Ұлыбритания үкіметі осы елдің Солсбери қаласында тұрып келген бұрынғы ГРУ агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальге у беріп қастандық жасаған екі күдікті туралы мәлімет жариялап, оларды "ресейлік арнайы қызмет агенттері" деп сипаттады.
5 қыркүйекте парламентте сөйлеген Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй қастандық жасаушылардың Ресей билігінің тапсырмасын орындағанын айтты.
Ресми ақпаратқа сәйкес күдікті ресейлік азаматтардың аты-жөндері Александр Петров және Руслан Боширов. Полиция олардың жас шамасы 40-та екенін, жалған құжатпен келіп-кеткенін мәлімдеді. Тексеру мәліметіне сәйкес, 2 наурыз күні олар "Аэрофлот" рейсімен Лондондағы Гэтвик әуежайына ұшып келіп, Скрипальдар уланған 4 наурыз күні Ресейге қайтқан.