"БАСҚЫНШЫМЕН ӘРІПТЕС БОЛУДАН БАС ТАРТТЫМ"
Украинаның шығысында өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" сепаратистік құрылымы күштері алғашқылардың бірі болып Мелитополь қаласының мэрі Иван Федоровты тұтқындады. Ресей беренді техникасы бұл қалаға соғыс басталған күннің ертесіне, яғни 25 ақпанда кірді. Федоров басқыншылармен әріптестік орнатудан бас тартқан.
"Мэр қала тұрғындары жиналған орталық алаңға шығып: "Құрметті халайық, біз Ресейге қосыламыз" деуі керек екен. Қысқа қайыратын болсам, олар осындай әріптестікке мүдделі болды. Әрине, санасы бар мэрлердің ешбірі бұған келіспеді. Біз Украина заңдары бойынша сайландық. Бастысы, тұрғындарымыз Ресейге қосылғысы келмейді, бұл бізге де жиіркенішті" дейді Федоров "Настоящее время" басылымына.
11 наурызда Ресей әскері Мелитополь мэрін басына қап кигізіп, жұмыс орнынан алып кеткен. Наурыздың ортасында оны Ресей Украина күштері тұтқындаған тоғыз сарбазына айырбастады. Федоров тұтқында болған кезде өзін ұрып-соқпағанын, бірақ психологиялық қысым көргенін айтады.
"Тұтқында өзіңді қалай ұстаудың ережесі бар, – дейді Иван Федоров. – Тұтқыннан неғұрлым тезірек шыққың келсе бәріне дерлік келісе беруің керек. Сондықтан ұсыныстарының 99% пайызынан бас тарттым. Ал сұраған құжаттарына қол қойып бердім, өйткені олар заңға мүлде қайшы әрі Украина заңдарына еш қатысы жоқ еді".
Қазір мэр Федоров Ресей басып алған Мелитополь қаласын Запорожьеден басқарады. Еуропадағы ең ірі электр станциясы орналасқан Энергодар қаласының басшысы да ресми қызметін сол жерден атқарып отыр.
Мыңдаған бейбіт тұрғын Энергодар қаласына кіреберісте Ресей техникасының жолын бөгеген. Бірақ 4 наурызда әскерилер блок бекетті бұзып, қалаға кірген. Энергодар мэрі Дмитрий Орлов екі айға жуық уақыт бойы қаладан шықпаған. Басқыншылардың қоқан-лоқы көрсеткеніне қарамастан, олармен әріптестік орнатудан бас тартқан.
"Бір – бір жарым ай бойы олармен күнде сөйлесуге тура келді, – дейді Орлов. – Маған шарт қойды, міндет жүктеді, "бір шешімге келетін уақыт жеткенін" үнемі айтумен болды. Бұл жер Ресейдің бір бөлігіне айналғанын, осында мәңгіге қалатынын, ешқайда кетпейтінін түсіндіруге тырысты. Олар менің ұстанымымды түсінді. Соған қарамастан оларға: "Украинаны қолдаймын, ант бергенмін, оны бұзатын ойым жоқ" дедім".
Орлов басқыншылар қолына түскен қаладан шығып үлгерген. Ал наурыздың аяғында Ресей әскерилері оның орынбасары Иван Самойдюкті блок бекеттен ұрлап әкетті. Ол бұл жайлы телефонмен хабарлап үлгерген. Содан кейін онымен байланыс үзілген.
"Оккупанттар оны айырбастағысы да, оны ұстап отырғанын айтқысы да келмейді, – дейді Дмитрий Орлов. – Ал өздері оның тұрған жеріне кіріп алған".
РЕСЕЙ ӘСКЕРІ УКРАИНА САЯСАТКЕРЛЕРІНІҢ ТУЫСТАРЫН ҚАЛАЙ ҰСТАП ЖАТЫР?
Ресей әскерилері жергілікті шенеуніктердің туыстарын да тұтқындап жатыр. Солардың бірі – Приморск мэрі Александр Кошелевичтің әкесі. Кошелевич басқыншылармен кездесуден қашқақтаған. Содан соң басқыншылар оның әкесін үйінде отырған жерінен алып кеткен. Әкесін тұтқынға алғанын білген Александр бірден Ресейдің блок бекетіне барған. Сол жерде өзін әкесіне айырбастаған.
"Басыма қап кигізді, – дейді Александр Кошелевич. – Оның үстінен көзімді байлады да, жергілікті полиция бөлімшесіне апарды. Әріптестік орнатуға көндірмек болды. Бұл жерде Украина болмайтынын, орыстар мәңгі қалатынын бірнеше рет айтты. Міне, "Оппозициялық платформа – Өмір үшін" партиясы, сонымен әріптестік орнатуға міндеттісің деді. Қызметімді сақтап қалуға мүмкіндік беріп тұрғанын айтты. Ресеймен тікелей жұмыс істегің келмесе, соларға қосылып, бірақ Украинаға қызмет етіп жүрмін деп айтуыма болады деді. Әртүрлі жол ұсынды. Оның ешбірін қабылдай алмайтынымды, келіспейтінімді түсіндім. Әйтпесе өзімді сатқын сезінер едім. Ал ондай сезімнен өмір бойы құтылмайтын едім".
Ресей әскерінің Украинадағы дүкендерді тонауы. 3 наурыз 2022 ж.
Ертеңіне Кошелевичті босатып, мұның ақырғы кездесу емес екенін ескерткен. Сосын ол басқыншылар қолындағы Приморск қаласынан кетіп қалған. Александрға отбасымен бірге Ресей күштері қойған блок бекеттердің бәрінен өтіп кетудің сәті түскен.
Ал Запорожье ауданы басшысының ұлы Украина бақылауындағы аймаққа өте алмаған. 8 сәуірде Ресей күштерінің қолындағы Мелитополь қаласынан тұрғындарды эвакуациялау кезінде 16 жастағы Владислав Бурякты блок бекеттен ұстап әкеткен. Ол екі әйел және балалармен бірге көлікте кетіп бара жатқан еді.
"Сарбаз әйелмен сөйлесіп жатқанда, Влад артқы орындықта телефонына қарап отырған, – дейді Запорожье ауданы әкімі Олег Буряк. – Сарбаз оған назар аударып, "Мені түсіріп жатырсың ба?" деп сұраған".
Әскери қызметкер Владиславтың телефонын тартып алып, одан Ресей тұтқындарының видеосын көреді. 16 жастағы Владтың Ресей әскерінің тұтқынында отырғанына айдан асты. Осы уақытта ол анасына төрт рет, әкесіне төрт рет хабарласқан.
Мелитополь мэрі Иван Федоров кемінде елу әріптесін Ресей әскері тұтқынға алғаны жайлы дерек келтіреді. Олардың арасында қала мэрі, орынбасарлары, жергілікті кеңес депутаттары бар. Олардың үшеуін өлтірген. Жуырда Запорожье облысы Токмак қаласының мэрі Игорь Котелевский қаза тапты. Өлім себебі жайлы ресми дерек айтылмады. Токмак басқыншылар қолына түскен соң Котелевский лауазымынан бас тартып, қалада қалған. Ресей әскері оған бірнеше рет қысым көрсеткен.
Ресей Украинаға басқыншылық соғыс жүргізіп жатқанын мойындамайды. Олар мұны Украинаны "қарусыздандыру және денацифакциялау" мақсатында жүргізіп жатқан "арнайы әскери операция" деп атайды. Бірақ Ресей күштері басып алған қалалардағы оқиғалар олардың көздегені бұл айтылғаннан мүлде басқаша екенін көрсетеді: Ресей әскері басып алған елдімекендегі Украина туын алып тастайды. Ал олар тұтқындаған Украина саясаткерлерінің орнына әскери коменданттар шешім қабылдайды.
ПІКІРЛЕР