен Путин шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген. Онда Тоқаев Қазақстан "осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта бұл бағыттан айнымайтынын" тағы қайталаған.

Тоқаевтың сөзінше, бүгін "тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымықтастықты одан әрі дамытуға серпін беретін" "20 келісімнен тұратын" құжаттар қабылданады.

Ақорданың жазуынша, Ресей басшысы Владимир Путин "ерекше сый құрмет үшін" Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, оны жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуге шақырған. Одан бөлек, Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға да шақырған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, тараптар келіссөз кезінде өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарын тасымалдау, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым, мәдени-гуманитарлық саладағы мәселелерді талқылаған.

Қазақстан мен Ресей жағы кеңейтілген құраммен келіссөз жүргізіп отыр. Астана, 27 қараша 2024 жыл.
Қазақстан мен Ресей жағы кеңейтілген құраммен келіссөз жүргізіп отыр. Астана, 27 қараша 2024 жыл.

Ертең, 28 қарашада Астанада ҰҚШҰ саммиті өтеді. Бұған дейін Ресей аумағына Батыс қаруымен соққы жасалғаннан кейін кейбір БАҚ Ресей ҰҚШҰ бойынша одақтастарынан әскери көмек сұрауы мүмкін деген болжам жасаған еді. ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында "Ресей ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған жоқ" деп мәлімдеген.

"Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында көмек, оның ішінде әскери көмек те бар, қатысушы-мемлекеттің өтінішімен беріледі. Мұндай норма іс жүзінде орындалғанын өздеріңіз білесіздер. Қазіргі кезде Ресейден мұндай өтініш түскен жоқ" деген Тасмағамбетов.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҰСТАЛУЫ

Астанада Ресей президентін "ерекше сән-салтанатпен" қарсы алып жатқанда Көкшетауда бірнеше белсенді әскери қылмыс жасады деген күдікке ілініп, Халықаралық қылмыстық сот тұтқындауға ордер берген Ресей басшысының Қазақстанға келуіне қарсылық білдірді. Олардың акциясы туралы ақпаратты "Белсенділер экстремист емес тобы" да жариялады. Топ өкілдерінің сөзінше, полиция Қазақстан мен Украина туын көтерген азаматтық белсенділер Марат Жанұзақов, Бауыржан Балташев, Уәлихан Нығметовті ұстаған. Сәлден соң босатқан. Топтың хабарлауынша, белсенділерге "ұсақ бұзақылық жасады" және "былапыт сөз айтты" деген айып тағылып, хаттама толтырылған. 28 қарашада таңертең соты өтеді.

Путиннің Қазақстанға 35-сапары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы шиеленісіп тұрған шақта өтіп жатыр. Украина аумағына тұрақты түрде бомба тастап, зымыран және дрондармен шабуылдайтын Мәскеу 21 қараша күні алғаш рет орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық зымыранмен соққы жасады. Ресейдің мәлімдеуінше, Украинада сыналған гипердыбыстық "Орешник" зымыраны ядролық бомба тасымалдай алады. Путин мұны Украинаға АҚШ және британдық зымырандармен Ресей жерін атқылауға берген рұқсатқа қарымта соққы деп атады. Батыс сарапшылары Мәскеудің Днепр қаласына жасаған бұл шабуылын Киев пен оған қару жеткізуші АҚШ және Еуропа елдерін қорқытып-үркіту әрекеті деп бағалады.

Ресейдің одақтасы Қазақстан Украинаға басқыншылықты айыптаған жоқ, құптаған да жоқ. Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның облыстарын Ресей жері деп мойындаған жоқ. Қазақстан билігі көпвекторлы сыртқы саясат туралы жиі айтады. Бірақ Қазақстан екі ірі көрші Қытай және Ресеймен интеграциялық саяси бірлестіктерге мүше және экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді. Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы былтыр 28,5 млрд доллардан асқан. Екі жақ оның көлемін алдағы уақытта 30 млрд долларға дейін жеткізетінін айтты. Ақорданың жазуынша, Ресейдің Қазақстанн экономикасына құйған инвестиция көлемі 13 млрд долларға жеткен. Қазақстанда ресейлік компания қатысқан 23 мың кәсіпорын бар деп айтылады.

XS
SM
MD
LG