Accessibility links

Freedom House: Интернеті еркін емес Қазақстанда билік сыншылары қудаланады


Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернеттегі шектеу мен цензураға наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернеттегі шектеу мен цензураға наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.

14 қазанда Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы "Интернеттегі еркіндік" (Freedom on the Net-2020) есебін жариялады. Ұйым биылғы есебінде де Қазақстанды "интернеті еркін емес ел" деп атады.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының есебінде 65 елдегі интернет еркіндігіне мониторинг жасап, "интернет қолдану кезіндегі кедергілер", "контенттерге шектеу", "қолданушылар құқығын бұзу" критерийлері бойынша бағалаған.

Қазақстан бұл есепте 100 баллдан 32 балл алып, "интернеті еркін емес ел" деп танылған.

Freedom on the Net - 2020. Әлемдегі интернет еркіндігі туралы карта.
Freedom on the Net - 2020. Әлемдегі интернет еркіндігі туралы карта.

Freedom House (FH) биылғы есебінде Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылар немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын, шабуылға ұшырайтын" елдер қатарына енгізген.

Freedom on the Net ұйымының 2020 жылғы есебі

Есеп 2019 жылдың маусымы мен 2020 жылдың мамыры аралығындағы деректер негізінде жасалған. 65 елдегі интернет жағдайы зерттеліп, әр елге 0-100 баллға дейін ұпай берілген: 100-75 ұпай – "интернеті еркін", 69-40 ұпай – "интернеті жартылай еркін", 39-0 ұпай – "интернеті еркін емес". Қазақстаннан бөлек, "интернеті еркін емес елдер" қатарында Қытай, Иран, Сирия, Вьетнам, Куба, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Египет, Өзбекстан, Венесуэла, БАӘ, Эфиопия, Бахрейн, Судан, Ресей, Түркия, Таиланд, Беларусь, Әзербайжан, Руанда бар.

Ұйым есебінде Қазақстанда "билікшіл тролльдер интернеттегі онлайн талқылауды қолдан ұйымдастыратыны", "ақпараттық және байланыс технологияларына әдейі кедергі келтірілетіні" айтылған.

Freedom House ұйымы есебінде "Қазақстанда билікті сынайтын ұйымдар мен адам құқығын қорғау ұйымдар техникалық шабуылға ұшырайтынын" да атап көрсеткен.

Есепте "әлемде үкіметтер пандемияны онлайн бақылауды күшейтуге, жеке деректерді жинауға, билікті сынайтын сөздерге цензура жасауға, қоғамды бақылайтын жаңа технологияларды жасауға қолданды" деп жазылған.

FH "індетті жеңу үшін жасанды интеллект және биометриялық бақылауды жылдам әрі бейберекет енгізу адам құқығына жаңа қауіп төндіріп жатқанын" атап өткен. Ұйым вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды анықтау және карантин шараларын сақтауды қадағалайтын ұялы телефон қосымшасы есепке енген 65 елдің 54-інде енгізілгеніне алаңдайды.

FH есебінше, билік өкілдері пандемияны сылтау етіп, өзіне жақпайтын ақпаратты бұғаттап, билік сыншыларын, этникалық және діни топтар өкілдерін қамаған.

"Кем дегенде 45 елде белсенділер, журналистер, қоғамның басқа да мүшелері пандемия жайлы интернеттегі сөздері үшін қамалған не қылмыстық іс ашылып, қудаланған. Кемінде 28 елдің билігі денсаулық саласындағы жемқорлық, жағымсыз статистиканы жариялаған сайттар мен әлеуметтік желідегі жазбаларды бұғаттаған" дейді ұйым.

Көктемде коронавирус індеті өршіп, әлем елдері карантин енгізіп жатқан тұста Құқық қорғаушыларды қорғау жөніндегі халықаралық обсерватория және Human Right Watch ұйымы Қазақстан билігі пандемияны өзін сынайтын белсенділер мен қарсыластарын қудалауға сылтау ретінде пайдаланып отырғанға ұқсайды" деп мәлімдеген.

Көктемдегі карантин кезінде Қазақстанда билікті сынаған белсенділер Әлнұр Ильяшев, Арман Шораев "жалған ақпарат таратты" деп айыпталды. Шораев босап шықты, сот Ильяшевтің бостандығын үш жылға шектеп, бес жылға қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салды.

Белсенді Даная Қалиева "билік өкілін қорлады", белсенді Ұлан Шәмшет пен блогер Геннадий Крестьянский "төтенше жағдай ережесін бұзды" деп істі болды.

"БИЛІК СЫНИ ПІКІР АЙТАТЫН АДАМДАРДЫҢ ҮНІН ӨШІРУГЕ КӨШКЕН"

Facebook әлеуметтік желісінде биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынаған посты үшін айыпты деп танылған белсенді Әлнұр Ильяшев Freedom House есебі жайлы Азаттыққа берген пікірінде "билік өзін сынағандардың үнін өшірудің жаңа әдісіне көшкенін" айтты.

– Билік былтыр, алдыңғы жылдары интернетті бұғаттап, өшіріп тастап келсе, қазір бұл тәжірибеден бас тартып, қылмыстық іс қозғау арқылы сыни пікір айтқан жекелеген азаматтардың үнін өшіруге көшкен. Осылайша билік әркіммен жеке-жеке жұмыс істеп отыр. Тіпті кей азаматтар қамауға алынбаса да, оларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынған. Мұның өзі бұл істердің саяси астары барын көрсетеді, – дейді белсенді.

Ақпараттардың рас я өтірігін тексеретін Factcheck.kz сайтының редакторы Думан Смақовтың пікірінше, Қазақстанда билік интернетте өзінің жағымды образын қалыптастыру мақсатында тролльдар көмегіне жүгінуді әлі де жалғастырып келе жатыр.

– Әсіресе саяси науқан кезінде, билікті сынағандардың, қарсы я жағымсыз пікір айтқандардың пост, парақшаларына боттар жұмылдырылады және сол арқылы қоғамдағы пікірді бақылауға тырысады. Мұны арнайы зерттеу барысында байқадық. Биліктің мұндай әрекеттері түрлі науқан кезінде, мемлекеттік бағдарламаны дәріптеуде немесе жолдауды талқылау кезінде анық көрінеді, – дейді ол.

Смақов Қазақстан Қылмыстық кодекстегі 274-бапты ("Жалған ақпарат тарату") таңдап қолданатынын, мемлекеттік медиаларға келгенде ол бап мүлдем қолданылмайтынын айтады.

"АҚПАРАТ АЛУ ҚИЫНДЫҒЫ" ҺӘМ "ЖЕКЕ БАС ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚОЛДЫ БОЛУЫ"

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова "пандемия Қазақстанның кез келген саласы үшін күрделі сынақ болды, көп сала бұл сынақтан өте алмады" деп санайды. Сарапшы Қазақстанда пандемия кезінде ақпараттың ашықтығы үлкен мәселеге айналғанын айтады.

– Журналистер тіпті президентке [Қасым-Жомарт Тоқаевқа] хат жазып, мемлекеттік органдардың ресми сауалдарға жауап бермейтінін, пандемия кезінде өте маңызды ақпаратты бермейтін, онлайн брифингтерге қоспайтынын, тілшілер ашық сот процесін бақылай алмайтынын айтқан. Бұған қоса билік органынан келетін спикерлерге сұрағын жеткізе алмаған, жеткізген күннің өзінде тұщымды жауап ала алмаған журналистер Орталық коммуникация қызметінің жұмысына да шағымданды, – дейді құқық қорғаушы.

Қазақстанда прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі сот шешімінсіз сайттарды бұғаттай алады. Елде жылына ондаған мың сайт бұғатталады.

Окремова пандемия кезеңінде Қазақстанда "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру", "Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" және "Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау", "Іскерлік беделге нұқсан келтіру" баптары белсенділерді қудалау үшін кеңінен қолданылғанын айтады.

Құқық қорғаушы Қазақстанда жыл сайын ондаған сайт бұғатталатынына, оның себебі түсіндірілмейтініне де баса назар аударады.

– Қазақстанда прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі сот шешімінсіз сайттарды бұғаттай алады. Қазақстанда жылына ондаған мың сайт бұғатталады. Мұндағы проблема – олардың не үшін бұғатталғаны әр кез түсіндірілмейді және оларды қайта ашу процедурасы да түсініксіз, – дейді маман.

Freedom House: Қазақстан – интернеті еркін емес ел
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00

Қазақстандағы кибершабуылдарды тексеруді талдау орталығының (ЦАРКА – Центр анализа расследования кибератак) жетекшісі Олжас Сатиев пандемия кезінде жеке бас мәліметтердің қолды болу фактілері көбейгенін айтады.

Мықты антивирус орнатылған мекемедегі компьютерден гөрі үйден жұмыс істеп отырған адамның жеке компьютерін бұзып кіру әлдеқайда жеңіл.

– Пандемия басталғалы барлық мекеме тез арада қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бұған қоса мемлекеттік қызмет те онлайнға көшті. Дәл сол 42500 теңге (биліктің карантин кезінде табыссыз қалғандарға әлеуметтік төлемі – ред.) көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін ешқайда бармай-ақ, бар мәліметті енгізіп, өтініш берді. Осы сәтте хакерлер белсенділігі артты. Мықты антивирус орнатылған мекемедегі компьютерден гөрі үйден жұмыс істеп отырған адамның жеке компьютерін бұзып кіру әлдеқайда жеңіл, – дейді сарапшы.

Freedom House есеп жүргізіп келе жатқан 2011 жылдан бері Қазақстан бірде-бір рет "интернеті еркін ел" деп аталған емес. 2014 жылға дейін Қазақстан "интернеті жартылай еркін ел" деп саналып келген. Ал 2015 жылы Қазақстанның көрсеткіші нашарлап, "интернеті еркін емес елдер" қатарына қосылған. Содан бері Қазақстан бұл тізімнен шыққан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG