Accessibility links

Батыстың Путин арынын тежеу саясаты


Айырым белгілерін алып тастап, жүздерін жасырып алған қарулы ресейлік әскерилер. Қырым, 1 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)
Айырым белгілерін алып тастап, жүздерін жасырып алған қарулы ресейлік әскерилер. Қырым, 1 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Батыс елдерінің Еуропаға Ресейден төнетін қауіп-қатерді тежеуге бағытталған стратегиясы Мәскеудің шамына тиеді. Кейбір сарапшылар Кремль өз мақсатына жету үшін кез-келген құралды пайдалануға тырысатынын айтады.

Шындықты кейде Кремльдің ресми өкілі де айтып қалуы мүмкін. Осы аптадағы сөйлеген сөздерінің бірінде Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарова солтүстік альянсқа мүше алты елдің (Болгария, Польша, Румыния, Эстония, Латвия және Литва) территориясына НАТО-ның әуе, теңіз және құрлық әскери күштерін орналастыру жөніндегі жоспары – Ресейді «тежеу» стратегиясының бірі бөлігі деп мәлімдеді. Бұдан артық дөп басып айта алмассың. Ресей Қырымды өзіне қосып алып, Донбаста соғыс бастамағанда және Балтық елдеріне қыр көрсете бермегенде бұлай болмас еді.

НАТО-ның бұл жоспарына қосымша, АҚШ Еуропа қорғанысына арналған бюджетін төрт есе көбейтіп, оны 3,4 миллиард долларға дейін жеткізді. АҚШ енді Еуропаға 3 мың адамнан тұратын бригада аттандырып, оның жекелеген бөлімшелерін Балтық бойы елдерінде шоғырландыруды жоспарлап отыр.

Ал өз кезегінде Ұлыбритания Атлант мұхиты, Солтүстік, Балтық және Жерорта теңіздеріне бес кеме жібермек. НАТО-ның жоғары шенді өкілдерінің бірі альянс жоспарына қатысты Reuters агенттігіне комментарийінде: «Бұл жай ғана болатын күн күркіреуі емес. Бұл – климаттың ауысуы, сондықтан біз ұзаққа созылатын сыңайы бар қолайсыз ауа-райына дайын болуымыз керек», - деп айтқан.

Эстония әуе кеңістігіндегі НАТО әскери ұшақтары. 4 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Эстония әуе кеңістігіндегі НАТО әскери ұшақтары. 4 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

НАТО-ның Еуропада әскер орналастыру жоспары Балтық бойы елдерінде Ресейдің «сыпайы немесе жасыл адамдары» пайда болып, гибрид соғыс өрті тұтатануы мүмкін деген қауіппен альянстың шығыс шебіндегі әлсіз тұстарын нығайтуға қарқынды түрде кіріскенін байқатады.

АҚШ армиясының Еуропадағы бөлімдері қолбасшысы генерал-лейтенант Бен Ходжс Беларусь пен Ресейдің Калининград облысына таяу Польша-Литва шекарасы бойымен өтетін 100 километрлік «Сувалки сызығының» да осал екенін көрсеткен. Атлантикалық кеңестің зерттеушісі әрі «Поверх преступлений: Новая Российская империя» кітабының авторы Агина Григас: «Жау әскері Сувалки қаласы мен Литваның онымен шекаралас территорияларын басып алған жағдайда, Балтық бойындағы үш мемлекет пен НАТО-ға мүше қалған елдердің арасы кесіліп қалады. Сарапшылар маңызы жағынан Сувалки НАТО «қырғи-қабақ соғыс» жылдары Совет одағының гипотетикалық шабуылдарына қарсы дайындалған кездегі Германияның Фульд дәлізіне ұқсас екенін айтады» деп жазады.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистердің танкілері. Донецк маңы, 14 қыркүйек 2015 жыл.
Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистердің танкілері. Донецк маңы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

НАТО-ның осы аптадағы шешімдері альянсқа мүше елдердің біріне тікелей басқыншылық немесе гибридтік соғыс бастау сияқты Ресейден төнетін кез-келген қатерді нақты тежей алатын факторға айналуы мүмкін. Бірақ Мәскеуден Батыс елдеріне төнетін қатерлердің ішіндегі ең қауіптісі – батыс әлемінде орныққан либералдық тәртіпті бұзуға бағытталған «өркениетті» қатер. Ресей жөніндегі беделді сарапшылардың бірі, «Чатем-хаус» зерттеу орталығының сарапшысы Джеймс Шерр: «Ресей – Батыс елдеріне тікелей қатер төндіретін жау емес, бірақ Ресейдің Еуропадағы мүдделері мен еуропалық елдердің мүдделері арасында айырмашылық көп» деп жазады. Шеррдің пікірінше, Еуразия территориясында «нормативті қос жүйе» пайда болған: «Біріншісі – ережелер мен құқыққа, екіншісі тамыр-таныстыққа, бейресми байланыстар мен заңдарды биліктің ығына бағындыруға негізделген». Шерр Владимир Путиннің режимі «Еуропаның нормативті жүйесін қирату үшін бүкіл ықпалын пайдаланып отыр» деп санайды.

Кремль бұған қоса Ресейдің әлемдік экономикамен интеграциясын да батыс елдері институттарының беделін түсіруге шебер пайдаланып отыр. Ресей жаһандануды іс жүзінде өз қаруына айналдырған. Кремль бизнес саласындағы байланыстарды саяси қару ретінде пайдалану арқылы Батыста Мәскеуді қолдайтын лобби ұйымдастыра білді. Мәскеудің тағы бір қаруы – батыс элиталарын Кремльге тәуелді етіп ұстауға көмектесетін коррупциялық схемалар. 2012 жылғы «Чатем-хаус» есебінде Джеймс Грин былай деп көрсеткен: «Владимир Путин режимі, Ресейдің постсоветтік кеңістіктегі коррупциялық трансұлттық байланыстарын пайдалану арқылы, Ресейден тысқары жерлерде өзінің астыртын ықпалын кеңейтіп әрі өзін қолдайтын орта құрып алды».

Сонымен бірге, Кремль қару ретінде ұйымдасқан қылмысты да пайдаланады, оларға лас істерді орындатып алып, кейін өзі жауапкершіліктен оңай жалтарып кете алады, заңсыз операцияларды қаржыландырғанда да соларды жұмсайды.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Ақиқат министрлігі» мекемесінің ғимараты.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Ақиқат министрлігі» мекемесінің ғимараты.

Ресейдегі ұйымдасқан қылмыс мәселелері жөніндегі сарапшы, Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти «Владимир Путин билігіндегі Ресей – мафиоздық ел ғана емес, мемлекет бейнесіне енген мафия» деп санайды. Мәскеу батыстың ақпарат құралдарының беделін түсіру үшін киберкеңістікке қаптап шығатын тролльдер армиясын ұстайды, батыс сайттарына хакерлік шабуылдар жасау үшін интернетті де қару ретінде пайдаланады. Еуропа одағының тұтастығын бұзу үшін Кремль Франциядағы Марин Ле Пен басқаратын Ұлттық майдан сияқты экстремистік партияларды қолдап, қаржыландыру арқылы Еуропадағы кейбір саясаткерлерді де қолшоқпар етіп алған.

Ал ең бастысы – Кремль ақпаратты қаруға айналдырып, оның көмегімен Батыс жұртын шатастыруға, оның көкейінде күмән мен күдік, сенімсіздік ұялатуға тырысып отыр. Бұл – жалғыз НАТО ғана емес, Батыс елдері үкіметтері мен бүкіл Батыстың жұмыла қимылдауын талап ететін айқын қатер. «Еуропа Одағы өз мойнына НАТО-дан кем емес жауапкершілік алуы тиіс. Айқын байқалып отырған гибридтік қатердің бетін тойтару үшін әскери, қоғамдық, экономикалық және әкімшілік күштерді жұмылдыру қажет» дейді Джеймс Шерр.

Бұдан әрі Шерр: «Мемлекет күшімен ұйымдастырылған троллинг, қулық-сұмдық пен кибершабуылдар жағдайында тәуелсіз баспасөз өз-өзін қорғай алмайды. Коммерциялық пайда кейде ұлттық мүддемен ұштаса бермейтінін батыс бизнесмендерінің есіне салып тұру керек», - деп жазады.

XS
SM
MD
LG