Accessibility links

"Жоғары деңгейдегі салғырттық". Қазақстанның оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстарды қалай тоқтатуға болады?


Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс кезінде үйге түскен снарядты қазып алып, әкетіп бара жатқан саперлар. Арыс, Түркістан, 29 маусым 2019 жыл.
Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс кезінде үйге түскен снарядты қазып алып, әкетіп бара жатқан саперлар. Арыс, Түркістан, 29 маусым 2019 жыл.

Жамбыл облысындағы әскери бөлімшеде болған жарылысқа қорғаныс министрлігі басшылығы тікелей жауапты, ал өрттің шығуына кінәлі азаматтарды іздеудің еш мәні жоқ. Танымал әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр Қазақстандағы қару-жарақ қоймасында болған кезекті жарылыс жайлы осындай пікір білдірді. Азаттық сарапшымен сұхбат барысында "Кейінгі екі жылда екі бірдей жарылыс болуына не себеп?", "Ондаған адамның өмірін қиған апат қандай қателік салдарынан болған?", "Мұндай жағдай қайталанбау үшін не істеу керек?" деген сұрақтарға жауап табуға тырысты.

2019 жылы Арыстағы әскери қоймада снарядтар жарылып, жергілікті халық үйін тастап, жапа-тармағай қашты, апат салдарынан үш адам қаза болды. Қайғылы оқиғадан кейін билік өкілдері "болашақта мұндай апатқа жол бермейміз" деп уәде берген. 26 айдан кейін дәл осындай жарылыс Жамбыл облысында қайталанып, Арыстағыдан бірнеше есе көп адам мерт болды.

Ресми дерек бойынша, 26 тамызда болған жарылыс пен өрт салдарынан 15 адам көз жұмған. Олардың көбі – оқиға орнына жедел көмекке барған өрт сөндірушілер. Із-түзсіз жоғалған бір адамн әлі табылмай жатыр. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өткен 30 жылда мұндай оқиға кемінде сегізінші рет тіркеліп отыр. Арыстағы жарылыстан кейін қорғаныс министрі қызметінде қалған Нұрлан Ермекбаев бұл жолғы жарылыстан соң отставкаға кетті.

Нұрлан Ермекбаев: Отставкаға кетемін деп ұйғардым

Нұрлан Ермекбаев: Отставкаға кету туралы шешім қабылдадым
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Жарылыс болып жатқан қоймаға өрт сөндірушілерді жіберу дұрыс па? Қазақстанға мұнша көп снаряд қайдан келген? Жарылыс болған жерде қандай жұмыс жүргізілуі керек? Кінәлілерді іздеген дұрыс па? Оларды қайдан іздеген жөн? Ары қарай не істеу керек? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеп, ресейлік әскери сарапшы, "Новая газета" басылымының және АҚШ-тағы Jamestown Foundation сараптама орталығының әскери шолушысы Павел Фельгенгауэрмен сөйлесті.

СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ "ҮЛКЕН СОҒЫСЫ"

Азаттық: Екі жыл бұрын Арыстағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болғаннан кейін Қазақстан билігі мұндай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берген еді. Екі жылдан кейін Жамбыл облысында өрт болып, тағы да оқ-дәрі жарылды. Бұл нені білдіреді? Билік өкілдері неге сөзінде тұра алмады? Әлгіндей уәдені орындау мүмкін бе?

Павел Фельгенгауэр: Әрине, мүмкін. Бірақ бұл – ескі мәселе. Ол совет дәуірі аяқталып, Совет одағы құлағаннан кейін салмақты мәселеге айнала бастады. Өйткені СССР ірі соғысқа дайындалды.

1970-1980 жылдары Дэн Сяопин билігі тұсында Қытай АҚШ-тың әскери одақтасына айналды. Сондықтан СССР Қытай, АҚШ және НАТО елдеріне қарсы соғысқа дайындалды. Совет одағы қытайлар тарихта болмаған жүз миллион әскер шығаруы мүмкін деп қауіптенген. Сондықтан жүз миллион қытайдың әрқайсына бірнеше жәшік оқ-дәріден дайындаған.

Әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр.
Әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр.

Совет одағында оқ-дәрі өндірісі қарқынды жүрген, бірақ оларды жоюға арналған бағдарлама немесе нысандар болмаған. Оқ-дәрі қоры өздігінен, яғни, соғыста пайдаланылып, жойылады деген. Нәтижесінде 1940-1950 жылдары өндірілген оқ-дәрінің аса ірі қоры жиналған. Елдегі соғыс аймағы болуы мүмкін-ау деген өңірлерге, оның ішінде Қазақстанға ондаған миллион тонна оқ-дәрі шоғырланған. Қазақстан Қытайға қарсы соғыста Түркістан округінің бір бөлігі болады деп жоспарланған.

СССР тарағаннан кейін оқ-дәрі қорын қалай пайдалану керегі түсініксіз болды. Олар ашық аспан астында жатып, дұрыс сақталмады. Кей қоймаларда ғана өрт, жарылыс бола қалса, айналаға оқ-дәрі жарықшағы ұшпасын деп, ұзын бөгеттер салынған.

Украина, Әзербайжан, Ресей сияқты постсоветтік елдердің бәрінде дерлік оқ-дәрі қоймасында жарылыстар болды. Мемлекет апат салдарымен жұмыс істегенімен, оқ-дәрі қорын жоюға еш амал қолданбады. Әрине, бұл оқ-дәрінің бір бөлігі Ауғанстанда, Кавказда, Таулы Қарабақта, Шешенстанда болған соғыстарда пайдаланылды. Қазір Украинадағы Донбаста әскери іс-қимыл жалғасып жатыр. Ол жақта да Совет одағынан қалған оқ-дәрі қолданылады.

Бұған не істеуге болады? Ресейде оқ-дәріні жоюға арналған бағдарламалар болған. Бірақ бұл мәселеге 2010 жылдан кейін ғана мән беріп қарай бастады. Біріншіден, совет кезінен қалған ескі қоймаларды жауып, олардың орнына жаңа, қазіргі заманғы, айналасы бетонмен қоршалған нысандар салу керек. Сонда снарядтар жан-жаққа ұшып, адам мен малға зардабын тигізіп, үй-жайды қиратпайтын болады.

Жарылыс болған әскери бөлімге баратын жолды жауып тұрған әскери полиция мен әскери жүк мәшинелері, медициналық жедел жәрдем көлігі. Жамбыл облысы. 27 тамыз 2021 жыл.
Жарылыс болған әскери бөлімге баратын жолды жауып тұрған әскери полиция мен әскери жүк мәшинелері, медициналық жедел жәрдем көлігі. Жамбыл облысы. 27 тамыз 2021 жыл.

Оқ-дәрінің өте ірі қоры бар. Мысалы, теңізде әскери қақтығыс болған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін теңізде ешкім соғыспады. Сондықтан теңізде қолданатын оқ-дәріні мүлде пайдаланбаған. Арасында олар да жарылады. Бұл жарылыстардың бәрі бірдей теңіз жағасында бола бермейді. Мәскеу түбіндегі қоймада да жарылыс болған.

Ал Қазақстан ешкіммен соғысқан жоқ. Ресей соғысты, әлі де соғысып жатыр. Қазақстан өзін соғыстан аулақ ұстайды. Сондықтан оқ-дәрі мәселесі шешілмеген. Оларды далаға апарып, химиялық әдіспен жаруға болады, бірақ бұл қоршаған ортаға зиян. Ал Қазақстанның жақын арада соғысатын ойы жоқ. Демек, оқ-дәріні химиялық әдіспен жою керек. Әрине, қордағы заттардың құрамынан түсті металдар алуға болады. Бірақ бұған ақша мен осы бағытта жұмыс істейтін арнайы компаниялар керек. Совет одағында ондай компания болмаған, сондықтан постсоветтік елдерге оқ-дәріден басқа ешқандай мұра қалмаған.

Батыстағы жағдай әлдеқайда жеңіл: ол жақта қырғи-қабақ соғыс кезінде өндірілген оқ-дәрі қоры аз, оның өзі жойылған. Яғни, оқ-дәріні жою әдістері бар. Қазақстан технологиялар сатып алып, ақша құйып, көлемі шағын, жаңа, қазіргі заманғы қоймалар салуы керек. Ал ескі оқ-дәрі қорын жою қажет. Совет одағынан өте салмақты, улы әрі жарылғыш заттар әскери мұра болып қалған.

"ЖАРЫЛЫС БОЛҒАН ЖЕРДЕН АЛЫСҚА ҚАШУ КЕРЕК"

Азаттық: Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, жарылысқа дейін әскерилер "Жамбыл облысындағы қоймада тротил бар, ол жарылмайды" деп сендірген.

Павел Фельгенгауэр: Тротил жарылуы мүмкін, бірақ одан өрт шықпайды. Тротил – жарылғыш зат. Оны өртесе, түтін шыға бастайды. Ол – жақсы жанатын оқ-дәрі емес. Өрт кезінде оқ-дәрі жанса, ол жанындағы тринитротолуол затының жарылуына әсер етуі мүмкін. Мысалы, темекі тұқылын өшірмесе, оқ-дәрі жанып, ізінше снарядтар жарыла бастайды.

Ұлттық ұлан сарбаздары әскери бөлім қоймасы жарылғанда қаза тапқандар жатқан облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітхананы қоршап тұр. Тараз, 27 тамыз 2021 жыл.
Ұлттық ұлан сарбаздары әскери бөлім қоймасы жарылғанда қаза тапқандар жатқан облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітхананы қоршап тұр. Тараз, 27 тамыз 2021 жыл.

Азаттық: Кейінірек қорғаныс министрлігі әскери бөлімде "жарылмайтын" инженерлік оқ-дәрі қоры болғанын мәлімдеді.

Павел Фельгенгауэр: Кез келген нәрсе жарылуы мүмкін. Ұзақ сақталған жарылғыш заттар химиялық өзгеріске ұшырап, тұрақтылығын жоғалтады. Яғни, темекі тұқылынан өртеніп кетпесе де, жарылыстың түрлі себебі болуы мүмкін. Ал бір зат жарылса, басқалары да жарылады.

Азаттық: Интернеттен жарылыс болып жатқан кезде және одан кейін түсірілген кадрларды көрген шығарсыз. Суреттер мен видеоларға қарап, әскери бөлімшеде не жарылғанын жорамалдап айта аласыз ба?

Павел Фельгенгауэр: Оны нақты айта алмаймын. Әдетте мұны анықтау мүмкін емес, өйткені көбіне оқиға куәгерлері мен бұған кінәлі адамдар қайтыс болып кетеді. Чехияда біздікілер мина қойғанда, жарылыс болған [бұл жерде 2014 жылы Врбетице ауылындағы әскери қоймада болған жарылыс жайлы айтып отыр. Чехия бұл жарылысқа Ресей әскери барлау қызметі офицерлерінің қатысы барын мәлімдеген – ред.]. Сол үшін үлкен дау болды. Олар кішкене мина қойған, ары қарай бәрі өздігінен жарылып кеткен.

Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс болған сәт. 26 тамыз 2021 жыл.
Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс болған сәт. 26 тамыз 2021 жыл.

Бірақ көп жағдайда [жарылыс себебін] анықтау қиын, өйткені әдетте кінәлі адамдар мен оқиға куәгерлері тірі қалмайды. Бейнебақылау камералары да жойылып кетеді. Сондықтан зерттеу жүргізу қиын. Оның үстіне, нені зерттейді? Қазіргі заманғы қойма салу керегі ешқандай зерттеу жүргізбесе де түсінікті нәрсе. Бұл жұмыспен әскерге шақырылған жауынгерлер емес, осы саламен жақсы таныс, біліктілігі жоғары адамдар айналысуы керек.

Азаттық: Жарылыс болып жатқан жерге өрт сөндірушілерді жіберу дұрыс па?

Павел Фельгенгауэр: Әдетте мұндай апат кезінде алысқа барып, жарылыс аяқталғанын күту керек. Көп жағдайда беренді техника пайдаланылады. Бірақ кейде ол да көмектеспейді. Тіпті танкінің ішінде отырған адам да өліп кетуі мүмкін.

Өрт сөндірушілерді жіберу дұрыс болмады. Ең дұрыс әдіс – апат орнынан алысқа қашу. Жарылыс ерте ме, кеш пе, өзі аяқталады. Қосалқы өрт басталып, даланы жалын шарпыса, оны сөндіруге болады. Бірақ жарылыс ошағынан алыс тұру керек. Жарылыс аяқталмай ол жаққа бармаған жөн.

"Бәріміз қайғырып отырмыз". Жарылыстан соң жоғалған бір азамат әлі табылмады

"Бәріміз қайғырып отырмыз". Жарылыстан соң жоғалған бір азамат әлі табылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Азаттық: Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы жарылыс пен өрт себебін анықтау үшін зерттеу жүргізіп, тергеу шараларына қатысуы керек пе? Бұл жерде шенді тұлғалар бір-бірінің қылмысын жабуға тырысуы мүмкін деген қауіп бар ма?

Павел Фельгенгауэр: Солай болуы әбден мүмкін. Қазақстанда қалай екенін білмеймін. Әдетте комиссия құрылады, істі сол қарайды. Кейін тапсырмалар беріледі. Одан соң апат орнын жарылғыш заттан тазалайды. Бәрін мұқият қарап, жинап шығу керек. Бұл жұмыспен саперлар айналысады. Көбіне бұған бірнеше жыл уақыт кетеді. Бәрі өрт шалған аумақтың көлеміне, айналаға ұшқан жарылғыш заттардың саны мен түріне байланысты. Оқиға орнында жарылу қаупі жоғары заттар қалған болуы керек. Саперлар рұқсат бермейінше ол жаққа басқа адамдарға, оқиғаны зерттеушілерге баруға болмайды.

Азаттық: Қазақстанда оқ-дәрі қоймалары елдімекенге жақын орналасқан. Бұл Қазақстанға ғана тән құбылыс па, әлде мұндай жағдай басқа елдерде де кездесе ме?

Павел Фельгенгауэр: Совет одағында оқ-дәрі қоймаларын теміржолдың бойына салған. Өйткені қару-жарақ жүк пойыздарымен келген. Соғыс бола қалған жағдайда қару-жарақты майданға теміржол арқылы жеткізу жоспарланған. Қоймалар теміржолға жақын орналасып ғана қоймай, ол жерде станция да болуы керек. Ал станция болған жерде елдімекен де болады. Қойманы жазық далаға салудың еш мәні жоқ, ал қосымша теміржол салуға көп ақша керек.

Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери қойманың спутниктен түсірілген суреті.
Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери қойманың спутниктен түсірілген суреті.

Бастысы, қару-жарақ қоймасы жай ғана жаңбырдан қорғайтын бастырма немесе ұзын бөгет түрінде салынбай, бірнәрсе жарылса, бәрі ішінде қалатындай бетонмен қоршалуы керек. Сонда бір ғимараттағы жарылыс көрші нысанға өтпейді, өйткені олардың арасында бетон қабырға болады.

2010 жылдан бері Ресейде қазіргі заманғы қауіпсіз қоймалар салынып, қару-жарақ жойыла бастады. Бірақ бұл процесс әлі аяқталған жоқ. Қазақстанда мұндай бағдарлама бар ма, әлде бәрі тек қағаз жүзінде ғана ма, оны білмеймін. Қазіргі жағдайға қарағанда, елде шешілмеген мәселе көп сияқты.

Әлгінде айтқанымдай, ұзақ сақталып, ескіріп, тозған жарылғыш зат өздігінен жарылып кетуі мүмкін. Құрамындағы заттар бұзылып, ақау пайда болады. Оларды мәңгі сақтауға болмайды. Бұл қауіпті. Оқ-дәріні дер кезінде қоршаған ортаға қауіпсіз әдіспен жойып отыру керек.

Азаттық: Совет одағында жасалған оқ-дәріні қанша уақыт сақтауға болады?

Павел Фельгенгауэр: Нақты айта алмаймын, бірақ сақталу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Кейде қару-жарақ қолданыс кезінде жарылып кетеді. Ондай жағдайлар да болған.

"ДИВЕРСИЯ СЦЕНАРИІ" ЖАЙЛЫ

Азаттық: Жамбылдағы жарылыстың шығу себебі жайлы түрлі нұсқалар айтылып жатқанын, олардың арасында конспирологиялық теориялар да барын білетін шығарсыз. Мысалы, Orda.kz порталы АҚШ мемлекеттік департаментіндегі ақпарат көзіне сүйеніп, жарылыс болған күні Таразға Ауғанстаннан ұшып шыққан америкалық ұшақ қонып, жанармай құйдыруы керек болғанын жазды.

Кейінірек басылым бұл ақпаратты АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де растағанын хабарлады. Басылым редакторы "бір мемлекет" америкалық ұшақтың қонғанын қаламаған болуы мүмкін дегенді жоққа шығармай, Жамбылдағы апатты Чехияның Врбетице ауылында болған жарылыспен салыстырды. Диверсия сценариіне байланысты жорамалдарға не айтасыз?

Павел Фельгенгауэр: Бұл негізсіз жорамал деп ойлаймын. Америкалық ұшақ жарылыс орнынан алыс жерге қонбақ болған. Жарылыс ұшып-қону жолағына жетпес еді. Жеткен де жоқ. Жарылысты сырттан ұйымдастыру үшін күзеті бар әскери нысанға кіріп, миналарды қолға түсіру операциясын жүргізу керек. Бұған едәуір уақыт кетеді. Бірақ ондай уақыт болмады, себебі Кабулдағы эвакуация күтпеген жерден басталды.

Жарылыс болған оқ-дәрі қоймасынан ұшып, тұрғын үйге түскен снарядты қазып алып, сыртқа шығарған саперлар. Арыс, Түркістан, 29 маусым 2019 жыл.
Жарылыс болған оқ-дәрі қоймасынан ұшып, тұрғын үйге түскен снарядты қазып алып, сыртқа шығарған саперлар. Арыс, Түркістан, 29 маусым 2019 жыл.

Яғни, теориялық тұрғыдан алғанда мұндай жорамал жасауға болады, бірақ іс жүзінде неғайбыл. Әрине, мұны ИМ ("Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы – ред.) ұйымдастырды деп ойлауға болар еді. Бірақ бұл да екіталай. Өйткені оған дайындық, әскери нысанға кіретін адамдар, мина керек. Мұның бәрін істеуге болады, әрине, бірақ уақыт керек. Ал олар америкалық ұшақтың сол жерге қонатынын алдын-ала қалай біледі? Мұны бірнеше ай бұрын білу керек. Сондықтан әлгіндей сценаримен жасалған деуге келіңкіремейді.

Азаттық: Жақында ғана қызметінен кеткен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев апаттан кейін әскери бөлімдегі жарылысқа себеп болуы мүмкін бірнеше нұсқаны айтты. Оның сөзінше, жарылысқа қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, өздігінен шыққан өрт, химиялық реакция әсер еткен болуы мүмкін. Ол қасақана өрт қою немесе диверсия болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайтынын айтты.

Павел Фельгенгауэр: Ол құрғақ жауынды ғана ұмытып кетіпті. Ал былай Марс тұрғындарын қоспағаны болмаса, жарылысқа не себеп болуы ықтимал екенін түгел тізіп шыққан сияқты.

Әдетте мұндай жағдай жұмысқа салғырт қараудың салдарынан болады. Ең қарапайым себебі – осы. Мысалы, біреу бір заттың үстіне бірнәрсе құлатып алып, содан жарылыс басталуы мүмкін.

Бірақ апаттың басты себебі – Совет одағының әлі күнге көзі жойылмаған мұрасы. Бұл да – жоғары деңгейдегі салғырттықтың белгісі. Өйткені мемлекет 30 жылда Совет одағының мұрасы мәселесін шешуі керек еді.

Азаттық: Ермекбаев отставкаға кетуге өтініш беретінін мәлімдеді. Президент бұл өтінішті қабылдап, жаңа қорғаныс министрін тағайындады. Зерттеу аяқталмай тұрып, ведомство басшысын отставкаға жіберу дұрыс па?

Павел Фельгенгауэр: Бұл – қалыпты құбылыс. Ұлыбританияда да бір жағдай бола қалса, негізгі басшы жауап беріп, отставкаға кетеді деген принцип бар. Бірақ бұл болған оқиғаны түзете алмайды. Өйткені әлгінде айтқанымдай, салмақты іс-әрекет керек. Совет одағынан қалған жарылғыш мұраның мәселесін шешу үшін ақша, ниет және уақыт қажет.

Азаттық: Қорғаныс министрінің отставкаға кетуіне байланысты әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар наразы болып жатыр. Олар ведомствоны үш жыл басқарған адам болған оқиғаға жеке өзі жауап беруі керек деп есептейді. Көбі ашық зерттеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

Павел Фельгенгауэр: Оның [қорғаныс министрінің] жауапты екені – факт. Ал кінәліні анықтау деген не? Бір жауынгердің бірнәрсені құлатып алғаны немесе рұқсат етілмеген жерде темекі шеккені, содан жәшік жанып, оның аяғы өрт пен жарылысқа ұласқаны анықталса ше? Жақсы, осы фактілер белгілі болсын. Ал бұл нені білдіреді? Қоймадағы қару-жарақ нашар сақталғанын, нысанды әлдеқашан жауып, басқа ғимарат салу керегін білдіреді. Осының бәрі – министр мен қорғаныс министрлігін басқарып отырған тұлғалардың міндеті. Ал қандай да бір жауынгер немесе прапорщиктің кінәлі болғанынан ештеңе өзгермейді. Одан мәселе шешілмейді. Бұл – техникалық, әкімшілік, белгілі бір деңгейде саяси мәселе және бұған министр жауапты.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

Қазақстан тарихындағы оқ-дәрі жарылыстары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG